» » Мейірім керек адамға

Мейірім керек адамға

Жер басып жүрген пенделердің арасында неге қатыгездік өршіп барады? Жарғақ құлағы жастыққа тимей перзенті үшін жанын қиятын кешегі аналар үлгісі қайда? Тал түсте бауыр еті баласын қоқысқа тастап, артына бұрылып та қарамайтын безбүйрек ұрпақ қайдан шықты?

Міне, екі күннің бірінде осындай суыт ха­барларды естіп, жан дүниеміз аласұрып, жүрек шошитын дәрежеге жеттік. Аш емес, жалаңаш емес, қой үстіне бозторғай ұялаған заманда бір сұмдықтың хабаршысындай сұр­қия жандар көбейіп барады. Бойына бала бітіп, өзінің алпыс екі тамырымен сәбидің бойына нәр жүгіртіп, тар құрсақты кеңітіп, тас омырауды жібітетін титімдей тіршілік ие­сін әкеліп, оны қауыз ашқан ғажайып өмір­мен қауыштырудың орнына ажалға қиып жүрген шынында неткен зұлым пенде деп қайран қаласың. Далиған даланың туған топырағында аунау бұйырмаған ба­ла­панға «аппағым» дейтін қарғаның, «жұм­са­ғым» дейтін кірпінің мейіріміндей де жылы сезім бұйырмай, зұлымдықтың құр­банына айналып, «шыр» етіп өмірге келе салып көз жұмуы сұмдық емей немене? Мұнан кейін жүрегінде иманы бар адам жал­ғанды жалпағынан басып қалай өмір сү­реді? «Адамның басы – Алланың добы» дейді. Жаратқан да сондай қатыгездердің басын допша домалатып, азар көрсетпесіне кім кепіл? «Атаңа не істесең, алдыңа сол ке­леді» демей ме? Бүкіл тіршілік иесі осындай зұлым аналарға лағынет айтатын болар.

Осындай хабарларға үрке қарайтын үкі­лі елдің ұрпағы едік. Ана деген ардақты ат­қа кір келтірген қаракөздерге баяғы дала заңының қатал үкімі керек-ақ.

Иә, айтуға ауыз бармайды, тіл күрмеледі. Шынында табанының астынан жұмақ табы­латын ақ жаулықты аналардың атына кір келтіретін, әйел деген сөздің киесіне ұшы­рап, безбүйрек атанған жастар қатары күн санап көбейіп бара жатқаны бізге бір сұм заманның хабаршысындай әсер етуде.

Әлеуметтік желіні ашсаң болды, жан дүниеңе жай түсіргендей қасіретті жағдайлар еңсеңді езіп барады. Мына жазбаны көріп есеңгіреп қалдық. «Шымкентте жаңа туған нәрестенің мәйіті табылды. Нәрестенің де­несін Рысқұлов көшесіндегі қоқыс кон­тей­нерінен коммуналдық жұмысшы тапты. Ол оқиғаның қалай болғанын баяндап берді. “Таңертең сағат 7-де үш адам келдік. Қоқыстарды жинай бастадық. Контей­нер­ді құлатып алдым да қоқыстарын теріп жатқанмын. Бір ауыр затты көрдім. Па­кет­тегі ет пе деп қалдым. Ашсам, ішінде нәрестенің денесі. Алып лақтырып жібер­дім. Әріптестерім сенбей тұрды. Кейін есім­­ді жиып алдым да іздей бастадым. Жұ­­мысшыларды шақырдым. Бәрі көрді. По­лицияны дереу шақырдық. Олар түсінік­те­ме алды. Баланың басы қан болды. Денесі көгеріп кеткен. Кеше не бүгін туған секілді. Кін­дігі кесілмеген күйде болды” деді Байтасов.

Мұнан соң тағы да Қызылорда облы­сын­да қоқыс контейнері жанынан шала туған баланың денесі табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Оқиға 18 қыркүйекте Қар­мақшы ауданына қарасты Төретам кенті Жанқожа батыр көшесіндегі №27 көп­­қа­батты үйдің ауласында орналасқан күл-қоқыс жинайтын контейнер маңында тіркелген.

