АЛДАШБАЙ АХУН

Жуырда Қызылорда қаласындағы «Жиенай» баспасынан Әлем Халықтары Жазушылар одағының мүшесі, қаламгер Болатбек Нұржановтың «Ахундар әулеті» атты жаңа кітабы жарық көрді. Автордың бұл туындысында кешегі кеңес кезеңінде қуғын-сүргінге ұшырап, ұрпақтарының өзі коммунистік идеологияның көп теперішін көрген дін қайраткерлері жайында жан-жақты баяндалған.

(Назарларыңызға кітаптан үзінді ұсынамыз).

Соңғы кезде қоғамымызда дін тағлымдары көбейіп, адамдардың да дін мәселелеріне қызығушылықтары артып, нәтижесінде көпшіліктің діни сауатының біршама көтеріліп келе жатқаны баршамызға аян. Ислам он төрт ғасырдан бері адамзатты тегі мен нәсіліне қарамай бейбітшілік пен ынтымаққа, сабырлылық пен тазалыққа шақырып келе жатқан ең соңғы әрі таза дін. Қазақ – жауынгер халық. Оны найзаның ұшы, қылыштың жүзімен дінге енгізу қиын. Бабаларымыз Ислам дінін өз еркімен, өз ой санасымен, парасаттылығымен қабылдаған. Әрине, ел барда, рухты ұрпақ барда, ел мен жер тарихында өзіндік ізі бар және сол елге ізгілік пен білім нұрын сыйлаған ағартушы-ахундарымыздың өнегелі істері ұмытылмақ емес. Десек те, біз ағартушы-ахундарымызды әлі де жөнді танымай жатқандаймыз. Әсіресе, кешегі кеңестік билік тұсында «Дін – адам санасын улайтын апиын», - деген сөз ұзақ уақыттар салтанат құрған кездері діни ағартушыларға теріс көзқарас қалыптасты. Асқынып барып жазылған аурудың зардабы кем-кемнен айығады емес пе? Сол сияқты коммунистер көсемінің осы сөзінің де зардабын халқымыз ұзақ уақыттар тартып келді. Бірақ, Құдайға тәубе дейміз, тәуелсіздіктің таңынан соң еліміздің қабырғалы қаламгерлері мен тарихшылары кеңестік насихаттың кесірінен тұмшаланып жатқан дін қайраткерлерін жарыққа шығарды. Сондай тұлғалардың бірегейі, ел аузында, кейінгі ресми деректерде де есімі үлкен құрметпен аталатын ағартушы-ахун, түпсіз ілім иесі Алдашбай ахун Ерназарұлы.
Ресми деректерге сүйенсек, Ерназарұлы Алдашбай ахун 1858 жылы қазіргі Қармақшы ауданына қарасты «Ақбас табаны» деген жерде өмірге келіп, 1936 жылы қайтыс болған. Ахун атамыз 1864-1876 жылдары сол өңірдегі әйгілі ұстаз-ағартушы Ораз ахун (Оразмұхаммед) Бекетайұлының медресесінде оқып, дәріс алады. Ол ұстазының ақыл-кеңесімен 1876-1886 жылдары Бұхара шаһарындағы «Көкілташ» медресесінде оқып, діни ағартушылық білім алған. Елге оралған Алдашбай ахунға халық мектеп-мешіт салып береді. 1890-1924 жылдар аралығында осы білім ордасынан мыңнан аса қазіргі Қармақшы, Жалағаш аудандарына қарайтын аумақтың жастары оқып сауаттанған. Сыр бойындағы зиялы адамдар ағартушы-ахундар мен жыр дүлділдері ақын-жыраулардың, би-шешендердің барлығы да жаугершілік заманда, қысылтаяң, дүрбелең шақтарда өмірге келіп, мешіт-медреселерден білім алған.
Сырдың «Қуаң алқабы» деген шежіре-тарихқа тұнып тұрған өңір. Міне, осы жерде діни ағартушы-ұстаз, араб, парсы, шағатай, түрік тілдерін еркін меңгерген Ораз ахуннан білім алған Алдашбай ахунның да өмірі сол дүрбелең кездермен тұспа-тұс келген. Ерназар палуанның бел баласы Алдашбай ахун елдегі өзінің мешіт-медресесінде оқыған шәкірттерінің аса үздік білімділерін өзі оқыған «Көкілташ» медресесіне жіберіп отырған. Ол кездерде біздің өңірдегі қазақ баласы үшін Шығыс мәдениеті мен әдебиетін, ғылымын оқып, үйренетін білім ордасы – осы «Көкілташ» медресесі ғана еді. Алдашбай ахунның үздік шәкірттері оның ақыл-кеңесімен осы медреседе білім алып, кейіннен қалың қазақ қауымына ғана емес, күллі түркі жұртына белгілі болды.
