САРҒАЙҒАН ГАЗЕТТІҢ СЫРЫ КӨП
Ғасырға жуық тарихы бар, ауданның айнасы іспеттес «Жалағаш жаршысы» газеті талай белестен өтіп, көп асуларды бағындырды. Тарихы сонау 1934 жылдан бастау алатын басылым әр кезеңде ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайын, халықтың көкейіндегі түйінді мәселелерді көтерді. Әр жылдары еңбек еткен журналистер қауымы елдің қуанышын да, мұң-мұқтажын да қаламына арқау етті. Осындай өр тұлғалы азаматтардың бірі – «Жалағаш жаршысында» ұзақ жыл қызмет еткен қарымды қаламгер, газеттің байырғы редакторы Тұрсынбай Тәшенов.
Шығармашылыққа жаны құмар қаламгер мектеп қабырғасында жүрген жылдары-ақ аудандық газетке мақаласы шығып тұрған екен. Бұл 1954 жылдар еді. Ол кезде қазіргі «Жалағаш жаршысы» газеті «Күрішшілер» деген атпен жарық көріп жүрді. Содан 1965 жылы редакцияның бас редакторының орынбасары Сағындық Баймахановтың шақыртуымен Тұрсынбай Тәшенов жұмысқа орналасады. Тұрсынбай ағайдың қызметке келуіне де сол мектепте жүріп, газет бетінде тұшымды мақалаларын жариялауына да сеп болған екен. Ол өзінің саналы ғұмырының 40 жылын төл басылым – кезіндегі «Жаңадария», қазіргі «Жалағаш жаршысы» газетінің өсіп, өркен жаюына арнады. Еңбек жолын қатардағы әдеби қызметкер болудан бастаған ол беріде бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, редактордың орынбасары, редактор қызметін де аса жауапкершілікпен, абыроймен атқарды. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін де Тұрсынбай ағай шығармашылықтан қол үзбеді, қаламын қолынан тастамады. Сол кездегі тарихты, ауданның шежіресін, бүгінгі ұрпаққа мұра етіп қалдыруды мақсат тұтқан қаламгер өмірінің соңына дейін тынбай талай мақала жазды, еңбектері жарық көрді. «Біз елу жетінің түлектеріміз», «Жалағаштың жаршысы» атты кітаптары оқырманға жол тартты. Сондай-ақ өзінің саналы ғұмырында Камал Бердәулетовтің «Бұқарбай батыр», Жайық Есіркепұлының «Өмір өткелдері», «Сәрке батыр» еңбектеріне де редакторлық еткен. Ол кісі сол өзі жұмысқа орналасқан жылдардан бастап газеттің әр нөмірін сақтауды әдетке айналдырыпты. 1966 жылдан бергі газет архиві бүгінде Тұрсынбай ағайдың шаңырағында сақтаулы тұр. Біздің осы мақаланы жазуымызға арқау болған да осы сарғайған газет тігінділері. Әңгімеміздің тұздығын өз заманында абырой биігінен көрініп, түрлі тақырыптарда қалам сермеген қарымды қаламгердің өнегелі өмір жолынан кішкене болса да үзінді келтіруді жөн санаған едік.
Тұрсынбай Тәшеновтің шаңырағына сәлем беріп барып, ол кісінің қолжазбаларымен танысып, сақтаулы тұрған газет тігінділерін көрдік. Ол кісінің өмірлік серігі Жақсыгүл Тәшенова әр жылдардың газет тігінділерін рет-ретімен сөреден алып көрсетті. Нөмірімен, аса ұқыпталып жинақталған тігінділер әр кезеңдегі, әр жылдардағы ауданның тарихынан, шежіресінен сыр шертіп тұрды. Бір қызығы, Жақсыгүл апамыз да 1966 жылдан бастап осы редакцияда газет беттеуші болып қызмет атқарған. Талай жыл төл басылымның отымен кіріп, күлімен шыққан ардагер апамыз сол кездерді есіне алды.
– Мен сол 1966 жылдан бастап газетте жұмыс жасадым. Баспаханада газет беттеуші болдым. Ол кездерде газет ауданнан басылып шығатын еді ғой, өзімізде баспахана болатын. Газет аптасына үш рет жарық көретін. Біз үшін ең ауырлау күн сол дүйсенбі күні еді. Кезекшілік аптасына екі рет келетін. Газет шыққан күні таң атқанша жүретінбіз. Сонда жас болғасын ба, әлде жауапкершілік жүгінің ауыр екенін жүрекпен сезіндік пе, әйтеуір жұмыстың ауырлығын сезсек те, жүре беретінбіз. Қазіргі ардагер апаларың біздер ол кезде жас едік. Олар қара маймен біртіндеп, ленотипте әріп теретін. Жұмыс болғасын әртүрлі жағдай болады ғой. Қуаныш та, қиындық та, қызық сәттер де. Ленотиппен әріп теріп болған соң, баспа мәшинесінің тетігін бекітуді ұмытып кетіп, бірнеше рет дайын болған газет шашылып қалған кездер болған. Қазіргідей жаңа технологиялар жоқ қой. Сөйтіп жүріп 1992 жылы осы редакциядан зейнетке шықтым.
Тұрсекең де осы газетте ұзақ жылдар еңбек етті. Көзі тірісінде осы газет тігінділерін жинауды бастаған еді. Ретімен, ұқыптап жинақтап жүретін. «Мұнда қаншама тарих жатыр ғой» дейтін. Ол кісі зейнетке шықса да қаламын тастамады. Жата-жастанып жазатын да жататын. Жалағаш ауданының «Құрметті азаматы» атанды. Өмірден өткеніне жыл толғанда «Сырда өскен шынар» атты кітабы оқырман қолына тиді. Ол кісінің көзінің қарашығындай көрген газеттерін әрі қарай да сақтау менің міндетім, – деген ардагер Жақсыгүл апамыз баспаханадағы өткен жылдарын өміріндегі орны бөлек кезең екенін айтты.
1993 жылы 1 сәуірде «Жаңадария» атауынан «Жалағаш жаршысы» атауына ауысқан газет бүгінгі күні аптасына екі рет жарыққа шығып келеді. Ауданның айнасы, жергілікті басылымның тарихы туралы сөз қозғасақ, бүгін айтып тауысу мүмкін емес. Әр жылдары басшылық жасаған редакторлар, әр кезеңдегі журналистердің өзі бір төбе. Біздің осы басылымға биыл – 85 жыл. Ғасырға жуық тарихы бар басылым әлі күнге дейін маңызды мәселелерді көтеріп, халық пен билік арасындағы алтын көпір бола алды. Қарымды қаламгердің шаңырағында сақтаулы тұрған газет тігінділері басылымның жаны, ауданның үнжариясы, шежіресі деуге әбден болады. Өйткені сарғайған газет – қатпарлы тарих.
Нұржамила АЛМАСҚЫЗЫ,
сурет автордікі.