» » ТІЛСІЗ ЖАУДАН КЕЛЕР ҚАУІП КӨП

ТІЛСІЗ ЖАУДАН КЕЛЕР ҚАУІП КӨП

Көктемнің екінші айы ортасынан ауа бере аймақта адамдардың суға кету жағдайы тіркеле бастады. Біз тілсіз жаудан келер қауіпті шын сезінбеуіміздің салдарынан кейде салғырттыққа жол береміз. Ал оның соңы ара-тұра қайғылы жағдайлармен астасатыны тағы да қиын. Басылымның бұған дейінгі сандарында 2017 жылы Жалағашта да қаншама адам тілсіз жаудың құрбаны болғанын айтып, қалың оқырманды қауіпсіздік талаптарын сақтауға үндегенбіз. Кешегі комиссия отырысында аудан әкімі Асылбек Шаменов те “Шомылуға тыйым салынған жерлерде күнделікті рейдтер ұйымдастыруды, ата-ана қарауынсыз жүрген балалардың ата-анасын әкімшілік жауапкершілікке тартуды қамтамасыз етуді тапсырамын” деді.
Өңір басшысының бұл сөзінен не түйдік? Сайып келгенде қауіпсіздік талаптарын сақтау өз өміріміз үшін маңызды. Сондықтан аудан әкімі де мемлекеттің ертеңгі болашағы деп білетін балалардың өміріне алаңдайды. Бір жағынан “сақтансаң, сақтайтынын” қалың жұрттың қаперіне салып отыр.
Төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі комиссия отырысында жауапты ма­мандар да қауіпсіздік талаптарына бей-жай қа­раудың соңы мәселеге алып келетінін түсіндіріп бақты. Бірақ осыған көбіміз мән бере бермейтініміз өкінішті. Басқосуда ішімдік ішіп суға шомылушыларға да әкімшілік шара көру тапсырылды.
Су айдындарында соңғы төрт жылда тіркелген жағдайларға талдау жасасақ, ақыры адам шы­ғынымен аяқталған оқиғалар көп. Қамсыздық қайғыға ұшыратарын білсек те оның соңы өкінішпен бітерін болар іс болып, бояуы сіңгенде түсінетініміз қиын. Бұған 2017 жылы Жалағашта сегіз адамның өмірін жалмаған тілсіз жаудың зардабы тағы дәлел болады. 4 жыл бұрын жазатайым оқиғадан қайтыс бол­ғандардың екеуі бала еді. 2018 жылы екі адам ажал құшса, оның біреуі бала, ал 2019 жылы бір адам тағы да суға кеткен.
Былтыр да суға түсуге рұқсат етілмеген су ай­дынында қайғылы жағдай тіркелді. Ал биыл нау­рыз айында Қараөзек арнасының мұзы жа­ры­луы­ның салдарынан бір оқиға орын алған болатын. Сайып келгенде, орын алған оқиғалардың барлығы қамсыздықтың салдарынан. Өйткені азаматтар мен жасөспірім балалар су айдындарының кез кел­­ген жерлеріне суға түсе береді, судағы қа­уіпсіздік ережелерін сақтамайды. Көп жағдайда жасөспірімдердің, балалардың үлкендердің қа­ра­уынсыз су айдындарының жағалауына баруы сал­дарынан оқыс оқиғалардың құрбаны болып жатады. Міне, аудан әкімінің құзырлы органдарға тікелей тапсырмасы осы мәселенің алдын алады.
Мәселенің алдын алуда төтенше жағдайлар бө­лімі мен полиция бөлімі қызметкерлерінің атқарған жұмысында да сапа жоқ емес. Шүкір, тіл-көзіміз тасқа деп айтайық, әзірге ауданда ешқандай су айдындарында қайғылы жағдай тіркелген жоқ. Бұл ретте жазғы демалыс кезеңінде балалар мен жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақ­сатында жұмыстар жүргізілуде. Тиісті мекеме, жа­уапты мамандардың жұмылдырылуымен Сырдария өзеніндегі көпірдің тұсында, Ақтерек лагері, Елтай, Ізбай, Асар төбе каналдарының тұсында кезекшіліктер ұйымдастырылып, жиырмаға жуық рейдтік іс-шара жүргізілген. Сонымен қатар мектеп оқушыларының қауіпсіздігін қамтамасыз етуде білім бөлімінің ат­салысуымен таңғы сағат 09.00-ден кешкі 21.00-ге дейін күшейтілген түрде кезекшілік ұйымдастырылып, шара аясында әлі де балалардың қараусыз қалмауы бақылануда. Оқушыларға жазғы демалысқа шығар алдында да мектеп директорларының бақылауымен суға түсу маусымындағы қауіпсіздік ережелерін сақтау, өз бетінше су айдындарына бармау секілді ескертпелер жан-жақты түсіндірілген. Бұдан бөлек қазіргі карантиндік жағдайға байланысты аудан көлеміндегі барлық білім беру мекемелері мен балабақшаларда «Су айдындарындағы қауіпсіздік, өрт қауіпсіздігі жөнінде және алғашқы көмек көрсету тәсілдері» аясында түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, видеороликтер көрсетілген және арнайы дайындалған жадынамалар таратылып, жасөспірімдердің, ата-аналардың назарына ұсынылған.
Комиссия отырысында 3 мәселе қаралды. Аудан аумағында орман және дала өрттерінің алдын алу шаралары және жазғы кезеңде су айдындарында қауіпсіздік іс-шараларын ұйымдастыру күн тәртібіндегі мәселелерге арқау болды. Аудан әкімі Асылбек Шаменов баяндамашыларға сұрақтар қойып, бөлім, мекеме басшыларына тиісті тапсырмалар берді.

Ерлан СОЗАҚБАЙ
22 маусым 2021 ж. 320 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 767

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930