ЖОЛ КАРТАСЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Сайлауалды бағдарламаның орындалуы, көрсетілген жобаларды іске асыру халық қалаулыларының күн тәртібінен түскен емес. Бүгінде аудан бойынша сайлауалды бағдарламаны іске асыру жөніндегі Жол картасының 8 айда орындалуы тиіс 89 іс-шараның 26-сы немесе 29,2 пайызы толықтай орындалған. 9 іс-шараның мерзімі келмеген, ал 54 іс-шара немесе 60,7 пайызы орындалу үстінде. Бұл туралы “Nur Otan” партиясы аудандық филиалының төрағасы, аудан әкімі А.Шаменовтың төрағалығымен өткен басқосуда айтылды.
Жалағаш аудандық мәслихатындағы «Nur Otan» партиясы депутаттық фракциясының мүшелері және аудандық партия филиалының Саяси кеңес мүшелерінің бірлескен отырысында халық қалаулылары мен Саяси кеңес Бюро мүшелерінің назарына «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі Жалағаш ауданы бойынша жол картасының 2021 жылдың 8 айындағы орындалуы баяндалды. Аталған Жол картаның орындалуын аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Ж.Баймаханова кеңінен тарқатты.
Биыл тамыз айында Жалағаш аудандық мәслихатындағы «Nur Otan» партиясы депутаттық фракциясының мүшелері тұрғындарға арнап көшпелі қоғамдық қабылдау өткізген болатын. Тұрғындармен кездесу барысында ауыз су, жол, білім, денсаулық, мәдени ошақтардың құрылысы сынды мәселелер назарға алынған. Бүгінде «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында республикалық бюджеттен Таң ауылының 6 көшесін орташа жөндеу жұмыстарына 239,5 млн теңге бөлініп, жөндеу жұмыстары аяқталды. Сондай-ақ аталған ауылдағы №118 орта мектеп ғимаратын күрделі жөндеуге ел қазынасынан 181,1 млн теңге, облыс тайқазанынан 15 млн теңге, барлығы 196,1 млн теңге бөлініп, жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қазіргі таңда облыстық басқарма арқылы Таң елді мекенінде жоба құны 140 млн теңге болатын дәрігерлік амбулаторияның құрылыс жұмыстары да басталып кетті.
Осыған дейін Еңбек және Есет батыр ауылдары аралығындағы ЮК-146-70 көпірін қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізуге жоба-сметалық құжаттар әзірленген болатын. Мемлекеттік сараптамадан өткен көпір құрылысына қатысты жобаның жалпы құны 149,5 млн теңгені құрайды. Жобаны іске асыру үшін биыл 59,7 млн теңге бөлініп, жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Жалағаш кентіндегі темір жол арқылы жаяу жүргіншілерге арналған аспалы көпір құрылысына да жоба-сметалық құжаттар әзірленген еді. Мемлекеттік сараптамадан өткен жобаның жалпы құны – 184,8 млн теңге. Оны қаржыландыру үшін 2021 жылға бюджеттік өтінімдер тиісті басқармаларға тапсырылды.
Айта кетейік, аудан бойынша 2022 жылға «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында республикалық бюджеттен қаржыландыруға 938,6 млн теңгені құрайтын 8 жоба ұсынылыпты. Олардың қатарында М.Шәменов елді мекеніндегі Мәдениет үйі ғимаратын күрделі жөндеу, ішкі көшелерін орташа жөндеу, елді мекендегі аудандық маңызы бар кірме жолды жарықтандыру, кенттегі М.Шәменов көшесін орташа жөндеу, Аққұм елді мекенінің ішкі көшелерін орташа жөндеу жұмыстары бар.
Жиын соңында аудандық партия филиалының төрағасы, аудан әкімі А.Шаменов «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі Жалағаш ауданы бойынша жол картасының 2021 жылдың қорытындысымен жоспарланған іс-шараларды толығымен орындауды әрбір шараға бекітілген депутаттық фракция мүшелеріне бақылауға алып, мониторинг жұмыстарын жүргізуді тапсырды.
Е.Әнуарұлы