ТІЛГЕ ҚҰРМЕТ – ЕЛГЕ ҚҰРМЕТ
Қазақстан халқы тілдер мерекесіне орай кент орталығындағы №31 мектеп-гимназиясында түрлі этнос өкілдерінен құралған оқушылар арасында «Қазақшаңыз қалай?» атты зияткерлік сайыс өтті.
Шараның ерекшелігі – этнос оқушыларынан құралған «Болашақ», «Достық», «Жалын» топтары қазақ тіліне ерекше құрмет көрсетіп, өз білімдерін ортаға салды. Сайысқа қатысқан оқушылар сайыстың 8 кезеңі бойынша қазақ тілінде мәнерлеп оқудан ақын-жазушылардың шығармаларын жатқа айтудан және халқымыздың шешендік өнерін қаншалықты меңгергендерін көрсетіп, өзара бақтарын сынады.
– Шараның мақсаты, оқушылардың қазақ тілін терең меңгеруге құштарлықтарын оятып, мемлекеттік тілдің кең қанат жаюына үлес қосуға, мемлекеттік тілді мақтан тұтуға тәрбиелеу, қазақ тілінің қасиеті туралы түсініктерін кеңейту және дамыту. Мемлекет басшысы айтқандай «Қазақ тілі ұлтаралық қатынас тіліне айналатын уақыт келеді». Осы бағытта осындай шараларды ұйымдастыру маңызды, – дейді №31 мектеп-гимназиясының «Қазақ тілі» пәнінің мұғалімі Маржан Қуаныш.
Қазылар алқасының төрайымы, «Жалағаш – Достық мекені» қоғамдық бірлестігінің басшысы Дина Нұржанқызы байқау жеңімпаздарын дипломдармен марапаттады. Сондай-ақ облыс әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ-нің этносаралық қатынастар жөніндегі Жалағаш ауданы бойынша сарапшысы Әсел Бақытжанқызы осы уақытқа дейін қоғамдық шараларға белсене қатысып жүрген этнос өкілдеріне алғыс білдіріп, бағалы сыйлықтар табыстады.
Кеш соңында оқушылар ән-жырдан шашу шашып, өнерлерін ортаға салды. Осылайша «Жүзі басқа – жүрегі бір, тілі басқа – тілегі бір» жас жеткіншектер қазақ халқына, қазақ тіліне құрметтерін көрсетті.
Н.АЛПЫСБАЙҰЛЫ