» » Газет кубогі сарапқа салынды

Газет кубогі сарапқа салынды

Сәрсенбіде Қ.Қазантаев атындағы мәдениет үйінде аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің 85 жылдығына арналған «Жайдарман» ойындарының финалдық сайысы өтті. Оған аудан әкімінің орынбасары Ж.Тажмаханов, кент тұрғындары және жалағаштық жастар қатысты.
Тақырыпқа ойыспас бұрын аудандық басылымның тарихы мен әр жылдары қызмет еткен қаламгерлер туралы айта кеткенді жөн көрдік. «Жалағаш жаршысы» газеті – аймақта өзіндік өрелі тарихы бар, бағыт-бағдары айқын, аудан жұртшылығы сүйсіне оқитын, тамыры тереңнен бастау алатын беделді басылымның бірі. Сонау 1934 жылдан бері жарық көріп келе жатқан басылым ауданның бас газетіне айналды. Өз тарихында «Колхозшы», «Күрішшілер», «Коммунизм үшін», «Коммунизм шамшырағы», «Жаңадария» ата­лып келген газет 1993 жылдан бері «Жала­ғаш жаршысы» болып жарық көріп келеді. Газетке Сахи Жарылқасынов, Жарылқасын Дүйсенов, Смайыл Ақжігітов, Мұрат Нұржанов, Сұлтан Қожаниязов, Жүсіп Алтыбаев, Адис Ахетов, Шілдебай Оңғалбаев, Сұлтан Жүсіпов, Мырқы Исаев, Айтбай Қойшыбаев, Әзілхан Аманов, Қален Әбдешов, Зордан Салықбаев, Асқар Кіребаев, Мырзамұрат Ілиясов, Тұрсынбай Тәшенов, Кенжеғара Сүлейменов, Мәлік Аяпов, Серік Бертаев, Қарлығаш Әбдірахманова, Ғазиза Әбілдаева, Нағымжан Сауяев сынды қаламгерлер басшылық еткен. Аудандық газетте әр жылдары қызмет атқарған Т.Сары­баев, А.Сәдібеков, Т.Дайрабаев, И.Шахаров, С.Баймаханов, Т.Тәшенов, М.Ілиясов, М.Ая­пов, Ж.Сарбалаев, Қ.Нұр­ға­лиев, А.Бе­карыс­танов, Б.Уызбаев, І.Мұс­та­фаев, Б.Шайланов, Ж.Әбжәмилов, А.Тілеулиев, Қ.Нұрханов, Т.Ах­ме­тов сынды қарым­ды қаламгерлер өзіндік қолтаңбасын қалдырды. Ауданның жасампаз істерге толы шежіресін жазуға «Жалағаш жаршысы» газетінің қалам­герлері де зор үлес қосты деп айтуға болады. Газеттің 85 жылдық тарихында өңір жылнамасы, тарихи сәттердің шежіресі жатыр. Сондықтан да «Жалағаш жаршысы» газетінің мерейтойы бүкіл аудан жұр­тының ортақ қуанышы, ортақ мерекесі десек те болады.
Қазіргі таңда Азиз Батырбеков басшылық жасайтын «Жалағаш жаршысы» газетінде басылымның сапалы әрі мазмұнды шығуына атсалысып жүрген білікті мамандар қызмет атқарады. Бүгінде газет қаламгерлері өңір тынысын айшықтап, аймақта атқарылып жатқан толымды істерді өз мақалаларына арқау етуде.
Финалдық сайысқа №203 орта мектептің «Елден қаламыз ба?», Т.Жүргенов атындағы №123 мектеп-лицейдің «Мәңгілік», Ә.Оңалбаев атындағы №117 орта мектептің «117 жігіттері», З.Жарқынбаев атындағы №202 орта мектептің «Дәуімбай құрамасы» және №201 мектеп-лицейінің «Тәттілер» командасы бақ сынады. Финал «Сәлемдесу», «Әуенді жамбы ату», «Үй тапсырмасынан» тұратын үш кезең бойынша өтті. Бірінші кезеңде әр команда сәлемдесуді музыкалық түрде орындады. Екінші кезең «Әуенді жамбы атуда» қысқа әрі нұсқа әзілдерін айтып, сынға түсті. Бұл кезеңде көрерменнің көңілінен шыққан, қазылар алқасының шешімі бойынша үздік деп танылған команда жоғары ұпай жинады. Ал «Үй тапсырмасында» бес команда да ұстаздарымен бірігіп өнер көрсетті. Бірі қоғамдағы өзекті мәселелерді қозғаса, енді бірі әр отбасындағы қызықты оқиғаларды әзілдеріне арқау етті. Мектеп оқушыларынан құралған жайдарманшылар өткір әзілдерімен, шынайы әртістік қабілеттерімен және әр кезеңнің өзіне тән тақырып мазмұнын аша білуімен көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Сайыс қорытындысымен 9,5 ұпаймен №203 орта мектептің «Елден қаламыз ба?» және 9,6 ұпаймен Т.Жүргенов атындағы №123 мектеп-лицейінің «Мәңгілік» жайдарман топтары финалист атанса, жүлделі ІІІ орынды 9,7 ұпаймен Ә.Оңалбаев атындағы №117 орта мектептің «117 жігіттері» иеленді. Ал 9,8 ұпай жинаған З.Жарқынбаев атындағы №202 орта мектептің «Дәуімбай құрамасы» ІІ орын, 9,9 ұпай жинаған №201 мектеп-лицейінің «Тәттілер» командасы чемпион атанып, «Жалағаш жаршысы» газетінің 85 жылдығына арналған ауыспалы кубокке қол жеткізді. Сонымен бірге жыл қорытындысы бойынша «Үздік ойыншы» атанған «Елден қаламыз ба?» жайдарман тобының мүшесі Нұртуған Мәжит Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының жанындағы «Жалын» жастар қанатының кубогімен марапатталды. Финалдық сайысқа қатысқан барлық команда Жастар ресурстық орталығы мен «Темірқазық» қоғамдық бірлес­тігінің алғыс хаттары мен бағалы сыйлықтары табыс етілді.

Нұр НАУАН.
18 мамыр 2019 ж. 1 036 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 787

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031