Солардың бірегейі Тұрмағанбет Ізтілеуұлы. Атақты шайыр Алдашбай ахунның шәкірті. Зерттеуші, этнограф Тынышбек Дайрабай мен заңгер-судья Молдабек Ахметовтың 2014 жылы Алматыдағы «Киіз кітап» баспасынан шыққан «Сыр елінің ескерткіштері» деген альбом-кітабында: «Алдашбай ахун мешіті Ақтайлақ өңірінде салынып, көптеген діни қайраткерлерді тәрбиелеп шығарды. Сол шәкірттерінің бірі – Тұрмағанбет Ізтілеуұлы. Мешіт биік төбе басына салынған. Айналасы сексеуілді, қабырғалары, төбесі құлап, қаңқалары қалған. Алдашбай ахун Ерназарұлының ұрпақтары елге сыйлы, қасиетті кісілер. Алдашбай ахун қабірі жаңартылып, үй там салынды» - делінген.
Алдашбай ахун Ерназарұлының атақты шәкірттерінің бірі осы Тұрмағанбет Ізтілеуұлының ғажайып ақындығы мен ол оқыған «Көкілташ» медресесіндегі білім беру деңгейі жайлы Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, филология ғылымдарының докторы, профессор, әдебиет зерттеушісі Құлбек Ергөбек: «...Бұхара кезіндегі күллі түркі жұртынан жас өркен жол азабын көріп келіп жоғары білім алатын көне шаһар.Тәжік, өзбек кеңес әдебиетінің негізін салушы Садридин Айни, түрікмен әдебиетінің ірі тұлғасы Берді Кербабаев, даңқты ақын Ғафур Ғұлам, ғажайып қазақ шайыры Тұрмағанбет Ізтілеуұлы Бұхарадағы Көкілташ медресесінен білім алған жандар. Содан-ақ Бұхарадағы білімнің өресін байқай берерсіздер», деп жоғары баға берген еді. (Егемен Қазақстан. 90-93 (25939)12.03.2010). Бұл «ғажайып шайыр ақын» Тұрмағанбеттің өзіне ғана емес,оның алғашқы, негізгі ұстазы Алдашбай ахун Ерназарұлының да ұстаздығы мен ақындығына берілген лайықты баға деп түсінгеніміз дұрыс шығар. «Білім негізі – бастауышта» деген сөз бар. Ғұлама ағартушы-ұстаз Ораз ахун Бекетайұлынан бастапқы білім алған соң, қазақтың қабырғалы қаламгері (Қ.Ергөбек) білім беру деңгейін аса жоғары бағалаған Көкілташ медресесінен жоғары білім алған Алдашбай ахунның өзіне де, оның әріптес тұстастарымен бірге филология ғылымдарының докторы, профессор, әдебиеттанушы-зерттеуші Темірхан Тебегенов те былай деп баға береді: «Ислам дінінің халықтық-гуманистік, эстетикалық, ғылымдық дүние танымдық дәрежеде қалыптасуында ахун-ұстаздар жетекші орын алды. Бұлар мұсылмандық білім негіздерін өздері ашқан мектеп-мешіттердегі шәкірттерге терең меңгерте отырып, исламдық ойшылдық мазмұндағы араб, парсы, түрік-шағатай тілдеріндегі жазба әдеби-фольклорлық мұралардың классикалық үлгілерін насихаттау жұмыстарын жүргізді. Бұлар-Ресей патшалығы отаршылдығына исламдық діни қарсылық танытқан ағартушылар. Мысалы, Ораз-Мұхаммед ахун Бекетайұлы (1836-1894), Қалжан ахун Бөлекбайұлы (1857-1916), Алдашбай ахун Ерназарұлы (1858-1936), Әлібай ахун Қосқұлақұлы (1835-1928) және т.б. бұлардан да басқа қазақ даласының барлық аймақтарында болған ахун-ұстаздар оқымыстылық-ағартушылық жұмыстары арқылы халықтың құрметіне бөленді».
Біз ғалымның осы тұжырымды пікірін кеңестік насихатшылар тек қана жаназа шығаратын молда деп бағалаған барлық ғұлама ахундарымыздың, олардың қатарында Ерназарұлы Алдашбай ахун бабамыздың да ағартушы-ұстаз ретіндегі еңбегіне берілген ғылыми негіздегі жоғары баға деп білеміз. Ғалым ағамыздың дәл осы сөзіне жүгініп айтар болсақ, ұстазы Алдашбай ахуннан нәтижелі бастапқы білім алған Тұрмағанбет шайыр Фердоуссидің парсы тіліндегі «Шаһнама» дастанын қазақ тілінде жырлап шығуына оның алғашқы ұстазының да ықпалы болған десек те жолдан қиыс кетпейміз.
