» » БАСЫЛЫМ ЖАҢА БЕЛЕСТЕ

БАСЫЛЫМ ЖАҢА БЕЛЕСТЕ

Ауданның айнасы, өңірдің даму тарихын, шежіресін бүгінге жеткізуге үлес қосқан төл басылым сонау 1934 жылдан бері жарық көріп келе жатыр. Алғаш рет «Колхозшы» деген атпен шыққан газет кейіннен «Күрішшілер», «Коммунизм үшін», «Коммунизм шамшырағы», «Жаңадария» аталып келіп, 1993 жылдан бері «Жалағаш жаршысы» болып жарық көрді. Газеттің 85 жылдық белесінде аудандағы толымды істердің, тарихи сәттердің шежіресі жатыр. Осы уақыт аралығында бұл газет ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайын, еңбеккерлердің ерен еңбегін көпке үлгі етуде толымды тірліктің бастамашысы бола білді. Аудандық газетте әр жылдары қызмет атқарған Т.Сарыбаев, А.Сәдібеков, Т.Дайрабаев, И.Шахаров, С.Баймаханов, Т.Тәшенов, М.Ілиясов, М.Аяпов, Ж.Сарбалаев, Қ.Нұрғалиев, А.Бекарыстанов, Б.Уызбаев, І.Мұстафаев, Б.Шайланов, Ж.Әбжәмилов, А.Тілеулиев, Қ.Нұрханов, Т.Ахметов сынды қарымды қаламгерлер өзіндік қолтаңбасын қалдырды.
Бүгінгі күні «Жалағаш жаршысы» газеті аудан халқының басты басылымы, барлық тіршілікті хабарлап отыратын айнасы іспетті. Қаламгерлер өңір тынысын айшықтап, ай­мақ­та атқарылып жатқан толымды істерді өз мақалаларына арқау етуде. Өзіндік дара жолы бар, ешкімге ұқсамайтын бағытымен ерекшеленетін төл басылымның мерейтойы аудан жұртшылығы үшін де ортақ қуаныш. Газеттің жаңа белеске шыққан мерейлі мерекесіне орай аудан көлемінде шаралар ұйымдастырылуда. Жыл басында кент, ауылдық жерлерде газет қаламгерлері мен оқырмандар арасында келелі кездесулер өтсе, жақында «Жайдарманның» финалдық сайысында басылымның кубогі сарапқа салынды. Ал өткен аптада аудандық кітапханада студент, оқушылардың қатысуымен тағылымды кеш ұйымдастырылды. Жиынның басты мақсаты – ғасырға жуық тарихы бар төл басылымның тірі тарихы ардагерлер қауымының өткен кезеңдегі қиындықтары мен қызықты сәттерін жастарға үлгі ету, газеттің негізгі мақсатын, сонша жылдық шежіресін бүгінгі ұрпақтың санасына тереңінен сіңіру.
Шара барысында бұрынғы баспахана қызметкерлері, ардагерлер қауымы газет тарихынан сыр шертіп, өздері еңбек еткен жылдардағы қызықты сәттерін әңгімеледі. Сонымен бірге газеттің аймақта өзіндік орны бар, бағыт-бағдары айқын, аудан жұртшылығы сүйсіне оқитын, тамыры тереңнен бастау алған беделді басылымдардың бірі екенін тілге тиек етті. Газеттің баспадан қалай басылатыны, сол кезеңдегі қызметте болған қарымды қаламгерлер, талай жыл басшылық еткен редакторлардың есімі ерекше аталды. Студенттер, шығармашылыққа жаны жақын оқушылар журналистерге сұрақтарын қойды. Шара соңы аудандық мәдениет үйі өнерпаздарының кеш қонақтарына арнаған концерттік бағдарламасына ұласты.

Нұржамила АЛМАСҚЫЗЫ,
Н.ҚАЗБЕКОВ (сурет).
21 мамыр 2019 ж. 754 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 783

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031