» » Aудандық ГАЗЕТТІҢ САҚТАУШЫСЫ

Aудандық ГАЗЕТТІҢ САҚТАУШЫСЫ

Аудандағы ресми басылым «Жалағаш жаршысы» газеті ауданның тарихы мен шежіресі екені сөзсіз. Бұқараның үніне айналған басылым 1934 жылы 10 қаңтарда ең алғаш рет «Колхозшы» деген атпен шығып, Қармақшы ауданының 12 совхозына 5 жылдан аса уақыт партияның саясатын насихаттап келді. Аудан құрылғаннан кейін аудандық газет болып 1941 жылға дейін «Колхозшы» атымен шыққан. Мұнан кейін «Күрішшілер» деген атпен 1958 жылдың тамызына дейін жарық көреді де, сол жылдан бастап аудандық газетке «Коммунизм үшін» деген ат беріледі. Мұнан кейін аудандық басылым 1962 жылдың 6 мамырына дейін үздіксіз шығып тұрды. Шаруашылықтардың іріленіп, өндіріс басқармалары болып қайта құрылуына байланысты арада 1 жыл үзілістен соң, Жосалы поселкесінен «Коммунизм шамшырағы» болып оқырмандарға қайта жол тартады. 1965 жылдың қаңтарында Жалағаш ауданының қайта құрылуына байланысты сол жылдың тамыз айынан бастап «Жаңадария» деген атпен өз оқырмандарымен қайта қауышты. Кейіннен уақыт талабына орай 1993 жылғы 1 сәуірде «Жалағаш жаршысы» аталып, бүгінде төл басылым аптасына екі рет жарыққа шығып келеді. Ауданның айнасы, жергілікті басылымның тарихы туралы сөз қозғасақ, бүгін айтып тауысу мүмкін емес. Әр жылдары басшылық жасаған редакторлар, әр кезеңдегі журналистердің өзі бір төбе. Жарайды, тақырыпқа ойысайық.
Біздің басылымға биыл – 85 жыл. Шынымды айтсам, осынша жылдық тарихы бар газеттің ары кетсе соңғы бес-он жылдың кө­ле­мінде шыққан нұсқаларын көрдім. Өйт­кені, мұрағатта болмаса «газеттің бұрынғы шық­қан нөмірлері мына жерде сақтаулы тұр» де­генді ес­тімеппін. Сөйтсем, біздің «Жалағаш жар­шы­сының» сақтаушысы бар екен.
Біздің төл басылымды көзінің қара­шы­ғындай сақтап келген кісі – бұрын осы газетте редакторлық еткен Зордан Салықбаевтың жұбайы Дина Мирман апамыз екен. Осы жерден сәл кідіріс жасап, Зордан ағайдың қалтқысыз қызметін тағы бір айтпай кету атымызға сын болар. Өлең өлкесінде өзіндік үнімен ерекшеленген ақын 13 жылдай уақыт аудандық газетте редактор болған. Ол кісінің көзін көрмесем де, мінезі жайдары адам екенін жиі естимін. Зордан ағай басшылық жасаған кезеңде осы ұжымда қызмет атқарған «Жалағаш жаршысының» ардагері Серік Бертаев ағайдың өзі мінезінде мін жоқ, жайлы адам еді деп айтып отыратын еді. «Зордан Салықбаев ағаның биязы мінезі мен салиқалы сөзіне, сөйлеу мәдениетіне қызығатынмын. Күнделікті тапсырмасын бермес бұрын алдымен отбасымның амандығын, үйдегі үлкен­дердің жағдайын сұрап алады. Жылы жүзбен ашық пікірлесіп, айтар ойын астарлап жүрегіңе жеткізеді. Қанша ашуланғанмен артық сөйлеп, айқайға басқан кезін көрген емеспін. Жаныңды ұғып, жағдайыңды түсі­не­тін. Қарамағындағы қызметкерлерді қор­ғап, қолдап жүретін мұндай басшыға қалай­ша дән риза болмассың», – дейтін. Жарайды, ағай­дың өнегелі өмір жолын бірауыз сөзбен жеткізу емес.
