» » ЕЛІМІЗДІҢ КЕЛЕШЕГІ БАЛАЛАР ӘДЕБИЕТІНЕН БАСТАЛАДЫ

ЕЛІМІЗДІҢ КЕЛЕШЕГІ БАЛАЛАР ӘДЕБИЕТІНЕН БАСТАЛАДЫ

Бүгінгі қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі – балалар әдебиеті. Тәуелсіздік алған жылдардан кейін қазақ әдебиетінің осы жанры кенжелеп қалды және бұл мәселені ақын-жазушылар мен қоғам қайраткерлері, тіпті халық қалаулыларының өзі үлкен мінберлерден бірнеше жылдардан бері көтеріп келеді. Бірақ нәтиже жоқ.
Біз қазақ балалар әдебиетінің өткені мен бүгінін мазмұны жағынан салыстырып қарар болсақ, балалар әдебиетінің жемісті үйіп-төгіп берген кезеңі өткен ғасырдың орта шені болған сияқты. Оған енді Кеңес дәуіріндегі идеологияның ықпалы да болды. Бірақ бәрібір сол кездегі балалар әдебиеті екі-үш буын ұрпақты тәрбиелеп, толық адам қылып қалыптастырып шығарды ғой. Бұл “Біз бүгін ондай әдебиет жасай алмаймыз” деген сөз емес. Алдымыздағы ағалар дәстүрін жаңғыртып, жандандыруға болады. Тек балаға бірдеңе берейікші деген таза ниет болуы тиіс. Сосын мемлекет мейірленіп балалар әдебиетінің басынан бір сипауы керек. Әйтпесе бойындағы барын сарқып беріп, тіпті әлі күнге дейін балалар үшін көз майын тауысып жүрген көзі тірі алдыңғы буын ағаларымызды айтпағанда, балалар әдебиетіне қалам тартып жүрген біздің замандастарымыз және бізден кейінгі іні-қарындастарымыз бар.
Адам заманымен бірге жасайды, жаңарады. Мысалы, мен және менің замандастарым – өткен ғасырдың ортасынан ауа өмірге келген ұрпақтың өкілдеріміз. Біздің балалық шағымызда тым болмаса компьютер болған жоқ. Ақ-қара түсті жыпылықтап тұратын теледидардан ара-тұра берілетін ертегі, мультфильм көретінбіз. Оның өзі орысша. Тек кейіпкерлердің қимылынан не жайында екенін жобалаймыз. Содан кейінгі уақытың бос. Не істейсің? Далаға ойнайсың. Қыс болса, дөң басынан сырғанақ тебесің, қолдан мұз айдынын жасап алып хоккей ойнайсың, жаз болса, доп қуалайсың, ләңгі тебесің, есекке мінесің. Кішкентай болсақ та ата-анамыз бізге жауапкершілік жүктейтін. Отын жарамыз, су тасимыз, қораны тазалап, малды жайғаймыз. Ол кездегі балалардың бір-біріне деген бауырмалдығы бөлек еді. Мейірімді, көпшіл болатын. Қолындағысын қасындағы балалармен бөлісетін. Сосын біз ересектердің алдағанына сенетінбіз, жылай қалсақ, жұбатқанға көнетінбіз. Менің қатарларымның көбі сол бала кезді бүгін еске алғанда "Біз нағыз аңқау болған екенбіз ғой" деп күледі. Меніңше, ол аңқаулық емес. Әрі-беріден соң балалардың туабітті мінезі де емес, отбасының, қоғамның талап-тәрбиесімен қалыптасқан әдептілік, кішіпейілдік деп ойлаймын. Біздің артықшылығымыз да осында шығар. Ал бүгінгі балалардың бізден артықшылығы көп, әрине. Қазіргі 5 жас пен 10 жас аралығындағы балалардың өзі ата-анасының білмейтінін біледі. Өйткені олар – өз заманының өкілдері. Ақпараттық технологияның жемісі технократ ұрпақ қалыптастырды. Ал енді бүгінгі балалардың кемшілігі қандай десек, қол еңбегіне икемсіз, жүйкесі жұқарған, физикалық тұрғыдан әлжуаз, дене қимылы жоқ, табиғи түйсігі әлсіз, танымы таяз, жүрексіз, тасбауырлау болып өсіп келеді. Оған себеп қазіргі балалар табиғаттан ажырап қалды. Жасандылыққа бой алдырып бара жатыр. Өйткені олар виртуалды әлемге кіріп кетті. Оның үстіне былтырдан бері карантиндік шектеулерге байланысты барлық балалар үй жағдайында қашықтан оқып келеді. Айналасын, өзі өмір сүріп жатқан қоршаған ортаны, тұмса табиғатты көзбен емес, манитор арқылы көреді. Гүлдің жұпар иісін сезбейді, аң-құстардың ғажап дауысын естімейді. Бұның соңы балалардың жүрегін қатайтып, мейірімсіздікке, қатігездікке алып келеді. Біз кішкентай күнімізде жаттап өскен Жақан Смақовтың өлеңін алып қарайық.
Шыр-шыр еткен торғайды,
Қорғамасақ болмайды.
Кіп-кішкентай торғайлар,
Ағашатрды қорғайды.

