Дертті дендетпеудің төте жолы
Дерт дендегеннен бері елді үрей билеп алды. Екпенің зияндылығын айтып «мен дәрігермін» деп ғаламторда түрлі кері пікір білдіргендердің кесірінен көп адам вакцинадан бас тартып, қарсылық білдіруде. Арасында оң пікір білдіргендер де бар. Олар осы екпеден кейін алергиясының басылғанын, кейбірі аурудан жазылғанын айтып жатыр. Жасы егде кісілердің ішінде де оң пікір білдіргендері де кездесіп қалады.
Ал дәрігерлер екпе алған науқастарда дерт асқынбай, өлім-жітім кездеспей жатыр деп халықты оны уақытылы қабылдауға үндеуде. Шынында ел екіұдай қарама-қайшы пікірден сергелдеңге түсуде. «Вакцина алсаң, 2-3 жылдан кейін жан тапсырасың» деген суық хабар да әлеуметтік желі арқылы тарады. «Тәжірибеден өтпеген вакцинаны біз арқылы сынақтан өткізіп жатыр» деп шулаған ел тіпті дәрігерлерге шабуылдап та жатыр. Осындайда бір жаман ой келеді адамға. Мүмкін бұл адам санасына ақпараттық шабуыл жасап, оны үреймен улау ма деген. Әйтпесе вакцинаны ғылыми негізде даярлап, қолданысқа енгізген ғалымдар халыққа зиян жасамайтын шығар. Арада алып-қашпа әңгіме таратып жүрген жасырын белсенді ұйым бар секілді. Қалай болғанда да өте қиын жағдайды халық бастан өткеріп жатқаны шындық. Алла тек сансырап санасы сан сынаққа душар болған елдегі ағайындарға сабыр берсін. Сондықтан қарапайым халықтың көзін ашу үшін ең білікті деген маманның вакцинаға қатысты пікірі елді дүрліктірген дүрмекке тоқтау жасар деген ойдамын. Осы орайда профилактикалық медицина академиясының президенті, Америка денсаулық сақтау қауымдастығының мүшесі Алмаз Шарманның вакцинаға қарсы топтың уәждеріне жауабын тыңдасақ.
«Кейбір антиваксерлер вакциналардағы қандай да бір зиянды химиялық заттардың болуына «алаңдау» қажет деген қауесетті таратуда. Олардан мұндай уәж есту қиын, өздері тек қана органикалық тамақ жеп, Тибеттің ауасымен дем алып, Альпі суын ішіп жүрген жоқ. Әлемде 100 пайыз қауіпсіз ештеңе жоқ. Тіпті қарапайым нан глютенге қарсы көрсетілімі бар адамдарды ауыр жағдайға, кейде өлімге әкелуі мүмкін. Вакцинаға қарсы адамдар көп мөлшерде қабылдайтын биологиялық белсенді қоспалар мен дәрі-дәрмектердің жанама әсерлері болуы мүмкін. Сонымен қатар, қазіргі вакцина өндірісі тазарту дәрежесі мен өндірістік қауіпсіздіктің барлық талаптарын сақтау бойынша жоғары деңгейде», – деп жазды дәрігер Facebook парақшасында.
Оның айтуынша, вакцинаға наразы топтың тағы бір аргументі – қазіргі вакциналауды толық аяқталмаған вакциналар экспериментіне қауіпті қатысу деп есептейді. «Олай болса, 120 жыл бұрын шыққан аспириннің қанға әсері туралы клиникалық зерттеулер әлі де жүргізіліп келеді. Антиваксерлердің осы пікіріне сүйенсек, планетадағы миллиардтаған адамдар аспиринді сынауда «тәжірибелік қоян» болған. Қазіргі уақытта COVID-19 – алдын алуға болатын ауру. Вакцина 100 пайыз болмаса да, коронавирус инфекциясынан жақсы қорғайды және аурудың ауыр өтуінің алдын алады. Әрине, вакцинаның өзі ковидті тудырмайды. Қазіргі уақытта әлемде 4 миллиард доза түрлі вакциналар салынды және вакцинадан туындаған коронавирус инфекциясының бірде-бір жағдайы болған жоқ. Вакцина алғандар іс жүзінде ковидтен қайтыс болмайды», – дейді А.Шарман.
Сонымен бірге, вакциналар репродуктивті бұзылулар мен жаңа туған нәрестелердегі деформациялардың дамуына әкелмейді. Керісінше, ковидпен ауыратындарда бедеулік, белсіздік, шала туу, сондай-ақ мидың, жүректің және басқа органдардың созылмалы бұзылуы, ақыл-ой қабілетінің төмендеуі қаупі бар. «Қазір күн сайын 7 мыңнан астам қазақстандық коронавирус жұқтырып, 150-ден астам науқас қайтыс болуда. Бұл – үлкен трагедия, егер көптеген адамдар халықты адастырмағанда және көпшілігіміз қажетті вакциналарды уақытылы алғанда, бұлай болмас еді. Өкінішке орай, Қазақстанда халықтың 80 пайыздан астамы коронавирусқа қарсы екпе салдырған жоқ. Бұл оның таралуы мен мутациясы үшін өте қолайлы орта. Мұндай жағдай әлі де жалғасса, коронавирустың жұқпалы және агрессивті нұсқаларына байланысты індеттің жаңа толқындарына тап боламыз. Жеңілдеген карантиндік шаралар кезіндегі вакциналау процесі аса жұқпалы коронавирустың вакцинаға төзімді жаңа нұсқаларын қалыптастыруға ықпал етеді. Себебі бұл вирустың табиғи процесі. Азаматтардың басым көпшілігі, шамамен 80 пайызы вакцина алғанша карантин шараларын әлсіретуге болмайды», – дейді ол.
Міне, маман пікірі осындай. Шындыққа жанасатын секілді. Сондықтан құр байбалам мен дақпыртқа ермей, бұл кәсіптің өз маманы, яғни дәрігерге жүгінейік. Жөні сол.
Г.ҚОЖАХМЕТОВА