» » » ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙДЫҢ АЛДЫН АЛҒАН МАҢЫЗДЫ

ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙДЫҢ АЛДЫН АЛҒАН МАҢЫЗДЫ


ТЖД мамандары тарапынан оқыс жағдайлардың алдын алу және онымен күресуде тиісті жұмыстар атқарылып келеді. Олардың сөзінше, көбіне төтенше жағдайлар тұрғындардың, жеке тұлғалардың қауіпсіздік ережесіне салғырт қарауынан орын алып жатқан көрінеді. Шындығында, аталған сала қызметкерлерінің мойнында қай мезгілде болмасын үлкен жауапкершілік тұр. Артылған міндеттің сала мамандары тарапынан қаншалықты жүзеге асып жатқанын білу үшін аудандық ТЖД бөлімі басшысының міндетін атқарушы Дархан Шәкенмен сұхбаттасқан едік.


– Дархан Нұрбекұлы, әңгімемізді алдымен былтырғы суға түсу маусымында аудан көлемінде орын алған оқыс жағдайлардан бастасақ... Өткен жылы Жалағаш дәл осы маусымда адамдардың тілсіз жаудың құрбаны болудан облыс бойынша көш бастады. Бұған не себеп?– 2017 жылы ауданда 8 адам суға кетіп, тілсіз жаудың құрбаны болды. Бұл – әрине, өкінішті жағдай. Айта берсең халықты кіналағандай боласың. Бірақ, бұл жағдайлар да тағы тұрғындардың қауіпсіздік ережесін сақтамағанынан орын алып отыр. Мәселен, мас күйінде суға түскеннен екі қайғылы жағдай болса, 3 оқиға ата-ананың баласына немқұрайлы қарауынан орын алған. Осындай жағдайлар көбіне жаз айында көптеп кездеседі. Себебі, бұл мезгілде ұжымдар, жастар канал жағасына демалыс ұйымдастырып, кейбірінің соңы оқыс жағдайлармен аяқталып жатады. Біздің тарапымыздан адамдар шомылады-ау деген канал жағаларын аралап, үгіт-насихат жұмыстарын жүргіздік, рейд те ұйымдастырдық. Ендігі мәселе алда тағы суға түсу маусымы келе жатыр. Сондықтан ТЖД бөлімі бар, ата-ана, жалпы тұрғындар болып, оқыс жағдайға жол бермесек дейміз. Бұл тек біздің тарапымыздан шешіле қоятын мәселе емес. Қай жерде не болып жатқанын біз бәрін біле бермейміз. Сондықтан әрбір азамат, жеке тұрғын болып қауіпсіздік ережесін сақтаса, ата-ана баласын бақылауынан тыс қалдырмаса мұндай жағдайлар орын алмайды.
Тағы да бір айта кететін мәселе бар. Негізінен бұл маусымда арнайы суға түсуге рұқсат етілген жерде ғана шомылу қажет. Ал, біздің аудан территориясындағы каналдарда ондай орын жоқ. Мәселен мұндай рұқсат етілген жерлер Шиелі, Арал аудандарында бар. Жеке кәсіпкерлер көл жағасына қайық апарып, демалушыларға барлық жағдай жасап қойған. Ал, біздің аудан территориясында ондай орындар жоқ. Осындай суға түсуге әрі демалыс ұйымдастыруға қолайлы бір канал бар. Бірақ, өкінішке орай кәсіптің бұл түрімен айналысуға ниет білдірушілер болмай отыр.
– Жылда көктемде шығарылған қоқыстарға өрт қоюдың аяғы табиғатқа залал келтірумен аяқталып жатады. Оған былтыр да көзіміз жетті. Биыл осындай жағдайлар орын алды ма?– Өкінішке орай, бұл жағдай көз үйренген көрініс болып бара жатқан сыңайлы. Шығарылған қоқысқа өрт қоя салу қазір жиілеп кетті. Биыл аулдық елді мекендердің өзінде 5 жағдай тіркелді. Ал, кент орталығында көктемгі тазалық жұмыстарын жүргізу кезінде тағы 5 рет осындай өрт оқиғасы қайталанды. Үйілген қоқысқа өрт қойып кетіп қалады. Аяғында ол өрт желмен ұзаққа барып табиғатқа, тіпті жеке үйлерге де зардабын тигізеді. Негізінен жиналған қоқысты бақылаусыз қалдыруға болмайды. Жаңағы орын алған жағдайларға байланысты жауапты азаматтарға әкімшілік шара қолданылды.
