Өрт қауіпсіздігін сақтау – балалардың өмірін қорғау
Жуырда Темірбек Жүргенов атындағы №123 мектеп-лицей базасында «Балаларды өрттен қорғайық!» тақырыбындағы акция аясында аудандық білім бөлімі және аудандық төтенше жағдайлар бөлімімен бірлескен семинар-практикум өткізілді. Семинар-практикумға аудан әкімі аппаратының жұмылдыру дайындығы және аумақтық қорғаныс бөлімінің басшысы С.Садықов, білім бөлімінің басшысы Г.Құрманбаева, төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Ж.Түйменов, барлық мектеп директорлары, балабақша меңгерушілері, мектеп директорларының тәрбие ісі, шаруашылық ісі жөніндегі орынбасарлары қатысты.
Семинар-практикумді білім бөлімінің басшысы Г.Құрманбаева ашып, өткізіліп отырған семинардың маңыздылығына тоқталып, бағдарламамен таныстырды.
Төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Ж.Түйменов білім беру ұйымдарында өрт қауіпсіздік ережелерін сақтау жолдарын, өрт уақытындағы қызметкерлердің іс-әрекеттерін түсіндірді. Болған өрт оқиғаларына талдау жасап, білім беру ұйымдарына жүргізілген зерделеу қорытындыларымен таныстырды.
Семинар барысында өрт оқиғалары бойынша арнайы дайындалған бейнероликтер көрсетілді.
Шараның практикалық бөлімінде Жалағаш аудандық №6 өрт сөндіру бөлімінің қатысуымен арнайы өрт-тактикалық жаттығу өткізілді. Өрт-тактикалық жаттығуға №123 мектеп-лицейдің қызметкерлері мен оқушылары, ішкі істер бөлімінің, медициналық жедел жәрдем, Жалағаш электр тарату торабының қызметкерлері қатысты.
Қорытынды бөлімде өрт-тактикалық жаттығу барысындағы орын алған кемшіліктер талқыланып, төтенше жағдайлар уақытында қызметкерлердің орындайтын іс-әрекеттері түсіндірілді.
Барлық білім беру ұйымдарының басшыларына өрт қауіпсіздігін сақтау шараларын қамтамасыз ету бағытында тиісті жұмыстарды орындау, үнемі бақылауда ұстау тапсырылды. Семинар-практикум жоғары деңгейде өтті.
«ЖЖ» ақпарат.