Монша, алкогольдік ішімдік болмайды: Вакцина салдырған соң қалай күтінген дұрыс
Алматы қалалық №5 аурухананың жалпы тәжірибелік дәрігерлер бөлімінің меңгерушісі Гүлзат Байзақова вакцина салдырған соң қалай күтіну керектігін айтты.
Оның сөзінше, вакцина салдырған соң 3 күн ішінде моншаға түсуге, алкогольдік ішімдік ішуге, күн сәулесінің астында қыздырынуға болмайды. "Себебі вакцинаның әсері төмендеуі мүмкін. Оның үстіне, вакцинаның І компонентін алған соң шетелге шықсаңыз, ауырып қалу ықтималдылығы жоғары. Екінші компонентті салдырған соң Т-хелперлер иммунитетті толық бекітеді. Одан соң адамда толық иммунитет қалыптасады", - дейді Гүлзат Байзақова өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз конференциясы барысында. Сонымен қатар, маман вакцинаның ІІ компонентін алғаннан кейін де адамдар көп шоғырланатын ортаға бармай, сақтануға кеңес беріп отыр.
Оның айтуынша, санитарлық-гигиеналық жағдайлардың бәрін сақтап, маска тағып, күтініп жүрген абзал. Сөзін қорытындылай келе Гүлзат Байзақова коронавирусқа қарсы екпенің І компонентін салдырған соң 100% ауырмаймын деген қате пікір екенін жеткізді. Сондықтан ІІ компонентті салдырған соң да, 40 күн бойы күтіну қажет. Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрайымы Айжан Есмағамбетова вакцина салдырғаннан кейін коронавируспен ауырып қалғандар санын жариялаған болатын.