– Тілсіз жаудың осы бір түрінен келетін зардапты ойлап қарасақ, Ресейдің Кемерово қаласындағы сауда орынында орын алған оқыс жағдай еріксіз еске түседі. Дала өртінен бөлек мұндай жағдайлардың алдын алу үшін әлеуметтік нысандарға да тексеру жүргізесіздер ме?– Осы жағдайға байланысты ҚР Бас прокуратурасының және ҚР Ішкі істер министрінің тапсырмасына сәйкес адамдар көп шоғырланатын орындарға, білім ошақтарына, сауда орындарына, жалпы әлеуметтік нысандарға тексеру жұмыстарын жүргіздік. Сонымен қатар, төтенше жағдай орын алған жағдайда онымен қалай күресу қажеттігін көпшілікке түсіндіру мақсатында оқу-жаттығу жұмыстары да ұйымдастырылды. Бақылау жүргізу барысында кейбір әлеуметтік нысандардың оқыс оқиға орын алған жағдайда ашық болуы тиіс эвакуациялық есіктерін құлыптап тастағаны анықталды. Мұндай нысандарда егер өрт оқиғасы орын алса, халықтың зардап шегуі әбден мүмкін. Бір жақсысы аудандағы барлық мекемеде төтенше жағдай орын алғанда дабыл қағатын арнайы аппараттар бар. Бірақ, олардың барлығының сапасы сын көтере бермейді. Тіпті кейбір мекемелердегі құралдың бұл түрі істен шыққан. Мұнан бөлек алғашқы өрт сөндіру құралдарының жеткіліксіз болып жатқаны да бізді алаңдатты. Барлық қажетті заттардың тиісті мөлшерден төмен екені де жасырын емес. Мәселен, төтенше жағдайды ауыздықтауға қажетті суды пайдаланып, құр ыдысы тұрған мекемелер де жоқ емес.
Тұрғындардың газ балондарын май құю бекеттерінен құйып алуы да кейде қайғылы жағдайға әкеліп жатады. Мәселен Қызылорда қаласына қарасты Белкөл елді мекенінде орын алған жағдайды білесіздер. Соңы адам шығынымен аяқталды. Бізде мұндай жағдай орын алған жоқ. Бірақ, алдағы уақытта тұрғындар осыны білсін деймін. Газды негізінен арнайы орындардан алған жөн. Себебі, олар балонды алғанда оның астында жиналған қалдықты ай сайын тазартып отырады. Ал сіз май құю бекетінен ала берсеңіз балонның түбінде жиналған қалдықтың мөлшері артып, қысымға шыдамайтын жағдайға жетеді. Сондықтан аяғы қайғылы жағдайға апаруы мүмкін. Тағы бір айтатын мәселе кейбір нысандарда, білім ошақтарында балаларға тамақ беріп жатады. Ол жерлерде заңдылығында газ балон нысанның сыртында орналасуы қажет. Ал ауданда осы ережеге немқұрайлық танытқан мекемелер де жоқ емес. Анықталған жағдайларға байланысты ескертпе хат жолдадық. Мамыр айының аяғында қайта тексеріп, нәтижесін білетін боламыз. Төтенше жағдаймен күрескен дұрыс. Бірақ, оның алдын алған одан да маңызды. Осыны барлығы білсе деймін.
– Дархан Нұрбекұлы, осы өрттен келетін зиянды айтатын болсақ, ауылдық елді мекендердегі халық көптеп зардап шегеді. Себебі, өрт сөндіру орталығы тек кент орталығында ғана. Ол шалғай ауылдық елді мекендерге барамын дегенше ауыздықталмаған өрт біраз шығынға әкелетіні сөзсіз. Бұл жұмысты оңтайландырудың қандай жолы бар?– Бұл сауал осы күнге дейін өзімізді де алаңдатып отырғанын жасыра алмаймын. Кент орталығынан шалғайда орналасқан елді мекендердегі төтенше жағдайдың алдын алу үшін біз көп уақыт жоғалтамыз. Шыны керек, барлық уақыт жолға кетеді деп айтсақ та болады. Осы орайда облыс әкімінің орынбасары Серік Сүлейменовтың 2018-2020 жылдарға арналған шалғай орналасқан елді мекендерде өрт сөндіру бекеттерін құру туралы кезеңдік жоспарына сәйкес бірқатар шараларды қолға алу жоспарда бар. Мәселен, биыл Мәдениет ауылынан 1 өрт сөндіру бекетін ашу қолға алынуда. Келер жылы дәл осындай игі бастама Қаракеткен ауылында жалғасын таппақ. Ал, 2020 жылы Бұқарбай батыр ауылында да өрт сөндіру бекеті ашылады деп жоспарлануда. Осы жұмыстар жүзеге асса, біз бір жағынан уақыт жоғалтпаймыз, келесі кезекте зардап шеккен нысанға да көп шығын келмейді.

– Сұхбатыңызға рахмет!Сұхбаттасқан Кенжетай Балғабай.


19 мамыр 2018 ж. 1 666 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 697

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031