» » ЗИЯТКЕРЛІК ДАМУ ҮДЕРІСІ БАСТАЛДЫ

ЗИЯТКЕРЛІК ДАМУ ҮДЕРІСІ БАСТАЛДЫ

Кешегі кеңес кезеңінде өмір сүрген аға буын ұрпақтың өкілдері тәрбие мен тәлімді тек кітаптан ғана алды. Ол кезде кітапханалардың оқу залдары оқырманнан босамайтын. Сол дәуірдегі оқырмандардың өзі қазақ әдебиетін ғана оқып қоймады, әлем әдебиетінің жауһарларымен де сусындады. Әрине, ол кезде оқырманның барлығы шет тілдерін білген жоқ. Есесіне, аударма ісі қарқынды жұмыс жасады. Балалар мектеп жасынан бастап, әдебиет оқулығынан әлем әдебиетінің классиктерінің туындыларымен жақсы таныс тұғын. Демек, ол кезеңде де Қазақстанның шет елдермен өзара рухани байланысы болды...
Елбасы бүгінде әлем елдерімен ара­дағы сол әдеби-мәдени байланысты ны­ғайтты. Сол секілді шет елдермен саяси-экономикалық ынтымақтастығымыз да артты. Бұл өз кезегінде еліміздің дамуына, өркендеуіне ықпалын тигізері сөзсіз. Айта кеткен жөн, өркениетті елдермен арада қандай да бір мақсатпен қарым-қатынас орнату үшін ең алдымен сол елдердің тілі мен әдебиетін, мәдениетін білуге тиіспіз. Өйткені, тіл – қатынас құралы. Ал, әдебиет пен мәдениет екі елді рухани байланыстыратын дәнекер. Шет елдің тілін меңгеріп, әдебиеті мен мәдениетімен танысқаннан кейін ғана экономикалық байланыс басталады.
Тәуелсіздіктен кейінгі жылдары мемлекеттік бағдарламалар бойынша көрнекті ақын-жазушыларымыздың танымал туындылары қайта басылып шықты. Көптеген жас қаламгерлердің кітаптары жарық көрді. Тоқырау жылдары қаңырап қалған кітапханалар оқырманымен қайта қауышты, кітап дүкендерінің сөресі жаңа кітаптармен толықты. Күнкөріс қамымен базар жағалап кеткен жұрттың көбі рухани әлеміне қайта оралды. Бірақ, аударма ісі ақсап қалған еді. Мектеп жасындағы оқушылар мен естияр оқырмандар тек қазақ әдебиетінің нәрімен ғана шектеліп қалмай, әлем әдебиетінің жауһарлары арқылы дүниетанымын кеңейтіп, әлемдік кеңістікке шығуы тиіс тұғын. Бұл әсіресе, таяу болашақта дамыған мемлекеттердің қатарына енуді мақсат еткен Қазақстан үшін аса қажет болатын...
Қазір ғылыми-технология қарқынды да­му үстінде. Бұл әлі де шарықтау шегі емес. Демек, алдағы уақытта да бұл үдеріс тоқ­тамайды және күн артып, сағат санап, технологиялық даму жедел қарқын алып бара жатыр. Сондықтан бізге де заманның ағымынан қалмай, ілесіп, озық технологияларды меңгеру қажеттілігі туындады. Өйткені басқа саланы айтпағанда, кітаптың өзін тек сөреден ғана алып оқымай, электронды нұсқада да оқуға толық мүмкіндік туды.
Жуырда ғана Елба­сының «Болашаққа бағ­дар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша «Жаңа гуманитарлық бі­лім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында шығарылған кітап­тарды таныстыру рәсімі өтті. Оған Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың өзі қатысып, аталған жобаның жүзеге асуы­ның нәтижесінде елімізде аударма ісінің жаңа мәдениеті қалыптасқанын және «Қазақ тіліндегі 100 оқулық» жобасының жас ұрпаққа білім беруде рөлі зор екенін атап өтті. Иә, түпнұсқадан аударылған кітаптардың ішінде АҚШ, Ресей, Ұлыбритания, Франция, Швейцария секілді алдыңғы қатарлы мемлекеттердің ең үздік ғылыми еңбектері қамтылған. Сондай-ақ әлемнің ең беделді оқу орындарында қолданып жүрген Дэвид Г.Майерстің, Жан М.Туенжтің психология саласындағы «Әлеуметтік психология», Дуэйн Шульц пен Сидней Эллен Шульцтің «Қазіргі психология тарихы» және Эллиот Аронсонның «Көпке ұмтылған жалғыз. Әлеуметтік психологияға кіріспе» кітаптары бар.
Елбасының тапсырмасының негізінде «Ұлттық аударма бюросы» және аталған жобаны жүзеге асыруға жауапты тұлғалардың мойынында әлі 30 кітапты қазақ тіліне аудару жоспары тұр. Солардың ішінде әлем әдебиетінің жауһарлары бар. Елбасының өз сөзімен айтсақ: «Ауқымды энциклопедиялық ізденіс арқылы адамзат дамуының көкжиегіне жол ашатын кезең келді. Елімізде зияткерлік даму үдерісінен туындаған тың серпіннің арқасында рухани революция бастау алып келеді».

Қуат АДИС.
17 сәуір 2018 ж. 1 050 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 692

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031