АКЦИЯҒА АУДАН ХАЛҚЫ ДА АТСАЛЫСТЫ
Тазалық жайын сөз еткенде ең алдымен ауданның келбетін арттырып, Жалағаштың жасара түсуі үшін жасалып жүрген көркейту-көгалдандыру жұмыстары ойымызға оралады. Өйткені осы бағытта жасалған әрбір жұмыс таза еңбектен тұрады. Түптеп келгенде тазалықтың да, көркейту-көгалдандырудың да түпкі мақсаты бір. Өзіміз тұратын өлкенің көп көзіне түрпідей тиетін көріксіз жерлерін күл-қоқыстан тазарту, қоршаған орта мен кент ішінде бірізділікті қалыптастыру және Жалағаштың жайқалып, келбетінің арта түсуіне әр тұрғынның қосар үлесі бар екенін ұғындыру.
Тазалыққа тастай талап қажет екенін жалағаштықтар жақсы біледі. Әр сенбілік жұмыстарында олардың табандылық танытатыны да сондықтан. Қазір күз мезгіліндегі екі айлық тазалық маусымының басталғанына да 2 апта болды. Өңірдің өркендеуін, елді мекеннің мұнтаздай таза болуын ортақ абырой деп білетін аудандағы барлық мекеме ұжымы жол жиегіндегі арықтарды күл-қоқыстан арылтып, сенбілік жұмыстарының қарқын алуына өз үлестерін қосуда. Аудан көлемінде жүргізіліп жатқан қызу тазалық жұмыстарында әрбір ұжым бөлінген аумақтарда, көшелерде тазалық жұмыстарын қарқынды жүргізуде. Соның ішінде аудан орталығының шет көшелері, орталық көшелер мен әлеуметтік нысандардың айналасын толық қамтыған тазалық жанашырлары қоқыс қалдықтарын шығарып, ортақ мекеннің көркеюіне өз үлестерін қосуда.
Қазір аудандағы әрбір мекеме ұжымы тазалық маусымында табандылық танытып жатқанын көріп отырмыз. Енді әрбір сенбілікке жергілікті тұрғындар да өз үлестерін қосқаны абзал. Себебі өзі тұратын өлкенің дамуына, тазалығына атсалысу, тазалықты өз ауласынан бастап, өзгеге үлгі бола білу – әрбірімізге жауапты міндет. Әрбір адам өзі тұратын үйдің ауласы мен көшелердің көркеюіне және тазалығына мән берсе, күл-қоқыстармен келетін түрлі инфекциялық аурудың болмасы да анық. Әсіресе көше бойына қойылған қоқыс жәшігіне салынатын қалдықтардың тиісті жәшіктің ішіне салынуы, жәшік толған жағдайда жауапты мекеменің уақытында тазартып отыруы да үлкен септігін тигізеді. Өйткені селқостықпен жәшіктің сыртына төгіле салған күл-қоқысты көшедегі қаңғыбас ит пен мысық жұлмалап шашады. Осы сияқты болмашы ғана жауапсыздыққа барғанша, қайта әрбір тұрғын тазалықты өзінен бастаса, ауданның көркеюіне, мәдениетіміздің жоғарылауына ештеңе кедергі бола қоймас. Жеке тұрғынның меншігіне қарасты аула әркез таза болса, сенбілік жұмыстарына білек сыбана кіріскен мекеме қызметкерлерінің де жұмысы жеңілдер еді. Олар да әр сенбі сайын сенбілікке шығып, демалысын өзгеге тиесілі ауланы тазалаумен өткізгеннің орнына өз ауласын тазалауға уақыты болар еді. Үйден шыққан қалдық, кір, кәріз сулары көше бойында орналасқан ағаштардың түбіне төгіле берсе, жайқалған ағаштан таза оттегі емес, лас ауа бөлінуі мүмкін. Тіпті қанша жылдардан бері келе жатқан жасыл желек еңсесін тіктеудің орнына, құнарсыз қалғандықтан қурауы ғажап емес. Сайып келгенде тазалық, бәріне ортақ. Күз айы басталғанына екі-ақ апта өтсе де, жалағаштықтар белсенді түрде кент тазалығына атсалысуда. Сенбілікте бір кісідей жұмылып, белсенділік танытып жүрген әр азамат көпке үлгі деуге болады. Олардың әрбірі қоршаған ортаның тазалығына жауапкершілікпен қарау әрбір азаматтың басты міндеті деп санайды. Сонда ғана тазалыққа жасаған жұмысымыздың жемісін көретініміз анық екенін нақты біледі.
Айта кетейік, бүгінгі сенбілік жұмыстары дүниежүзілік «Бірге – таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында өрбіді. Аталған акция әлемнің 150 елінде өтеді және оған 380 миллионнан астам адам қатысады деп күтілуде. Игі шараға аймақ халқы да атсалысуда.
Нұр НАУАН