Алдашбай ахун Ерназарұлының тағы бір ел аузынан есімі түспейтін шәкірті, Сыр сүлейлерінің арасынан ойып орын алатын Шораяқұлы Омар еді. Тарих ғылымдарының кандидаты Әбжан Айсауытовтың құрастыруымен 1995 жылы Алматыдағы «Рауан» баспасынан жарық көрген Шораяқұлы Омардың шығармалар жинағына алғы сөз жазған профессор, мемлекет және қоғам қайраткері Бақберген Досманбетов: «...Сөйтіп Омарды Бұхарадағы «Көкілташ» медресесін бітірген Алдашбай Ерназарұлына оқуға береді. Алдашбай мұсылманша оқуы өте жоғары, ой-өрісі кең, ақыл-парасаты биік адам болған. Ахун атанған Алдашбай балалардың сауатын ашқан соң, оларға Шығыстың өлең, дастан, ертегілерін оқып беріп, жаттатады екен. Үйінде өзі әкелген, керуеншілер арқылы алдырған кітаптар мол болған. Оған қоса өлең шығарумен айналысыпты. Шәкірті Омардың қабілеті мен дарынын таныған Алдашбай ахун оның да ақындық жолға түсуіне тікелей әсер етеді», - дейді. Осы жинақта Сыр сүлейлері Шораяқтың Омары мен Қарасақал Ерімбеттің жұмбақ айтысы да беріліпті, сондағы Қарасақал Ерімбеттің Омарға қайтарған бірінші жауабында:
«...Бұл күнде қалып тұрмыз шабандап-ақ.
Алдашбай ахунменен екеуіңіз
Кіршінің тең тұрсыңдар тасындай-ақ», - деген жолдар бар.
Ел аузындағы әңгімелерде Шораяқтың Омары науқастанып, кеселі әбден меңдеген кезде ағайындарына: «Мен дүниеден озғанда ұстазым Алдашбай ахунның мешітінің жанына жерлеңдер», - деп аманат сөзін айтыпты деседі. Қармақшы ауданының аумағынан өтетін үлкен күре жолды Тәйімбет Көмекбаев атындағы ауылмен жалғастыратын жолдың Қуаңдария ауылына жақындау жерінде Ешнияз салдың кесенесі бар. Сол аумақта «Асан тамы» деген де жер бар. Сол жерде көптеген шәкірттермен бірге Алдашбай ахунның мектеп-мешітінің жанындағы қорымға өз аманатымен Омар ақын да жерленіпті. Ал, Алдашбай ахунның сол көптеген білімді адамдар тәрбиелеп шығарған мектеп-мешіті құлап, бір қабырғасы ғана қалған.
Ғұлама ахундарымыз Ислам қағидалары мен қатар ғылымның түрлі салаларын және бірнеше тілдерді де меңгерген, асқан білімдар һәм парасатты жандар болғанын айтулы ғалымдарымыздың еңбектерінен толық танып білгендейміз. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты Э.Қансейтованың еңбегінде: «...Қазақ даласындағы Шығыс сюжеттерінің, төл әдеби мұрадай болып сіңісіп кетуіне себепкер болған бірнеше жағдайларды да даралап айта аламыз. Ең бастысы, Орта Азиядағы Ташкент, Бұхара, Түркістан, Хиуа, Самархан қалаларындағы медреселерден білім алып, қазақ ауылдарындағы өздері ашқан мешіт-мектептерінде Ислам діні негіздері мен Шығыстың классикалық әдебиетін, фольклорын оқытқан ахун ұстаздардың ағартушылық ықпалдары зор болды», - дейді. Ағартушы ахундарымызды бұдан артық қалай мойындауға, олардың еңбектерін бұдан артық қалай бағалауға болады. Иә, кейінгі жас ұрпақтың санасына сіңіретіндей сүбелі еңбектерімен ғалымдарымыз жоғары бағалаған ағартушы ахундарымыздың арасында асқан білімдар жан Алдашбай ахун да бар еді...
Болатбек НҰРЖАНОВ.

23 қаңтар 2018 ж. 1 539 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 731

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930