ЖЫЛУ маусымына дайындық ҚАЛАЙ?
Биыл күздің ызғары қатты. "Қыстың қамын жаз ойла". Иә, қамсыздық жарға жығады. Қытымыр қыс қыр астында тұр. Әне-міне дегенше қылышын сүйретіп жетіп келеді. Қабағы қатулы қыстың қаһарынан тек жылу ғана сақтайды бізді. Қар түспей-ақ, жер қарада тұрғын үйлердің мұржасынан түтін будақтай бастады. Аудан басшысы күз түскелі жылу беру маусымына дайындықты назарда ұстап, қатаң қадағалап келеді. Әсіресе әлеуметтік нысандардың, соның ішінде білім беру, денсаулық сақтау саласына қатысты ғимараттарды жиі аралады және осы тұрғыда мәжіліс сайын тиісті орындарға жауапкершілік жүктеп, жеткілікті мөлшерде қатты және сұйық отынмен үздіксіз қамтамасыз етуді қатаң тапсырды.
Сонымен ауданда жылу беру маусымы басталды. Бір орталықтан жылытылатын мекемелер мен білім беру, денсаулық сақтау ошақтарының қазандық пештері іске қосылды. Биыл ауданымызға көгілдір отын келді. Ерте қимылдап, үйлеріне кіргізіп алғандар қазір табиғи газдың игілігін көріп отыр. Ал қаржы жағы қолбайлау болып, биыл үлгере алмағандар көмір пешін бұзған жоқ. Алайда, тұрғындардың көбі сол көмірге де қол жеткізе алмай отырған сыңайлы. Бұл жөнінде аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Өмірзақ Елеусінов:
– Биыл қыс ерте түсуі мүмкін деген болжамдар айтылуда. Алайда, шана, шаңғысын сайлап қойған адамға қыстың аса қаупі жоқ. Жалағаш ауданы әкімінің 2021 жылғы 11 мамырдағы №163 өкімімен 2021-2022 жылдардағы жылу беру маусымына дайындық пен оны өткізуді үйлестіру жөніндегі аудандық штаб құрылып, іс-шаралар жоспары бекітілді және іс-шаралар жоспарына сәйкес, барлық нысандарда тиісті дайындық жұмыстары жүргізілді. Жалағаш ауданында жылытылатын 101 әлеуметтік және басқа да нысандар бар. Оның ішінде 32 мектеп, колледж, лагерь және балабақша нысаны, 27 мәдениет және спорт нысаны, 20 денсаулық сақтау нысаны және 22 мемлекеттік мекеме бар. Әлеуметтік нысандардың ішінде 38-і сұйық отынмен, 38-і қатты отынмен, 2-еуі электр қуатымен жылытылса, №202 мектептің қазандығы газ отынымен жылытылады. Барлық әлеуметтік нысандардың жылу беру маусымына әзірлік паспорттары берілді. Жалағаш ауданы әкімінің 2021 жылғы 8 қазандағы №271 өкімімен осы жылдың 10 қазанынан жылу маусымының басталғандығы жарияланды. Ал енді жоғарыда айтып өткеніміздей, аталған нысандар ауамен жылытылмайды, қара күз басталып, көктемгі күннің көзі шығып, жер бауыры жібігенше пештен от үзілмейді. Яғни қатты отын және сұйық отынмен толықтай қамтамасыз етілуі тиіс. Ендеше, осыған тоқталсақ. 2021-2022 жылдардағы жылу беру маусымына барлық әлеуметтік және басқа да нысандардың сұйық отын қажеттілігі 2 850 тоннаны, қатты отын қажеттілігі 2 900 тоннаны құрайды. Бүгінгі күнге нысандар 1 710 тонна сұйық отынмен (60,0 %), 1892 тонна қатты отынмен (65,2 %) қамтамасыз етілді. Барлық нысандарда 2022 жылдың 15 қаңтарына дейін жететін (100 пайыз) қажетті отын қоры бар, – дейді.
Баршамыздың балаларымыз мектепте оқиды. Сондықтан үйімізді емес, қыс қылаң бергеннен мектептің жылуын ойлап, уайым қылатынымыз да бар. Оның үстіне кешегі күрделенген пандемия жағдайы да бізді қоршаған ортадағы әртүрлі жағдайлардан, әсіресе салқыннан сақтанып жүруге үйретті. Сондықтан 2021 жылы 18 қазанда бөлім қызметкерлері тарапынан әлеуметтік нысандардағы жылу беру барысына рейд жұмыстары жүргізілгенін қосымша айта кеткеніміз жөн. №116 орта мектеп жылу маусымына 85 тонна сұйық отын қажет етеді. 1 500 литр сұйық отын қоры бар. Сыныптардың орташа температурасы 21-22 градус. Ал №34 орта мектепте жылу маусымына сұйық отын қажеттілігі 80 тоннаны құраса, қоймада 1 600 литр сұйық отын қоры бар. Сыныптардың орташа температурасы 21-22 градус. №18 «Бөбек» балабақшасына 40 тонна сұйық отын қажет, қазіргі таңда 4000 литр сұйық отын қоры бар. Жыл соңына дейін келісім-шарт бойынша 6 900 литр сұйық отын қосымша алынады. Бөлмелердегі орташа температура 22 градусты құрайды. №114 орта мектеп үшін жылу маусымына сұйық отын қажеттілігі 73 тоннаны құраса, бүгінде қоймада 2 500 литр сұйық отын қоры бар. Сыныптарда орташа температура – 21 градус. Сол сияқты №115 негізгі мектеп те жылу маусымында 66 тонна сұйық отын жағады. Қазірде 3 500 литр сұйық отын қоры бар. Сыныптарда температура 19-23 градус аралығында. №118 орта мектеп үшін жылу маусымына отын қажеттілігі 85 тонна болса, қазірде қоймада 1 500 литр сұйық отын қоры бар. Сыныптарда орташа температура 21 градусты құрайды. №33 орта мектепке жылу маусымына 85 тонна сұйық отын қажет болса, қазір қоймада 1 700 литр сұйық отын қоры бар. Сыныптардағы температура 22-25 градус аралығында. №13 «Балдырған» балабақшасы да жылу маусымында 35 тонна сұйық отын жақса, қазіргі уақытта 1 800 литр сұйық отын қоры бар. Жыл соңына дейін келісім-шартпен 16 400 литр қосымша алынады екен. Бөлмелердегі орташа температура 21 градусты құрайды.
