Қорған бол Қазақ, қауымдас!
Халқымызда бабалардан келе жатқан «Ел басына күн туса, ер етікпен су кешер» деген даналық сөз бар. Осы бір мақал дәл осындай дүниені шарпыған қуаңшылық салдары біздің елімізді ғана емес, бүкіл әлемді алаңдатқан шақта айтылса керек. Салмағы ауыр сөз. Ерлерімізді етігімен су кештіруге жазбасын деп тілеген халықпыз. Жағдай қиын болса, жұртшылық қиын-қыстау шаққа тап келсе, шығатын амалды тауып, бүтін бір елдің мәселесін шешуге көмектесіп, табиғи апаттың салдарынан қорғап қалудың жолында ерлер жүрмегенде қайтпек?
Иә, шынында Арал мен Қазалы өңірі тұрғындарын жыл басынан бері табиғи құбылыстар әбден әбігерге салып, титықтатты. Алдымен Сырдариядан келетін су тапшылығының азабын тартты. Салдарынан өңірдегі жайылым жұтаң тартып, қолдағы төрт түлікке азық етерлік шөп қалған жоқ. Оған қоса қыс пен көктем мезгілдерінде жауын-шашын аз түсті. Осындай келеңсіздік елді мекендерді мал шығынына алып келді.
Міне, осындай елге төнген табиғи нәубетке қарсы күш біріктіріп, белді бекем буып, аудандар арасында алғашқы болып белсенділік танытып, дала төсіне барып, Аралға көмек беру мақсатында шөп оруға ә дегеннен кірісіп кеткен жалағаштықтардың көтерген бастамасын қалай қолдамассың? Міне, елдік мақсатқа тізе қосып, атыздарды аралап адымдаған жомарт жүректі жандардың қатарында бір сәт жазық даланы жұмыс даласына айналдырып, қарапайым еңбек адамының кейпіне еніп, қолына орақ ұстаған аудан әкімі Асылбек Шаменов, өн бойына тектілік пен тереңдікті жиған, сөз маржанын санаға отты өлеңмен құйған осы жердің төл перзенті, алтын домбыра ұстаған қолымен, маялап шөпті жиған айтыстың ақтаңгері Мұхтар Ниязов бар.
Арал мен Қазалының қасіретін өз қасіретінен кем көрмеген белсенділер ішінде нәзікжандылардың болғаны тіпті шараның мазмұнын айшықтай түсті. Аудандық мәслихат хатшысы Гүлзат Құрманбаева, "Nur Otan" партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қаншагүл Мұстафаевалар бұл қайырымдылық шарасына белсене атсалысып, елдің ықыласына бөленді. Аудандағы еріктілер де қанына сіңген жігерімен халықтық істе қайрат көрсетті.
Мойымаңдар жігіттер,
Алмастың жүзі шағылмас.
Алты Алаштың баласы,
Тұрғанда бәрі бауырлас.
Көк Түріктің оғланы,
Қазулы жолдан жаңылмас.
Көк байрақты Қазақтың,
Ұраны шықса дабылдас.
Бейбіт күнде ерлерім,
"Ұран оты" жағылмас!
Отбасың, Ордаң, Отаның,
Қорған бол Қазақ, қауымдас!
Белгілі жырау Алмас Алматов ағамыздың қолтаңбасы бұл. Дәл осы мәрт азаматтар мен азаматшалардың рухын көтерер керемет жыр. Қазақтың бір-біріне қорған болып, қиын шақта қауымдасқаны ел сүйсінетін үрдіс.
Үш дүркін алтын домбыра иегері Мұхтар Ниязов осы қайырымдылық науқанын бейнелеп, өзінің жеке фейсбук әлеуметтік желідегі парақшасында әдемі жүрекжарды лебіз қалдырыпты.
«Асылбек Өмірбекұлы да білекті түріп жіберіп, біраз шөпті жайратып салды. Тіпті Қаншагүл апай да кірісіп кетті. Даладағы қостан дәм ауыз тиіп, еңбек даласынан бір ләззат алып қайттық. Бұл жәй науқан емес, бұйырса, жалғасын таба беретін жақсы бастама сияқты. "Бес саусақтың біреуінен тістесең, бәрі ауырады" дегендей, елдің бір шетіне келген қиындыққа тұтас ел болып иық тосса, жүк жеңілдеп сала береді. Басқа аудандар да қарап қалып жатқан жоқ, бірақ маған Жалағаштың қарқыны ұнады. Ел аман, жұрт тыныш болып, мал-жанымыздан бәле-жала аулақ болғай!»
Иә, өте керемет тілек. Ол сөз сардарының аузынан шықса, киелі де жүйелі деп пайымдаймыз.
«Бірлік қайда болса, ерлік сонда, еркіндік қайда болса, елдік сонда» деген даналық сөз бар екен. Бірлігіміз бекем, еркіндігіміз мәңгілік болсын. Сонда ерлік те, елдік те біздің серігіміз болмақ. Тек Алла елімізді жеті ағайынды жұттан сақтағай.
Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА