» » ТУҒАН ЖЕРГЕ ТАҒЗЫМ

ТУҒАН ЖЕРГЕ ТАҒЗЫМ

Киелі Жалағаш топырағында талай марғасқалар дүниеге келген. Дарияның бір мүйісін жайлаған Жалағаштан тілінен бал тамған ақындар, күміс көмей жыршылар да шыққан, бұл өлке ел бастаған көсемге де, топты жарған шешенге де, қол бастаған батырға да, елді ұйытқан абызға да кенде емес. Сондай қайраткер тұлғалардың бірі – өткен ғасырдың 30 жылдарындағы құғын-сүргіннің құрбаны болған қоғам қайраткері, ағартушы мұғалім, қаламгер Әбдірашит Бердәулетов. 1898 жылы Жалағаш ауданындағы қазіргі М.Шәменов ауылында дүниеге келген Әбдірашид Бердәулетовтің ел алдындағы еңбегі халық жадында. Әбдірашит Бердәулетов 1920 жылдарда аудан көлеміндегі мектептерде бала оқытты. 1934 жылы Алматы қаласындағы коммунистік жоғарғы партия мектебін бітіріп, аудандық, облыстық партия комитетінде жауапты қызметтер атқарды. Көкшетауда газет редакторы, 1934 жылы «Қызыл Түркістан» ауданаралық газетінде бас редактор және Түркістан аудандық партия комитетінің мүшесі болды.

Алайда сол бір балапан басына, тұрым­тай тұсына кеткен заманда солақай саясаттың құр­­баны болды. 1937 жылы қараша айын­­да халық жауы ретінде ұсталып, со­дан хабарсыз кетті. Отыз жылдан кейін Әб­ді­рашит Бер­дәу­летов толық ақталып, пар­тия­лығы қалпына келтірілді. Қазір оның туған жері М.Шәменов ауылындағы №34 орта мектеп қайраткердің есімімен ата­ла­ды. Қызылорда қаласында Әбдірашит Бердәулетов атындағы көше бар. Бір кө­ңіл­ге медет болатыны – қайраткер тұл­ға­ның ұрпақтары бар. Әбдірашит Бердәу­ле­товтен Камал, Комвуз, Бақытжан деген үш ұл қалды. Камал Бердәулетов ұзақ жыл ауыл шаруашылығы саласында қызмет ат­қар­­ды. Ауыл шаруашылығының көрнекті ұйым­­­дастырушысы, қайраткері болды. 1964 жы­лы ауданның қиыр шетіндегі Аққыр совхо­зы­ның негізін қалады. Кейін облыстық қой ша­­руа­шы­лығы басқармасының басшысы бо­лып зей­нет демалысына шықты. Комвуз Бер­­дәу­­летов ауданның білім беру, мәдениет саласында еңбек етті. Ұзақ жыл аудандық мәдениет бөлімінің басшысы қызметін ат­қар­ды. Ал кенже ұлы Бақытжан Бердәулетов ден­саулық сақтау саласында еңбек етті. Бү­гін­гі әңгімеміз осы Бақытжан ағамыз жайлы болмақ.

1938 жылы Әбдірашит Бердәулетов Түр­кі­стан қаласында жауапты қызметте еді. 1937 жылы ол кісі тұтқындалғанда Бақытжан аға­мыз анасының құрсағында тұғын. Яғни әкесі ха­лық жауы ретінде қамауға алынғасын, бір жылдан кейін, 1938 жылы 6 сәуірде Түркі­стан қаласында дүниеге келді. Отағасы тұт­қын­далғасын не жағдай болсын, анасымен екеуі арып-ашып, елге қайтты. Ағайынның ор­та­сы­на келіп, Бақытжан ағамыз 1955 жылы Жа­лағаштағы Сталин мектебін, қазіргі №31 орта мектепті бітірді. 1956 жылы Душанбе қаласындағы Абу Али ибн Сина атындағы Тә­жік­­стан мемлекеттік медицина институтына оқу­ға түсіп, 1962 жылы үздік бітіріп шықты. Сол уақыттан бері жарты ғасырдан аса ден­сау­­лық сақтау саласында қажырлы еңбек етті.