Аққұмдағы №38 орта мектеп жылу маусымында 56 тонна сұйық отын жақса, қазірде қоймада 2 700 литр бар. Сыныптардағы температура 22-25 градус аралығында. Ауылдағы №7 «Шұғыла» балабақшасы жылу маусымында 35 тонна сұйық отын қажет етсе, қазіргі уақытта 4000 литр сұйық отынның қоры бар. Бөлмелердегі температура 24-25 градусты құрайды. №232 орта мектеп жылу маусымына сұйық отын қажеттілігі 62 тоннаны құраса, қазіргі уақытта 1 200 литр сұйық отын қоры бар. Сыныптардағы температура 23-26 градус аралығында.
Есет батырдағы №124 орта мектепте жылу маусымына сұйық отын қажеттілігі 62 тонна болса, қазірде 3 500 литр сұйық отын қоры бар. Сыныптардағы температура 22-25 градус аралығында. Ал №203 орта мектеп жылу маусымына 55 тонна сұйық отынды қажет етсе, қазірде 1 300 литр сұйық отын қоры бар. Сыныптардағы температура 21-23 градус аралығында. №32 орта мектеп жылу маусымына 65 тонна сұйық отын қажет етсе, қазірде 3 500 литр сұйық отын қоры бар. Сыныптардағы температура 21-24 градус аралығында. №122 орта мектеп жылу маусымына 65 тонна сұйық отын қажет етсе, қазірде 2 200 литр сұйық отын қоры бар. Бөлмелердегі температура 22-26 градус аралығында. №117 орта мектеп жылу маусымына 85 тонна сұйық отын қажет етсе, қазірде қоймада 2 800 литр қор бар. Сыныптардағы температура 22-25 градус аралығында. №15 «Балбөбек» балабақшасы жылу маусымына 40 тонна сұйық отын қажет етсе, қазірде 2 300 литр сұйық отын қоры бар. Бөлмелердегі температура 21-25 градусты құрайды. №119 орта мектеп жылу маусымына 55 тонна сұйық отын қажет етсе, қазірде 2 500 литр сұйық отын қоры бар. Сыныптардағы орташа температура 22 градус. Сол секілді №188 орта мектеп жылу маусымына 360 тонна қатты отын қажет етсе, қазірде 112 тонна отын қоры бар. Бөлмелердегі температура 22-27 градус аралығында.
Сондай-ақ бөлім басшысының айтуынша, аудан тұрғындарына 2021-2022 жылдардағы жылу беру маусымына биыл тамыз айынан бастап жеке кәсіпкерлермен теміржол арқылы 4 410 тонна (63 вагон) көмір жеткізілген. Сонымен бірге 8 вагон (420 тонна) көмір жолда келе жатыр. Сол секілді, орталықтандырылған газ желісінен тұрғын үйлерге газ желісін тарту жұмыстары жүргізіліп келеді. 2021 жылдың 25 қазанына дейін 1 343 тұрғын үйге газ желісі тартылған. Оның ішінде 805 тұрғын үйге қосылып, газ отынын пайдалануда. Бір сөзбен айтқанда, мемлекеттік нысандарда қатты отын мен сұйық отынның қоры жеткілікті.
– Жоғарыда айтып өттім, «Олжас-2005» ЖШС-ның 5 вагон және ЖК «Әжібеков»-тің 3 вагон көмірі Қарағанды облысының Құлайғыр станциясында тұр. 8 вагон көмір көп кешікпей ауданға келеді. Әрине, қатты отын тасымалы онымен үзіліп қалмайды, халықтың сұранысына орай тағы да үстемелеп жеткізіледі. Сондықтан биыл қыс бойы тұрғындар арасында көмір тапшылығы туындамайды деп ойлаймын, – дейді Өмірзақ Тұрымбетұлы.
Иә, әлі қар түскен жоқ. Бір аптадан бері күнге Құдай қарасып тұр. Алайда, табиғат табан астынан тосын мінез шығаратынын ұмытпағанымыз жөн.
Қуат АХЕТОВ