» » ҚАЛАМЫ ҚУАТТЫ ҚАЛАМГЕР

ҚАЛАМЫ ҚУАТТЫ ҚАЛАМГЕР

Өткен сенбіде Қ.Қазантаев атындағы аудандық мәдениет үйінде белгілі журналист, қарымды қаламгер, саналы ғұмырын туған өлкесін гүлдендіруге арнаған Жалағаштың ардақты азаматы Тұрсынбай Тәшеновтің өмірге келгеніне 80 толуына орай қайраткерді еске алу шарасы өтті.
Қарымды қаламгерді еске алуға арналған шара мәдениет майталмандары әзірлеген театрландырылған қойылымнан бастау алды. Шарада аудан әкімінің орынбасары Ж.Тажмаханов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Әлиев, белгілі қаламгер, ҚР Журналистер одағының мүшесі Е.Әбіл, аудандық “Жалағаш жаршысы” газетінің бас редакторы А.Батырбеков сөз сөйлеп, Тұрсынбай ағайдың өнегелі өмірі мен өміршең шығармаларына тоқталды.
Биыл Жалағаш ауданының құрылғанына 80 жыл толса, Тұрсынбай ағамыздың қолтаңбасы қалған аудан айнасы – “Жалағаш жаршысы” газеті 85 жылдық белеске шығып отыр. Шығармашылыққа жаны құмар қаламгер мектеп қабырғасында жүрген жылдары-ақ аудандық газетке мақаласы шығып тұрған екен.Бұл 1954 жылдар еді. Ол кезде қазіргі «Жалағаш жаршысы» газеті «Күрішшілер» деген атпен жарық көріп жүрді. Содан 1965 жылы аудандық партия комитеті бюросының шешімімен Тұрсынбай Тәшенов редакцияға жұмысқа орналасады. Тұрсынбай ағайдың қызметке келуіне де сол мектепте жүріп, газет бетінде тұшымды мақалаларын жариялауына да сеп болған екен. Ол өзінің саналы ғұмырының 40 жылын төл басылым – кезіндегі «Жаңадария», қазіргі «Жалағаш жаршысы» газетінің өсіп, өркен жаюына арнады. Еңбек жолын қатардағы әдеби қызметкер болудан бастаған ол беріде бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, редактордың орынбасары, редактор қызметін де аса жауапкершілікпен, абыроймен атқарды.
Зейнеткерлікке шыққаннан кейін де Тұрсынбай ағай шығармашылықтан қол үзбеді, қаламын қолынан тастамады. Сол кездегі тарихты, ауданның шежіресін, бүгінгі ұрпаққа мұра етіп қалдыруды мақсат тұтқан қаламгер өмірінің соңына дейін тынбай талай мақала жазды. Еңбектері аудандық, облыстық, республикалық басылымдарда жарық көрді. «Біз елу жетінің түлектеріміз», «Жалағаштың жаршысы», «Майдангер ағаларым», «Сырда өскен Шынар» атты кітаптары оқырманға жол тартты. Сондай-ақ өзінің саналы ғұмырында Камал Бердәулетовтің «Бұқарбай батыр», Жайық Есіркепұлының «Өмір өткелдері», «Сәрке батыр» еңбектеріне де редакторлық еткен. Бұдан бөлек аудандық баспахананың да тізгінін ұстап, 17 жыл басқарады. Сондай-ақ тексеру комиссиясын ауданда ең алғашқы болып басқарған да осы кісі. Тіпті бір кездері “Отан” партиясының Жалағаштағы бөлімшесін ашып, оның алғашқы төрағасы болды. Сол кездерде партия қатарына адамдар тартып, аудандағы жұмысын бір жүйеге түсірді. Қоғаммен белсенді жұмыс жасап, аудандық мәслихаттың 1, 2, 3 шақырылымының депута­ты болды.
Қаламгерді еске алуға арналған шарада оның жүріп өткен ғұмыр жолы айтылды. Бейнепроектор арқылы өмірбаяны беріліп, өткен тарихтан сыр шертті. Сондай-ақ аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары бұл шараны жоғары дәрежеде өткізгенін айта кеткен ләзім. Мұнан соң “Ақжол” мейрамханасында дастархан жайылып, Тұрсынбай Тәшеновтің рухына арна­лып, құраннан дұға бағышталды.

19 қараша 2019 ж. 617 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 767

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930