ЙОДТЫҢ ДА ПАЙДАСЫ КӨП
Адам үшін денсаулықтан артық байлық жоқ. Бәрі дұрыс денсаулыққа тікелей байланысты. Сол үшін де адамзат ағзасына пайдалы дәрумендерді жиі пайдаланады. Алайда біз біле бермейтін пайдалы қоспалар өте көп. Адам денсаулығына тек жеміс-жидектер ғана емес, микроэлементтердің де әсері орасан екен. Солардың бірі – йод.
Біз көбіне йод жетіспейді дегенді жиі естиміз. Жалпы йод – адам ағзасына аса қажет микроэлементтердің бірі. Ол жетіспесе, адамның ми дамуы тоқтайды. Әсіресе баланың ақыл-ой жетіспеушілігі, психологиялық ауытқуы пайда болуы мүмкін. Йод тапшылығы холестерин көбею, салмақ бұзылу, летаргия мен күйзеліске әкеледі. Йод жетпесе, қалқанша безінен бөлінетін гормон азаяды. Содан гипотиреоз, басқа да ағзалық ауытқулар пайда болады екен. Сондықтан йодтың бар-жоғына аса мән берген жөн. Тіпті біздің елде йод тапшылығы себебінен ас тұзына йод қосу өндірістік қажеттілікке айналған.
Осы тұста құрамында йоды бар бірнеше тағам түрлерін айта кетсек. Мәселен, картоптың құрамында йод жетерлік. Суға не буға піскен картоптың қабығында 60 мг йод болады. Ас тұзының бәрінде йод болады. Бірақ өндірістік өңдеу кезінде жойылып кетуі мүмкін. Кейбір тұзда йод мол болады. Мәселен, гималай тұзының құрамында 500 мг йод болады екен. Сондықтан мүмкіндік болса, гималай тұзын тауып тұтыну керек. Асбұршақ та йодқа бай өнім. Жарты стақан асбұршақ пен теңіз асбұршағының құрамында 32 мг йод болады. Ал теңіз бен мұхит – йодтың нағыз қайнар көзі. Сондықтан теңіз өнімдерінің құрамында микроэлемент мол болады. Мәселен, теңіз орамжапырағының бір мәзіріндегі йод мөлшері бір күндік нормадан 4 есе көп. Оны салат не сорпаға қосып ішсеңіз болады.
Бірақ бір ескеретін жайт, қандай пайдалы зат болсын, оның мөлшері болады. Сол сияқты йодтың да қажет шамасынан артуы денсаулыққа зиян болуы мүмкін. Теңіз маңында жүргенде сіз теңіз тағамдарын жеп, теңізде шомылып, теңіз ауасымен демалып, ағзаны йодқа әбден қанықтырасыз. Осыншама йодтың шамасын өмірі көрмеген қалқанша безі сол кезде сыр беріп, гармондардың бөлінуі бұзылады. Соның салдарынан адам ағзасында йодпен улану процесі болады. Қан қысымы бір көтеріліп, бір төмендеп кетеді. Ауа жеткіліксіз болып, тәбетіңіз қашады. Қолдарыңыз дірілдеп, құсқыңыз келеді. Көңіліңіз кетіп, ұйқысыздық басталады. Ғалымдардың айтуына қарағанда, мұның бәрі теңіз тағамдарын тым көп жеуден болады екен.
Дегенмен біз теңіз жағасында тұрмағандықтан, құрамында йоды бар тағамдарды тұтына беруге әбден болады. Әсіресе йоды бар жемістер назарыңызда болсын. Мәселен, банан, қарақат, жүзім, алма, лимон, өрік, қара өрік, құлпынай сынды жемістер – адам денсаулығына ең керекті өнім. Құрамында йод мөлшері көптеп саналады. Сондықтан йод жетіспеген кезде осы жемістерді үзбей пайдаланған тиімді. Әсіресе грек және қарағай жаңғағы йодқа ең бай өнімдердің қатарында екенін біліңіз.
Негізі йод кез келген жастағы жандарға өте пайдалы. Сондықтан жоғарыда аталған құрамында йоды бар өнімдерді әлсін-әлсін тұтынуды қаперде ұстаңыз. Сонда йод жетіспеушілігіне тап болмайсыз, жүйке жүйесінің бұзылуынан, шаш, тырнақтағы теріс әсерлерден аулақ боласыз.
«ЖЖ» ақпарат