Демалыстан кейін қазақстандықтардың 16 пайызы күйзеліске ұшырап, жұмысқа шыққысы келмейді
Сауалнамаға қатысқан кеңседе қызметкерлерінің 33 пайызы жұмыс туралы ойлаудың өзінен күйзеліске түседі екен. Биыл қазақстандықтар Наурыз мейрамына орай 21-25 наурыз аралығында бес күн бойы демалды. Сондай-ақ, көптеген кеңсе қызметкерлері еңбек демалысын 19-20 наурызға рәсімдеп, нәтижесінде 9 күн қатарынан демалды. Зерттеу жұмысы Астана мен Алматыдағы қызметкерлердің төрттен бір бөлігі мейрамнан кейін жұмыс істеуге құлықты емес екендігін, ал 16 пайызы күйзеліске түсетінін, 33 пайызы жұмыс туралы ойдан есеңгіреп қалатынын анықтады, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі «Kompetenz» сақтандыру компаниясына сілтеме жасап.Ұзаққа созылған мерекелік демалыстан кейін күйзеліске түскендердің 60 пайызы жүйкесін қалыпқа келтіруге тырысып, жұмысқа бар ынтасымен кірісуге тырысса, 16 пайызы жұмыстың бірінші күні-ақ жазда алатын еңбек демалысы туралы ойлап, тіпті болмаса мамыр айындағы демалыс күндеріне қатысты жоспар құру арқылы өзін-өзі жұбатады.Кеңсе қызметкерлерінің көңіл-күйінің түсуі орташа есеппен аптаның бірінші жартысына дейін жалғасып, жұмыс істеу қабілетіне кері әсерін тигізеді. Сауалнамаға қатысқандардың 55 пайызы ұзаққа созылған демалыс күндерінен кейін жұмыс істеу қабілеті жоғарылап кететінін айтқан. 14 пайызы көктемнің келгеніне қарамастан еңсесі түсіп, көңілсіз күйде жүретінін білдірген.
«Таңертең тұрып, күні бойы атқаратын жұмысты қағазға түртіп алып, маңызды іскерлік кездесулер өткізу көбіміз үшін қалыпты жағдай екенін түсінеміз, бірақ ұзаққа созылмайтын демалыстың өзі адамның еркінсуіне жол беріп, қайтадан жұмыс істеуге кірісу өте қиын болады. Сол үшін нақты жұмыс жоспарын құрып, алдағы қойған мақсат бойынша жұмыс істеуге үйрену керек. Сағат сайын 10 минуттық үзіліс жасаңыз. Далаға жиі шығып, тәтті-дәмділерден ауыз тиіп, күнделікті жұмыс кестесіне өзгеріс енгізіңіз», - дейді «Kompetenz» СК АҚ басқарма төрайымы Аида Айдарханова.Күйзеліске тоқтала кетсек, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропа аймақтық бюросы Қазақстанда күйзеліске ұшырағандар көлемі 4,4 пайыз екенін, ол санмен алғанда 800 000 адам болады деп есептейді. ДДСҰ-ның болжауынша, 2020 жылға қарай әлемде ең көп тараған ауру түрі күйзеліс дерті болады. ДДҰС күйзелісті адамзатты жалмайтын нәубетке балайды. Қазіргі уақытта жер бетінде 300 миллионнан астам адам күйзеліске ұшыраған.