» » Дихан Қамзабекұлы: Алдымызда қазақстандық білім жолын таңдау маңыздылығы тұр

Дихан Қамзабекұлы: Алдымызда қазақстандық білім жолын таңдау маңыздылығы тұр


- Білім саласының маманы ретінде биылғы Жолдауға қандай баға бересіз?

- «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» деп аты айтып тұрғандай биылғы Жолдауда Елбасы негізінен еліміздің өнеркәсіптік, әулеуметтік, экономикалық мәселелеріне баса назар аударғаны байқалады. Соған қарамастан, бізге, әсіресе білім саласы қызметкерлеріне ерекше әсер етіп отыр. Өйткені жаңа әлемдік сын-қатерлердің аясында біз өзіміздің экономикамызды, өндірісімізді, рухани әлеуметтік жағдайымызды реттеп алуға, жүйелеуге және алға қадам басатындай үлкен бір айшықты істерге бастайды деген ойдамыз. Әсіресе бұл Жолдауда жоғары білімді, оның ішінде педогогикалық білімді қазіргі әлемдегі күрделі жағдайда ұлттың, мемлекеттің мүддесіне бұра білу дегені өте жақсы айтылған деп ойлаймын. Бұл – бір. Екінші – Жолдауда «рухани жаңғыру да біздің идеологиялық құндылықтарымыздың негізі» деген ой айтылады. Бұл тұрғыда да биылғы Жолдау бұған дейінгі Жолдаулармен және кеше ғана жарық көрген Президенттің бағдарламалық мақаласымен сабақтастығын байқатады. Біздің мемлекетіміз кезіндегі Алаш зиялыларының «Алаш туы астында күн сөнгенше сөнбейміз» дегеніндей мемлекеттік Мәңгілік ел құндылықтары аясында біздің мәңгілігімізді, баяндылығымызды айқындайтын жолдар болып қалуы керек.

- Жолдауда «қазақстандық білім» мәселесі айтылды. Біз бұған дайынбыз ба?

- Әрине, қазіргі кезде ЖОО-ы немесе еліміздегі жалпы білім саласы өте күрделі кезеңді бастан кешіріп отыр. Бір жағынан біз әлемдік үлкен ықпалдастыққа қарай бет алып келеміз, ал екінші жағынан өзіміздің төл құндылықтарымызды сақтай отырып, білімнің қазақстандық жолын таңдау маңыздылығы алдымызда тұр. Өйткені әлемдегі білім саласындағы жол сан тарам. Соған қарамастан біз елге қызмет ететін, елдің қазіргі жағдайына қызмет ететін бағытын таңдай білуіміз керек. Әрине, кез келген елдің білім саласындағы тәжірибесін Қазақстанға алып келіп, жүзеге асыра салу қиын емес сияқты механикалық тұрғыда. Бірақ ол еліміздің мүддесіне қалай келеді, ертең біз оның басқа қиын тұсымен бетпе-бет келіп қалмаймыз ба деген алаңдаушылық болатыны анық. Сондықтан осы мәселеге байланысты Жолдаудағы ойлар бізді жинақталуға жетелейді.

- Осы жолғы Жолдауда айтылған бір мәселе – тіл тағдыры жайлы. Әсіресе мемлекеттік тілмен қосамжарланып келе жатқан орыс тіліне қатысты пікір айтылды.

- Біз қазір өте ауқымды және өте күрделі әлемде өмір сүріп жатырмыз. Өздеріңіз білетіндей, әлемде үлкен текетірес жүріп жатыр. Ол текетірестің үлкен бір аймағы біздің солтүстіктегі көршіміз. Сондықтан да Елбасы бұл жерде бұған дейін де айтып келген ойларының жалғасын айтты. Сол себепті де біз мемлекеттік құндылығымыз дегенде қазақ тіліміздің жоғары деңгейде тұрғанын және бірінші орында тұрғанын ешқашан ұмытпауымыз керек. Ал білім аясы тұрғысынан келетін болсақ, білім-ғылымның құралдары қай тілде жазылса, сол тілдің десі жоғары. Сондықтан ол ағылшын тілі бола ма, ол қазақ тілі бола ма, ол орыс тілі бола ма, біз үшін сол тілдегі өзімізге керек мағлұмат маңызды. Демек Президент Жолдауындағы тіл туралы айтылған ойлардың астарында осындай да мәселе жатқанын тани білуіміз керек. Және бұл тура солардың жетегінде кетіп қалу деген сөз емес. Екіншіден біздің елдің, өз ұлтымыздың азаматтарының арасында да елдік парасаттылық болуы керек.

- Елбасы бұған дейін де, кешегі Жолдауында да біраз терминдерге тоқталды. Осыған тіл маманы ретінде не айтасыз?

- Тіл маманы ретінде айтар болсам, терминді анықтайтын, оны бекітетін заң емес, белгілі бір өкіметтік құрылымдар емес, терминдердің өміршеңдігін анықтайтын – халық. Бұдан мың жыл бұрын солай болған, қазір де солай. Сондықтан Елбасының терминдер туралы пікірін сараптамалық ой ретінде қабылдау керек. Тым әсірелеудің керегі жоқ дегенді Президенттің өзі де ескертті. Демек бұл мәселеге де үлкен байыптылықпен қарау керек. Мысалы компьютерді түріктер «білгесаяр» дейді, бұл сол елдің өз талғам-түсінігіне сай. Ал біз осы мәселеге қатысты көптеген пікірлер қақтығысын көріп отырмыз. Мысалы Елбасы айтса айтқандай бізде әсіретерминшілдік бар. Мағынасын түсінбей жатып, ойына не келсе солай аударып, күлкіге қалып жататындар да бар. Ал, тағы да қайталап айтамын, кез келген терминнің тағдырын анықтайтын халық.

- Әңгімеңізге рахмет!

Ержан Жаубай
11 қаңтар 2018 ж. 1 257 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 742

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930