Таспен атып торғайды,
Ұя бұзған оңбайды.
Құс өкпелеп кетеді,
Бақшамызға қонбайды.
Бар болғаны екі-ақ шумақ өлең. Тілге жеңіл әрі әсерлі. Баланың жадында тез жатталып қалады. Адам баласы табиғатты қорғау керектігін, кіп-кішкентай торғайдың өзі адамға сая болатын ағаштарды зиянкестерден қорғайтынын, сол үшін оларға қамқор болу керек екенін айтып тұр. Қазіргі қаланың баласы түгіл, ауыл балаларының құстарға қолдан ұя жасап, тал басына іліп жатқанын көрмейміз. Ата-анаға, бауырларыңа, айналаңа қамқор болу сол бала кездегі құстарға, табиғатқа қамқор болудан басталмай ма?! Бала жүрегіндегі мейірім сол кезде оянады. Ал біз бүгін тек қарттар үйі көбейгенін айтып дабыл қағумен шектеліп отырмыз. Қайырымсыз, мейірімсіз ұрпақ өсіп келе жатса, қарттар үйі көбеймей қайтеді?! Тағы бір мысал, біз мектеп оқулығынан Қадыр Мырза Әлінің “Қызыл кітабын” жаттадық. Онда да ол жоғары сыныптың оқулығында болды-ау. Әйтеуір менің алдымдағы әпкеммен бірге жарыса жаттағаным есімде. Тебіренбеу мүмкін емес. Сенсеңіз, сол шығараманы оқыған соң көп бала рогатканы тастады. Торғай атпайтын болды.
Қазіргі балаларға ауыл, табиғат тақырыбындағы өлеңдер керек. Оны қалада өскен бала да, далада өскен бала да жатырқамайды. Ата-бабамыздың мекені болған жайлауды, ондағы қым-қуыт тіршілікті, төрт-түлікті тек ауыл баласы ғана танып-білуі керек пе? Сосын біздің салт-дәстүр, әдет-ғұрпымыздағы ерекшеліктер, оның жас ұрпақтың тәрбиесіне қажетті тұстарын, сонымен бірге қазір мұражайға қоюға шақ қалған халқымыздың тұрмыста қолданған заттарын да өлең арқылы балаларға таныстыруымыз керек. Балалар әдебиетінің негізгі мақсаты да ұлттық құндылықтарымыз бен мәдени мұраларымызды дәріптеп және сол арқылы жас ұрпақтың бойынан еліне, жеріне деген сүйіспеншілігін оятып, патриоттық бағытта тәрбиелеу. Адам баласының тұрмысы жеңілдеген сайын қимыл-қозғалыс та азая береді.
Қазір барлық саланың жұмысын толықтай сандық жүйеге тапсырдық. Бүгінде қала түгіл, ауыл балаларының өзі отын жарып, су тасымайды, қора тазаламайды. Үйіне су кіріп түр, газбен жылиды. Қорасында малы жоқ, болғанмен оны сырттағы фазендаға апарып тастайды. Сосын ауыл баласы қазір тым болмаса ұлттық спорттық ойындарды да білмейді. Асық атпайды, ләңгі теппейді. Таңнан кешке дейін гаждеттерге үңіліп отырады. Өсіп, жетіліп келе жатқан жас ағзаға дене белсенділігі мен таза ауа қажет. Балалардың қимыл-қозғалысының шектелуі олардың бойында түрлі аурулар тудырып жатыр. Сондықтан біз балалар әдебиеті арқылы баланы тек әдептілікке, тәртіпке шақырып, мінез-құлқын тәрбиелеп қана қоймай, денсаулығын күтуге үйретуіміз керек. Яғни бірінші – денсаулығын қадағалау, екінші – тәрбие беру, үшінші – заманға сай білім, ғылым үйрету.
Бұрынғы біз оқыған кез келген кітап ең алдымен баланың тәрбиесіне қызмет ететін. Яғни жақсы болуға, көпшіл болуға, бауырмал болуға, шыншыл болуға, қысқасы адамгершілікке тәрбиелейтін еді. Кез келген кітаптың оқиғасы, ондағы кейіпкерлердің іс-әрекеттерінің түйіні жаманнан бойыңды аулақ салып, жақсыға жанасып жүр дегенді айтатын. Енді қараңызшы, осындай адами қасиеттерді бүгінгі балалар оқып, үйренбеуі керек пе? Заман өзгергенімен, технология қанша жерден шарықтап дамығанымен, адамзаттың ақыл-ойы толысқанымен, адамның жаратылысы өзгермейді, бұрынғыдай өмірге келеді, бұрынғыдай өмірден өтеді. Жаратылысы өзгермесе, оның бойындағы қасиеттер де өзгермейді, әсіресе қазақ қоғамындағы туыстық байланыс, адами қарым-қатынас сол күйінде қалады. Тіпті біз соны сақтап қалуға тиіспіз.
