Руханият ордасы
Кітап таңдап, талғап оқи білу, оны түсіну мен түйсіну, алған әсерді өмір қажетіне жарата білу – әрбір адамның білімін, пайымы мен парасатын айқындайды. Әсіресе бүгінгі күні жастарды кітапханаға тарту, кітап оқуға қызығушылықтарын арттыру бәрінен маңызды іс. Біз аялдаған мектеп қабырғасындағы рухани орданың орны бөлек. Мұндағы кітапханашы Тұраш Мыңжасарова мектеп оқушыларының қатысуымен түрлі шаралар өткізіп, олардың рухани әлемге терең бойлауына жұмыс жасап келеді.
Мектеп кітапханасында өтетін мәдени, рухани шаралардың барлығы оқушылардың шығармашылығын дамытуға, тарих беттерінен сыр шертетін құнды дүниелерді оқып білуіне бағытталады. Мәселен, оқушылар арасында Жамбыл Жабаевтың 175 жасқа толуына орай «Жүз жасаған Жамбыл» атты мәнерлеп оқудан сайыс өтсе, «Абайды оқы, таңырқа!» тақырыбында Абай өлеңдері, әндерін айтудан байқау ұйымдастырылған.
Түркі әлемінің көсемі Мұстафа Шоқайдың туғанына 130 жыл толуына орай пікірталас та мектеп оқушыларын қамтып, Дулат Исабековтың «Гауһартас» повесі желісінде кітапхана оқырмандары конференция ұйымдастырған.
«Оқушылардың кітап оқуға деген құлшынысын арттыру мақсатында бастауыш сынып мұғалімдері мен кітапханашы бірлесе отырып, «Кітапханаға келіп, кітап оқы» кестесін жасадық. Сонымен бірге «Көп оқып, көп білуге ұмтыл» акциясы ұдайы ұйымдастырылып келеді. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына орай әртүрлі жанрдағы 30 кітаптан кітап көрмесі жасалып, таныстырылды. Осының ізімен «Тұғыры биік Тәуелсіздік» атты кеш өтіп, баға жетпес құндылық турасында кеңінен қозғалды. «Жақсы кітап – жан азығы» атты виртуалды көрме, ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдық мерейтойына «Мәңгілік жыр» атты жыр эстафетасы өтті» деген кітапханашы Тұраш Мыңжасарова алдағы жоспарларымен де бөлісті.
Рухани ордада алдағы уақытта Қасым Аманжоловтың 110 жылдығына орай қашықтан таныстырылым, ағартушы педагог, жазушы, қоғам қайраткері Ыбырай Алтынсариннің туғанына 180 жыл толуына байланысты «Ұлы даланың ұлы ұстазы» атты кітап оқырмандарымен конференция, сондай-ақ «Отбасылық кітап оқу күні» оқу сағаты, «Туған өлкем неткен көркем» кітап көрмесі, «Кітап – байлықтан қымбат» саяхат сабақ, тапқыр оқырман сайысы ұйымдастырылмақ.
Жалпы мектеп кітапханасында оқушылардың оқу мәдениетінің деңгейін және олардың оқу белсенділігінің өсуін арттыру, жас ұрпақ бойында азаматтық, рухани, адамгершілік құндылықтарды қалыптастыру, оқушылар, педагогтар және ата-аналар арасында кітап оқуды насихаттау мақсатында үздіксіз жұмыстар жүргізілуде. Әсіресе жастардың кітап оқуға қызығушылығын арттыру, бос уақыттарын тиімді пайдалану мақсатына бағытталған шаралардың маңызы зор.