КЕЛЕЛІ ІСТЕР КЕМЕЛ КЕЛЕШЕККЕ БАСТАЙДЫ

«Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты дәстүрлі Жолдау жеті бөлімнен тұрады. «Пандемиядан кейінгі кезеңдегі экономикалық даму», «Денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыру», «Сапалы білім беру», «Өңірлік саясатты жетілдіру», «Еңбек нарығында тиімді экожүйе қалыптастыру», «Саяси жаңғыру және адам құқығын қорғау», «Ұлттың ұйысуы – одан әрі дамудың басты факторы» деп аталатын бөлімдерде елдегі басты салалардағы өзгерістер, Қазақстанның дамуы жолындағы нақты бас жоспарлар, алдағы міндеттер мен мақсаттар қамтылған. Әсіресе Ел Президентінің білім саласына ерекше тоқталуының да маңызы зор. Бұл – қазіргі замандағы ең басты сала. Себебі тек біліммен ғана барлық белесті бағындырып, көптеген асулардан тұратын мақсаттарды бағындыруға болады. Білікті әрі бәсекеге қабілетті тұлға ғана мемлекетті алға жылжыта алады.

Әрине саланың дамуына, жастардың сапалы білім алуына қажетті қаражат бөлінуде, барлық мүмкіндіктер қарастырылуда. Жыл сайын білім гранттарының саны артып, шетелге оқуға кеткен студенттер қатары өсуде. Елдегі білім беретін орындар мен мектептердің заманауи кейіпке енуіне де күш салды. Цифрлық технологиялармен қамтылып, жаңашылдыққа ұмтылған жастарға жағдай жасалуда. Ең бастысы, елдегі педагог қызметкерлердің табысы артып, тіпті жыл сайын жалақысын өсіру қолға алынды. Ендігі жерде ұстаздар қауымына қойылатын талап – бәсекеге қабілетті, жан-жақты жастарды қалыптастыру, олардың әрбірінің келешекте білікті маманға айналуына жұмыс жасау, сапалы білім мен саналы тәрбие беру.
Саяси құжатта басымдық берілген тағы бір мәселе денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыру болды. Бұл салаға басымдық берілуі түсінікті. Өйткені халық саулығы басты орындағы мәселе. Күн тәртібінен түспейді. Әсіресе қазіргі әлемдік пандемияның кезінде саланың барлық тетіктерін іске қосып, мүмкіндіктерді жаңарту керек. Медицина саласына көрсетілетін қолдау мен көмектің нәтижесінде салада біраз жаңалық бар. Цифрлық технологияға ауысқан саланың жұмысы біршама реттелді. Жүйеге түсіп, халықтың саулығына жасалатын қызметтердің тиімділігі артты. Дәрігерлер қауымы да назардан тыс қалмады. Олардың да айлық табыстары артып, жыл сайын өсім алуда.
Дәстүрлі Жолдауында салаға жасалған қолдауды тілге тиек еткен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Медицина саласына қомақты қаржы құю керек. Бұл қаражат инфрақұрылымға, маман даярлауға және халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге жұмсалуға тиіс.

Расымен заманның талабын ескерсек, осы секілді жаңалықтарға ұмтылу, сол арқылы елдегі денсаулық сақтау саласын дамыту ұтымды шешім. Пандемияның әсерінен жұмыстары қауырт күйге түскен ақ халаттыларды да назардан тыс қалдырмай, жұмыстарына дем беру де күн тәртібінде тұрғаны белгілі. Салаға көп көңіл бөлінген сайын жаңа мүмкіндіктерге жол ашылып, медициналық көмектің сапасы артты. Ел Президентінің саяси құжатында атап көрсетілген «Пандемиядан кейінгі кезеңдегі экономикалық даму» бөліміндегі өзекті мәселелерді дер кезінде қолға алып, іске асыру келесі кезекте тұрған жұмыс. Президент айтпақшы, экономика әлсіремес үшін, пандемия кезінде мемлекет азаматтарға және кәсіпкерлерге ауқымды әрі жедел қолдау көрсеткеніндей, «Қарапайым заттар экономикасы» секілді тиімді бағдарламаларды іске қосқан жөн. Бұл өз кезегінде халықтың тұрмыстық жағдайының төмендеп, не болмаса елдегі жұмыссыздар санының көбейіп кетуінің алдын алады. Әркім өзінше жұмыс жасап, өз-өзін жұмыспен қамтуды, табысын арттыратын мүмкіндіктерді тиімді пайдалануды үйренеді.
Жалпы Жолдауда мемлекетті өркендету жолындағы барлық жұмыстар, алдағы міндеттер толығымен талданған. Жоспарлар, мақсат-мүдделер нақты аталып, осы бағыттағы жұмыстар көрсетілген. Алда Қазақстанның әлем елдерімен иық тіресіп, дамыған мемлекеттердің қатарына қосылатынына тағы бір мәрте сенім арттық.
Нұржамила АЛМАСҚЫЗЫ