Бақытжан ағамыз зейнет демалысына шық­­қасын қарап жатпай, өткен өмір жолын қа­ғазға түсіріп, кітап қылып шығарды. «Пре­одоление» деп аталатын бұл кітабын қалың оқырман жылы қабылдады. Алматы қаласында тұра­тын Бақытжан ағамыз таяу­да елге келіп, ата-бабаларының туған жері­не аяқ басты. М.Шәменов ауылында болып, ондағы әкесі Әбдірашит Бердәулетов атын­дағы №34 орта мектеп оқушыларымен, аудан орталығындағы №31 орта мектеп оқушы­ла­ры­мен кездесіп, әңгімелесті. Оқушылардың сұ­рақ­тарына жауап берді. Кездесу соңында оқушыларға, мектеп кітапханасына өзінің қол­таңбасымен кітабын сыйға тартты.

Бақытжан Бердәулетов дүниеге келген 1938 жыл елде қуғын-сүргін күшіне мініп, ел басына қара бұлт үйіріліп тұрған шақ еді. Әкесі Әбдірашит ұсталып кеткен, ана­сы Қалжан Ахунның қызы Айша бала­ла­ры­мен қалды. Арман қуған жас бала ау­дан орталығындағы Сталин атындағы мек­­тепті бітіргесін Алматыдағы медицина инс­титутына барды. Бірақ халық жауының баласы оқуға қабылданбады. Бәкеңнің қа­был­дау комиссиясына құжат тапсырғаны да қызық. Құжат тапсыратын кезде өзі, ата-анасы туралы мәлімет сұраған қағазды толтырғанда, «Әкем Әбдірашит Бердәулетов 1937 жылы ұсталып кеткен» - деп жазды. Қабылдау комиссиясында отырған орта бойлы, иманжүзділеу келген қазақ жігіті бұның берген құжаттарын қарап болып, оңашаға алып шығып, «Айналайын-ау, мына жерде әкең туралы неге бүйдеп жаздың, расымен сотталып, айдалып кеткен болса әкем жоқ деп жаза салсайшы» – деді. Сонда ағамыз, «Неге олай дейсіз, әкем жоқ емес, бар. Оның үстіне мен комсомол емеспін бе, қалай өтірік жазамын, жоқ, өтірік айта алмаймын» – деді. Ана жігіт үндемеді, бұның бетіне бір қарады да, кетіп қалды. Расында ол жігіттің айтқаны дұрыс болып шықты. Халық жауының баласы ретінде құжаттарын қайтарып берді.

Амал жоқ, оқуды басқа жақтан іздеуге тура келді. Анасының сіңлісі, Қалжан Ахунның екінші қызы Сәлима Тәжікстанда тұратын. Қалайда оқуым керек деп, сол нағашы апа­сын арқа тұтып, Тәжікстанға тартып кетті. Тә­жік­станда Ұялы деген қыстақта бір жыл мектепте аға пионер жетекшісі болып жұмыс істеді. Мектепте тәжік, өзбек, орыс бөлімдері бар екен. Осындай аралас мектепте жұмыс істе­гені жас жігітті ширатып, шыңдай түсті. Келесі, яғни 1956 жылы Душанбе қала­сын­дағы Абу Али ибн Сина атындағы Тәжікстан мемлекеттік медицина институтына оқуға түсті. Алматыда оқу орындарында орыс ұлты басым болса, бұл жақта тәжіктер басым екен. Білімге сусап барған жас жігіт, жақсы оқыды. Өзінің курсында топтың жетекшісі қылып сайлады. Институтты 1962 жылы үздік бітіріп шықты.

Медицина институтын үздік бітірген Бақыт­жан ағамызға Душанбеде қалу ұсынылып, мем­лекеттік медицина институтында бір жыл жұмыс істеді. Бірақ жас жігіттің аңсары ту­ған жеріне келу, елге қызмет ету еді. Осы ойын айтқанда институт басшылығы, «Біз сені оқыттық-тоқыттық, қайда барасың, осын­да үш жыл жұмыс істеуің керек емес пе, жұмысыңды жалғастыр» – деді тәжік ағайын­дар. Расында сол кездегі ереже-тәртіп бойын­ша сол оқуды бітіргесін, сол аймақта үш жыл жұмыс істеу керек еді. «Келіншек ке­рек болса осында да әдемі қыздар бар, осы жерден де табылады» – дегенді қосып қойды басшылары. Анасы Айшаны Тәжікстанға кө­шіріп, қолына алған еді. Үйде отырып, анасымен ақылдасты. «Балам, бұл жерде жүріп, тәжіктің, иә болмаса өзбектің қасы-көзі қиылған бір сұлуын аларсың, оған дауым жоқ. Сосын ол қызды мен түсінбей, ол мені түсінбей, екеумізге өзің тілмаш болып отырамысың» – деді анасы баласының көңіліне қарап әзілдеп. Сәл үнсіздіктен кейін сабырлы қалпы әңгімесін жалғады. «Балам, біздің ата-бабаларымыз, «Ит тойған жеріне, ер туған жеріне» деп өсиет айтып кеткен. Оқуыңды бітірдің, енді елге қайтайық, осы алған біліміңді еліңе жұмса, халқыңа қыз­мет қыл» – деді. Бұл анасының түпкілікті ше­шімі еді. Ертеңіне басшыларына келіп, «Көңілдеріңізге рақмет, анамның жасы келді, денсаулығы да жақсы емес, елге қайтамын» – деді Бәкең оларға ризашылығын білдіріп.

