» » “Жалаңаштөбеден” Жалағашқа дейін

“Жалаңаштөбеден” Жалағашқа дейін

Қазақ даласында жер-су атаулары көп және олардың барлығының өзіне тән тарихы бар. Көшпенді өмір сүрген халқымыз баябан даладағы өзі жайлап-қыстаған жерлерінің киесі мен қасиетіне қатысты, жер бедерінің ерекшеліктеріне қарай және сол жерде орын алған тарихи оқиғаларға орайластырып атау беріп отырыпты. Сол атаулар күні бүгінге дейін өз маңызын жоғалтқан жоқ.
Шығысында үш аудан мен батысында үш ауданның қақ ортасында орналасқан Жалағаш атауының да ел аузында бірнеше тарихи нұсқасы айтылып жүр. Ауданымыздың солтүстік шығысында "Жалаңаш төбе" деген жер бар. Бұлай аталуына биік құмды төбеге ешқандай өсімдік, бұта өспейтіні себеп болса керек. Жалаңаш атауы аудан атына таңылып, кейін дыбыстық өзгерістерге ұшырауы салдарынан Жалағаш атанып кеткен деген әңгіме бар. Ал енді екінші бір нұсқада бүгінгі аудан орталығының орнында желегі саялы, аспанмен астасқан жалғыз ағаш өскен дейді. Бұл да уақыт өте келе қысқартуларға ұшырап, Жалағаш аталып кеткені айтылып жүр. Бірақ алдыңғы екеуіне қарағанда қисынға келетіні соңғы нұсқа секілді. Жалағаш ауданы құрылмай тұрып, ХІХ ғасырдың соңына қарай дария бойын жағалай Батыс пен Шығысты жалғайтын теміржол түседі. Ол кезде Сырдария өзенінің арнасы кең, ағысы да қатты. Өзен бойында қалың қопа қамыспен бірге Сыр талдары да көп өсіпті. Тамырын тереңге байламайтын бұл ағаш тез бой алып кеткенімен, мөлшерден тыс көтерілген ызадан немесе дүлей дауылдың әсерінен тамырынан қопарыла құлайды. Су бетіндегі ағаштың құшақ жетпейтін қалың дөңбек діңін дарияның арынды ағысы жағаға шығарып тау-тау етіп үйіп тастайды екен. Суда жатқан ағаштың қабығы аршылып, жалбырап жалданып кететіні белгілі және ол жолаушылап келе жатқан адамның көзіне мен мұндалап алыстан шалынады екен. Көлікте жүргенімен алыс жол адамды қажытады. Мұндайда кім де болса межелі жеріне жетуге асығады. Теміржолмен әрлі-берлі өткен паравоз жүргізушілері биіктен әлгі ағаштарды көргенде "Өзенге жақындадық, жал-жал ағаштар көрінді" деп қуанады екен. Сол жағада жатқан жал ағаштар кейін Жалағаш атауына ие болған деседі.
Міне, ауданымыздың атауына қатысты ел аузында қалған осындай бірнеше нұсқада айтылып жүрген әңгімелер бар. Алайда аудан атауына мұның қайсысының нақты телінгенін білмейміз. Ол әлі де зерттеуді, нақтылауды қажет етеді. Сондықтан көзі қарақты оқырмандар ауданымыздың атауына байланысты бұлардан басқа тарихи деректер білетін болса, газет бетіне жариялауға әзірміз. Өйткені бұл тек біз үшін ғана емес, келешек ұрпақ үшін де өте қажет. Әрбір жас жеткіншектің тарихи танымы өз өлкесінің өткенін білуімен толысады.
Бүгінде Жалағаш ауданының халқы 36,9 мың адамды құрап отыр. 18 елді мекен 15 ауылдық әкімшілік округке біріктірілген ауданымызда соңғы жылдары демографиялық өсім байқалады. Бала туу көрсеткіші жоғары. Мемлекеттің басты байлығы – халық. Бұл да ауданымыздағы экономикалық ахуалдың жақсы деңгейінің дәлелі. Өзге өңірлерде тұрып жатқан жалағаштықтардың да түп-тамыры өздерінің кіндік қаны тамған осы қасиетті топырақтан нәр тартып жатыр. Ендеше туған жерін қастерлейтін халқы барда Жалағаш ауданының атауына байланған тарихы көмескіленбейді, топырағына қонған киесі қашпайды, береке-бірлігі бұзылмайды, ынтымағы ыдырамайды, ырыс-құты ортаймайды.

Қуат АДИС
22 қазан 2019 ж. 480 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 766

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930