Ана тілімізді, ділімізді, ұлтымызды сақтап қалу жолындағы жанталас не үшін болып жатыр? Міне, сол күрес жолындағы біздің сүйенішіміз де, таянышымыз да осы қазақ балалар әдебиеті болуы керек деп ойлаймын. “Бұрынғы авторларды бүгінгі балалар оқымайды” деген сөз айтылып жүр. Мәселен, өткен ғасырдың ортасынан ауғанда адамзат баласы үшін ғылымда үлкен төңкеріс болды. Кеңес одағы ғарышқа адам ұшырды. Бұл дамып кеткен Американың өзін таңқалдырған және қызғандырған ғылымдағы үлкен жетістік еді. Жаңа технологиялық өркениет адам баласының сол ғарышты бағындыруынан басталды. «Кім болам?» деген шығармаға ойланбастан «Ғарышкер болам» деп жауап беретін балалар көбейді. Бірақ сол уақыттардың өзінде балалар әдеби көркем шығармалармен тәрбиеленді. Мысалға сол кезде ауылдағы бізден бірнеше жас үлкен ағаларымыздың ұшақ құрастырып немесе зымыран жасап шығарып, оны елсіз айдалаға апарып сынақтан өткізгенін талай мәрте көрдік, куә болдық. Сол кезде олар небәрі 5-6 класс оқитын балалар тұғын. Ол ғылымға деген қызығушылық еді ғой. Ал қазір ауыл баласы түгіл, қала баласында ғылымға деген сондай қызығушылық, жаңашылдыққа талпыныс бар ма? Біздің «бұлардың заманы басқа, талабы басқа» деп жүрген бүгінгі балалар жаңа технологияның тұтынушысы деңгейінде ғана. Менің білуімше, бірнеше жылдан бері мектептерде информатика, робототехника деген қосымша пәндер өтіп келеді. Нәтижесі қайда? «Болашақ» бағдарламасы арқылы шет елде білім алып келіп жатқан жастарымыз қаншама. Солардың біреуі шет елден бірдеңе үйреніп келіп, елімізге соның игілгін көрсетіп отыр ма? Иновациялық жобаларды іске асырып жатыр ма? Жоқ. Осы күні біз пайдаланып жүрген заманауи технологиялардың біреуі елімізде жасалмайды. Жасалмақ түгіл, құрастырылмайды. Сөйте тұра «Қазіргі балалардың ойлауы бөлек, олардың сұранысын қанағаттандыруымыз керек» дегенді көп айтамыз. Онымен қоймай оларға сабағына, қажеттілігіне пайдалансын, үйренсін деп гаджеттер мен телефонның жаңа шыққан сан алуан түрін сатып алып береміз. Біреу ойлап тауып, құрастырып, ішіне бағдарлама енгізіп, алдына дайындап берген дүниесін үйренбесе не болғаны балаларымыздың.
Шет елдерде біздің қолымызда отырған дүниелерді мектеп оқушылары құрастыратын көрінеді. Қазақтың балалары ғылымнан кенже қалған деп отырғаным жоқ. Есте сақтау қабілетімен, ақыл-ойымен, білімімен әлемді таңқалдырған балаларымыз шығып жүр. Тек біз бала талғамына сай көркем әдбиетті жасауымыз керек дегенде, ең алдымен ұлттық бағыттағы тәрбиеге, қазақы болмысының қалыптасуына мән беріп, ұлттық құндылықтарымызды көбірек дәріптеуіміз керек екенін айтқым келіп отыр. Содан соң жалпы адмазаттық құндылықтарға, әлемдік өркениетке бейімдей беруге болады. Өркениетті ел екен деп біз таңдай қағып жүрген Еуропаның көп бөлігінде бүгінде тек адам құқығы заңмен қорғалады демесеңіз, ұлттық құндылық, отбасылық құндылық, ер баланың намысы, қыз баланың ары дегеннің құны бес тиын болып қалды.
Былтыр Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында қазақ балалар әдебиетіне көңіл бөлу керек екенін айтқан. Соның нәтижесінде биыл, яғни “2021 жыл – балалар әдебиеті жылы” деп жарияланды. Осы жылы көптеген жобалар жүзеге асады деп күтілуде. Бұл тек балалар мен балалар жазушыларын ғана емес, сонымен бірге мұғалімдер мен ата-аналарды да ерекше қуантып отыр. Өйткені бұрын тасада қалып қоя беретін балалар шығармалары биыл кезең-кезеңімен жарыққа шығады. Бұған мемлекет қомақты қаржы да бөлді. Арнайы Кеңес те құрылып, жұмыс бастап кетті. Тек енді кішкентай оқырмандар ата-аналарымен бірге нәтижесін күтіп отыр.

Қуат АДИС
01 маусым 2021 ж. 223 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 767

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930