Сөйтіп 1965 жылы анасын алып, Алма­ты­ға келді. Сол уақыттан бері елу бес жыл ден­саулық сақтау саласында абыройлы еңбек етіп келеді. 1971 жылы Алматы ме­ди­цина институтына жұмысқа шақыру алды. Институтта студенттерге дәріс беріп, 1989 жылға дейін госпиталь хирургиясы кафед­ра­­сында ассистент қызметін атқарды. Осын­­да жүріп 1973 жылы кандидаттық дис­­сертациясын қорғады. 1979 жылы Ке­ңес үкіметі Ауғанстанға әскер кіргізді. Ау­ған­­стандағы жағдай күрделеніп, соғыс басталды. Кеңес әскерінің құрамында болған барлық ұлттар мен ұлыстардың өкілдері Ауғанстандағы соғысқа тартылды. Нақ осы тұста ол жаққа мықты, білікті дәрігерлер керек болды. Бір күні Бақытжан ағамыз да әскери қызметке шақыру алды. Сөйтіп 1980-1981 жылдары Ауғанстандағы соғысқа да қатысты. «Алтай» арнайы бригадасында хирург және медицина қызметінің басшысы болды. Ауғанстандағы ұрыс қимылдарына қатыса жүріп, көшпелі госпитальдарда аса ауыр жағдайда қызмет атқарды. Неше алуан жарақат алған сарбаздарды ажалдан аман алып қалды. Қиын жағдайда, от пен оқтың астында жүріп өте күрделі операцияларды да жасады. 1981 жылы әскери қызмет мерзімін аяқтап, аман-есен елге оралды.

2009-2019 жылдары травматология-ор­то­педия кафедрасының доценті қызмет­те­рін атқарды. Бақытжан ағамыз 70-тен аса ғылыми мақалалардың авторы. Қа­­зақ­­станның және Ресейдің бірнеше мем­­­­­лекеттік марапаттарының иегері. Аға­­мыздың кеудесінде «Қазақстан Рес­пуб­­ли­касы денсаулық сақтау ісінің үздігі» кеу­де­белгісі, С.Д.Асфендияров атындағы Қа­зақ Ұлттық медицина университетінің, Н.А.Сыз­ғанов атындағы Ұлттық хирургия ғылы­ми орталығының «Алтын» медальдары жарқырайды. Бақытжан ағамыз С.Д.Асфен­дияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университетінің Құрметті ардагері.

Бұл күнде Бәкең Сәбила апамыз екеуі үш бала өсіріп, немерелерін тәрбиелеп отыр. Балалары әке жолын қуып түрлі салаларда қызмет істеп жатыр. Үлкені Айгүл дәрігер-офталмолог, екіншісі Саодат экономист. Бүкіл саналы ғұмырын денсаулық сақтау саласына, ғылымға, ұрпақ тәрбиесіне арна­ған Бақытжан Әбдірашитұлының өмірі мен қызметі кейінгі өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге. Ағамыздың туған елге сапарын елім деген азаматтың туған жер топырағына тағзымы деп түсіндік. Ата бабаларының еңбек еткен, табанының ізі қалған туған топырақты сағынған арда ұлдың елге келген қадамы құтты болсын дей отырып, ойымызды әрбір жас өскінге Бақытжан ағамыздай елге қызмет етуді жазсын деп түйіндедік.

Тұрақ Адисұлы,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі

27 қыркүйек 2021 ж. 285 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 767

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930