» » Су тасқыны Өскемен қаласына да жетті

Су тасқыны Өскемен қаласына да жетті

3 тәулік ішінде ШҚО-да 220-дан астам үйді су басқан. Глубоке ауданындағы Глубочанка өзені арнасынан асып, бірнеше елді мекен су астында қалған. Аудан орталығы Глубокое кентінің өзінде 29 үйге су кірген екен. Облыстың әкімі Даниал Ахметов тасқынның екінші толқынынан ең көп зардап шеккен Глубоке ауданына түнделетіп барды. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлады.

Еске сала кетсек, Глубокое ауданында төтенше жағдай жарияланған еді.
«Су кеше таңертең жайыла бастады. Төтенше жағдай мамандары шлак төкті. Соны қаптап, судың жолына тосқанбыз, нәтиже болмады. Қоражайымыз бен құдығымыз су астында қалды. Ауызсуды биікте орналасқан үйлерден алып отырмыз. Су жертөледен бір-ақ шықты. Үйдің іргесіне әуелі полиэтилен төсеп, оның бетіне құмқап жинағанбыз. Оны жасамаған үйлерге қызыл асықтан су кірді» – дейді үйін су басқан тұрғандардың бірі Қазима Қасенова.
Үйлерге кірген судың бетін қайтару үшін көпірдің бір жағын жырып, ағыс кептелген тұсты кеңейту керек деген шешім қабылданыпты. Даниал Ахметов ол жұмыстың тиімсіз ұйымдастырылғанын сынға алды.
«Қауқарсыз техникамен жолды жырып болғанша қанша уақыт кететінін айтудың өзі қиын. Мына екі техниканың орнына үлкен экскаватор қойғанда жұмыс 10 есе жылдам жүруші еді. Осының бәрін баспен ойлап істеу керек болған. Түнде мына техникалардың орнына 2 үлкен эксковатор әкелінетін болсын» – деді ол.
Үйіне кіре алмай қалса да, облыс әкімінің келетінін естіп, көшеде сабылып жүрген тұрғындар талап-тілектері мен шағымдарын айтты. Олардың айтуынша тасқын басталған сәтте-ақ тұрғындар көпірдің шетін жырып, арнаны кеңейтуді  ұсынған екен.
Облыс әкімі үйі бүлінген тұрғындардың ешқайсысы өтемақысыз қалмайтынын айтты.
«Глубочанка өзені арнасына сыймай кетіп, осындай жағдай болып отыр. 2 күннің ішінде арнайы комиссия барлық су алған үйлерді тексереді. Кіру мүмкін емес болған үйлердің мәселесі су қайтқан соң қаралады. Сол тексерулер нәтижесінде тұруға жарамсыз болған үй иелеріне басқа үй немесе пәтер беріледі. Бүлінген үйлер жөнделеді» – деді Даниал Ахметов.
Жалпы аудан бойынша су алған үйлердің саны 163-ке жетіп отыр.  Олардан 566 адам қауіпсіз жерге көшірілген. Әлеуметтік нысандар базасында құрылған уақытша баспаналарды солардың тек 60-ы ғана паналауда. Қалғандары туысқандарының үйіне орналасыпты.
Аймақ басшысы О.Бөкей атындағы мектепке уақытша көшірілген тұрғындардың хал-жағдайын білді. Мұнда 6 бала, 6 ересек адам орналастырылыпты. Мектеп директоры спорт залға тағы 150 адам қабылдауға болатынын айтады.
«Ең бірінші осы Марфуға Шекербай екеуіміздің үйімізді су басты. Мектеп директорына көрсетіп жатқан көмегі үшін рахмет. «Нұр Отан» партиясының атынан Әнуарбек Мұқтарханов деген азамат келіп, жағдайымызды біліп кетті» – деді Гүлмира Қалиева.
Облыс басшысы мұндағы адамдарға да үй құласа орнына баспана берілетінін, қирап-бүлінген мүліктің барлығына өтемақы төленетінін тағы да баса айтты.
Даниал Ахметовтың айтуынша соңғы 3 тәулікте Глубокое ауданынан бөлек Өскемен қаласында 60 үйді, Катонқарағай ауданында 4 үйді су алған.
«Екі күннің ішінде 78 миллиметр жаңбыр жауған. Бұл үш айдың мөлшерінен асады. Глубокое ауданында су алған ауылдар да, Өскеменнің шетіндегі жеке секторлар да шұңқырлы жерде орналасқан. Мезгілсіз жауын жібіп үлгермеген тоңның бетімен үйлерге жайылып отыр. Бұған дейін Аягөздегі тасқыннан зардап шеккен  отбасыларға барлығы 189 млн теңге бөлінді. Ал Өскемендегі тасқынның салдарын жоюға қала бюджетінен қаржы жұмсалуда. Глуобокое ауданындағы су басқан үйлердің тең жартысы тексерілді. Қалғанын 2 күннің ішінде қарап шығады. Соның нәтижесі бойынша тиісті көздерден қаржы бөлінеді» – деді  әкім.
25 наурыз 2018 ж. 1 125 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 763

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930