Сақталған газетті көзіммен көру үшін Дина апайға жолықтым. Азын-аулақ әңгімелесіп, газет тігіндісін көріп шықтым. Апайдың архивінде сонау 1965 жылдан бергі шыққан нөмірлер бар екен. Газеттің әр шыққан нөмірін сақтауды әдетке айналдырып, тіпті, бір қиындысын да жерде қалдырмаған жолдасы Зордан ағай екен.
– Жолдасым «Жаңадария» газетінің әр нөмірін көзінің қарашығындай сақтап отыратын. Ол кісі «газет – қоғамның айнасы. Құнды дүние. Ертеңгі күні бұл қағаздар табылмайды. Мұнда қаншама маңдай тер, еңбек бар ғой» дейтін. Сол кезеңдердегі ­сауын­шылар, механиктер, сушы, күрішші де­гендердің барлығының өмір жолдары, ел үшін еткен еңбектері басылым бетіне жарияланатын. Бүгінгі ұрпақ үшін көп дүние бар. Жолдасымның редактор болған кездегі ең алғашқы қол қойған нөмірі де сақтаулы. Көзі тірісінде газеттің нөмірлерін жинақтап, тігіндіде тұрса жыртылып, күтімсіз қалады деп, альбом қылып жасатып әкеліп жүрді. Сонау 1965 жылдан бері бұрынғы «Жаңадария» қазіргі «Жалағаш жаршысы» газеті біздің отбасымыздың бір мүшесі болып кетті, – дейді Дина Нұржанқызы.
Газеттің бетіне шыққан сарғайған тігінділердегі дүниелер, басылымның әр жылдардағы шыққан нөмірлері сол кезеңнің тарихы іспеттес. Апайдың қоржынындағы тігінділердің көлемі қазіргіден кішірек. Әр жылда жарық көрген нөмірлері альбом сияқты реттілікпен жасалған. Бірінші бетінің жоғарғы жағында Зордан ағайдың қолымен сол нөмірдің кезекші редакторының аттары жазылған екен. Қазіргідей алғашқы және соңғы беті түрлі-түсті емес, бірыңғай қара түсті. Сосын апайдың архивіндегі сақтаулы тұрған газеттердің барлығы қол машинкамен басылған. Дина апай жолдасының ісін жалғастырып, газет тігіндісін сақтаумен қатар, ағайдың қолжазбаларын, лекцияларын және аудан шежіресі жазылған деректердің түпнұсқаларын сақтап келеді. «Елу жылдан аса біздің отбасымыздың бір мүшесі осы басылым» деген Дина апайдың сөзінен, шаңырағындағы сақтаулы тұрған сарғайған газет тігінділерінен, қазіргі күні де «Жалағаш жаршысын» үзбей оқып отыратындығынан-ақ көненің көзі, асылдың сынығы іспеттес төл басылымымызды ерекше құрметтейтінін, шығармашылық өнерге деген ыстық қыласын көруге болады. Біздің газеттің сақтаушысы Дина апамыздың ендігі мақсаты Зордан ағайдың қолжазбаларын, жинаған дүниелерін кітап қылып шығару.
Ғасырға жуық тарихы бар, бұқараның үніне айналған басылым – ауданның жалғыз айнасы. Тұщымды мақалалармен, түрлі айдарлармен жарық көріп жүрген «Жалағаш жаршысының» бүгінгі келбеті жарқын. Түрлі айдарлармен тұрғындар көкейіндегі түйткілді мәселелерді қозғап жүрген қоғамдық-саяси газет әлі де ақпарат айдынында кең тыныстап, көзі қарақты оқырманның сүйікті басылымына айнала берері сөзсіз.

Нұржамила АЛМАСҚЫЗЫ,
М.АХМЕТОВ (сурет).

07 наурыз 2019 ж. 857 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 697

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031