Екі оқиға да өте жақын күндері орын алып отыр. Осындай жауыздық әрекеттің тылсым сыры неде? Мүмкін тағдыр тәлкегі дерсіз, бәлкім адасқандық не болмаса зұлымдық. Бәрібір мұның астарында қылмыстық әре­кет жатыр. Өзінің өзегін жарып шыққан тұла бойына біткен тіршілік иесін қандай ана қоқысқа лақтырады? Иісі жұпар аңқыған нәрестесінен неге бас тартады? Олардың не жазығы бар? Бұл мәселеге бүкіл қоғам бейжай қарамау керек. Мұндай әрекетті тоқтатудың жолын қарастырмаса, бұл дерт асқынып барады. Менің намысыма тиетіні осындай әрекетті жасайтын жандардың көпшілігі өзіміздің қаракөз қыздарымыз. Өзге ұлттың өкілдерін көп кездестірмедік. Неге солай? «Қызға қырық үйден тыйым» деген халқымыздың қастерлі өнегесін аналарымыз неге үлгі тұтпаған? Осының көпшілігі нәзікжандылардың қазір ғаламтор арқылы танысып, бір көрген адамын өзінің өмірлік жарына балап, алданып қалуынан немесе жеңілтек жүріс пен ішкіліктің зарда­бынан болып отыр. Басқа түк те емес. Ұлтымыз ұлықты, қызымыз қылықты деп жарияға жар салғанмен, осындай жанға жара, көңілге дақ салып, ұлтқа ұят әкелетін қаракөздер қазіргі заманда көбейіп барады. Бұл қателікті жөндеу әйел қоғамының мой­нына артылған ауыр міндет болып тұр. Отбасындағы тәрбиенің де осалдығы айт­паса да түсінікті. Тұрмыс тауқыметі, жұ­мыс­бастылық сылтау болмау керек. Қазір әкенің қаһары мен сесі, ананың қабағының қатуы тарқағандай. Бір селқос, ойсыз, намыс­сыз, ұғымсыз, жүрексіз бейне робот адамға айналып барамыз. Отбасына орал­ған­мен бұрынғыдай дастархан басында қауқылдасып, әдемі әңгіме айту, қыздың немесе ұлдың қандай жоспары бар екенінен хабардар болып, оны ортаға салу тыйылды. Әке мен ұлдың, шеше мен қыздың арасында төңірекке тарқатпайтын өзара сыр алысу болатын. Ол да жойылып барады. Қазір әркім өзінің ғаламтордағы әбігер әлемімен әлек. Сырттан қоңырау шалып, үйдегі бір адамды бар ма деп сұрасаң, келесі бөлмеде отырған адамның бар-жоғын білмейді. Телміргендері – телефон, құндылықтары – ғаламтор. Бір шаңырақта отырып, бір-бірімен телефон арқылы тілдеседі. Өмірдің жаны да, бағы да сол бейнелі әлемде. Бүкіл рухы жалаңаштанып, шалажансар болып бара жатқан қазіргі ұрпақты тәрбиелеудің қиындығы міне, осында болып тұр. Сол топқа орта жастағы адамдар біз тыйым салмасақ, осы құлдырағанымыз құлдыраған. Құлды­раң­даған құлыншақтарымыз осылай оқыс­тан от басып, қылмыс әлеміне шімірікпестен байланып жатыр.

Иә, айтып-айтпай немене, болар іс бол­­­ды. Бірақ бұл мәселеге бірінші болып жаны ауырып, үн қосатын – шығармашыл қауым, ақындар, жазушылар. Олар рухани күйзелісті жүрек сүзгісінен өткізіп, қоғамның бітеу жарасын жазуға, емдеуге тырысады. Жаза басқандар ойланар деп үміттенеді. Өлең шіркін құдірет қой. Бірақ оны түсінер жан болса.
Анашым-ай,
Құлақ салшы, құрсағыңда бүрлегем,
Шаранаңмын бір күн өмір сүрмеген.
Сыртқы әлемнің салқындығын сезуші ем,
Бірақ мұнша суықтығын білмегем.

Қазағым-ай,
Сап-сау тудым, Ер болар ем ту алған,
Ерлігімді намысыма суарған.
Қазақ деген елдің ұлы болам деп,
Жатырыңа біткен кезде қуанғам!

