"МАҚПАЛКӨЛ"
Қазақ даласындағы жер-су атауларының әрбірінің түп тарихы бар. Тіпті кейбір ескі атаулар айтыла келе дыбыстық өзгеріске ұшырап, түбіріндегі мағынасынан айырылып қалған. Сол себепті көпшілік кейбір жерлерге таңылған тарихи атауларды түсінбей жатады. Қазақтың қанында бар әдет болған соң, сол түсініксіз жер-су атаулары көпшілік арасында қызу талқыға түсіп, қызылкеңірдек талас тудыратыны да бар. Иә, бүгінгі біздің танымдық мақаламызға арқау болған "Мақпалкөл" жайындағы аңыздың ел аузында түрлі нұсқасы жүр, алайда, әдепкі атауы сақталған. Біз газетіміздің алдағы сандарында өңіріміздегі жер-су атауларының шығу тарихы жайында қысқаша танымдық мақала беріп тұратын боламыз.
Хош, сонымен, осы күнгі Темірбек Жүргенов атындағы ауылдың бұрынғы атауы Мақпалкөл еді. Ауылдың "Мақпалкөл" аталуы хақында бүгінгі көнекөз қариялардың өзі бір байламға келе алмай жүр. Аңыз-әңгімелер тәпсірленіп тарихқа түспегенімен, сәл де болса шындыққа саятын қисыны болуы керек. Өйткені, тарихқа қиянат жасауға болмайды. Тарихқа жасалған қиянат – ата-бабаның аманатын орындамаумен бірдей.
Аталған ауылдың арқа жағында айнадай жарқыраған үлкен айдын көл бар. Ертеректе осы табандағы Шөмекейлер сол көлдің жағасын жайлапты. Алдияр Сарыбайдың Атан аталығынан шыққан Ыстанбек атты кісі Жаппас руының Мақпал есімді қызын сол көлдің жағасына келін қылып түсіріп, дүбірлетіп той жасапты. Мыңғырған мал айдаған Манап байдың қызы Мақпал анамыз да ақылына көркі сай, сыпайы сөзімен де, инабатты ісімен де дүйім жұртқа жаққан жан болыпты. Келісті келін көп өтпей өзінің ақыл-парасатымен болымды бәйбіше атанады. Сол ауылдың қыз-келіншегі Мақпал анамызға қарап бойын түзеп, "жақсыға ұқсап бағуға" тырысады екен. Ол кісі нәті әйел болса да, ел ішінің береке-бірлігін сақтап, қылаусыз ниетімен ауылына құт үйіріп отырыпты. Кейін қартайып, кемеліне келген шағында бүкіл елдің тілеуқор анасына айналыпты. Елдің ықыласы, ерекше құрметінің арқасында сол анамыз келін болып түскен көлдің аты кейін «Мақпалкөл» атанып кетіпті. Бертін келе көлдің іргесінен бой көтерген ауыл да осы көлдің атауын иеленген.
Қазір сол ауылда Өміртай есімді шежіреші абыз ақсақал тұрады. Сол кісі былтыр үйіне сәлем бере барғанымда көлдің бір жылдары тартылып қалғанын айтып қынжылып еді. Кеңес дәуірінде бір министрліктің тізгінін ұстаған есімі елімізге белгілі қоғам қайраткері Бабағұлов Қаһарман ағамыз да осы Мақпалкөлдің тумасы. Сол кісі екі мыңыншы жылдың басында ауылға бір келгенінде балалық шағы өткен "Мақпалкөлге" арнайы барыпты. Көл орнында жоқ, құрғап қалған. Баяғыдай жағасындағы жыңғылын жел сыңсытып, жарқырап жатқан айдынды көремін деп барған ағамыз, табаны ақборықтанып кеткен көлге қарап тұрып көзіне жас алыпты.
«Туып, кіндік кескен жердің қадірін біз білмейміз, елден жырақ жүрген адам біледі ғой. Қаһарманның көңіл-күйі маған да әсер етпей қоймады. Ол сол Мақпалкөлмен бірге балалығының да әдемі естелігін жоғалтып алғандай Алматыға көңілсіз қайтты. Бірнеше күннен соң ауыл адамдарын ұйымдастырып, әлгі көлдің басына бардым. Ауылдағы төрағалардың біріне техника күшінен көмектесуін өтініп, әріректегі жармадан бір құлақ су алып көлге бұрдық. Қазір Мақпалкөл кемеріне келіп, қайта толды. Кейін қасыма әжетке жарап қалған екі немеремді ертіп алып, көл басына көшет отырғыздық. Қазір олар да бой көтеріп, саялы ағашқа айналды», –дейді Өміртай ағамыз.
Міне, ақсақалдық! Міне, қайырымдылық! Міне, туған жерді сүюдің үлгісі! Кейінгі жастар тарихын танып, тағылым тыңдау үшін көмбе кеуде, шежіре қарттардың алдарына бармаса да, ел ішіндегі ақсақалдардың осындай істерінен үлгі алса нұр үстіне нұр болар еді.
Қ.АХЕТОВ