Қазағым-ай,
Қысқа күнде қырық өлең шығарған,
Ақын ұлттың ұлы болу – ұлы арман.
Мен, әу баста, Жаратқаннан сол үшін,
Мына сенің жатырыңа сұранғам!
Міне, бұл – ақынның жан айқайы! Анасы тастап кетіп, өлім құшқан шарананың мо­нологы. Мынаны оқып отырып, жанардан жас тамшылайды. Біз аз ғана қазақпыз. Бір-бірімізді қамшылап оятпасақ, бізді кім қамшылайды? Ағайын, енді бұл өте сұмдық жағдай. Осындай тағдыр тәлкегіне ұшырап, қоқысқа тасталған баланың бүгінде аман қалып, үлкен азамат болып, қоғамға пайда келтіріп жатқандары да бар екен. «Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өлер» демей ме қазақ. Анасы нәрестесін ажалға қиса да, Аллам оған қорған болып, сұм ажалдан қорғап қалған. Бұл қандай құдірет десеңші! Жаратқанның жарлығынсыз қурай да сын­байды деген сөздің парқын осындайда ұғасың.

Отандық журналист Гүлмира Әбіқай өзінің Facebook әлеуметтік желіcіндегі па­рақ­шасында өз анасына іздеу салған орал­дық офицердің хатын жариялады. 28 жас­тағы офицер жаңа туған баласын кө­ше­дегі дәретханаға тастап кеткен Атырау облы­сындағы келіншек туралы оқиғаны естігеннен кейін анасын іздеп, журналистке хат жазған.

«Көп адам осындай әжетханаға тас­талып, қоқысқа лақтырылған балалар­дың өмірі әрі қарай не болады деп ойлайтын шығар. Соның бірі менмін…28 жыл бұрын Орал қаласында мені туған анам қоқысқа лақтырып кетіпті. Көп ұзамай сол жерден өтіп бара жатқан жақсы адамдар жылаған дауысымды естіп, тауып алып, ауылға әке­ліпті. Ол кезде полицияға айту, құжат рәсімдеу жоқ болса керек. Мені 13 жыл бала көтермеген көршілерінің етегіне салыпты. Сол кісілерді анам-әкем деп өстім. Тәубә, еш нәрседен тарықпадым, адам болдым, оқыдым, өстім. Асырап алған ата-анам өмірден өтті. Сол кезде баяғыда мені тауып алған көршілерім ақиқатты айтып, қолыма бирка табыстады.
Қазір өзім үйлендім, 3 балам бар, әскери офицермін. Дегенмен, туған анаға деген сағыныш, оны табу, бір көру – арманым! Оны сіз орындайтыныңызға сенемін. Ана­ма еш өкпем жоқ. Тірі болса, көргім келеді. Балаларым тегін білсе деймін. Бар арманым – туған Анамды бір көру» деп жазған офицер хатында.

«Орал қаласында перзентхана көп емес шығар. Мұрағат пен полицияға сұ­рау салдық. Бәлкім, менің Батыстағы оқыр­ман­дарым органнан жылдам шығар?! Бір азаматтың арманын орындауға атса­лы­сайық, ағайын» деп жазды хатпен бөліскен журналист.

Міне, анасының қатесін перзенті жан-жүрегімен сезініп, балалық мейіріммен оны жер-көктен хабар салып, іздеп жатыр. Тегін білгісі келеді. Не деген тектілік десеңізші! Қанында қазаққа тән бауырмалдық пен мейірім бар. Қандай үлкен жүректі азамат болған. Асырап алған ана мен әкеден берілген тәрбие болуы да мүмкін. Кешірім ол – ұлылық, мәрттік, кеңпейілділік! Қалай десек те нағыз азамат екен деп түйдік.

Бірақ жаралы жүрек қалай жазылар? Өмір деген ғажайып әлемнің есігін ашып кіре сала ананың аялы алақанынан сусып түсіп, ажал құшқан бейкүнә періштелердің өліміне тоқтау бола ма? Бұл біздің қоғамның ащы шындығы болғанмен, әлі оның дауасы бол­май тұр. Не істемек керек? Дүрлігіп шешімін таппасақ, дүбәра болатын түріміз бар. Опық жеп қалмайық! Рух жаншылса, жан азабын бірге тартамыз. Ал жан азабы тән азабынан қиын. Ойлан, қазақ!

Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА

25 қазан 2021 ж. 396 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 762

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930