ҚЫС ҚЫР АСТЫНДА ТҰР...
«Қылышын сүйретіп қыс келеді» деп халқымыз бекер уайым шекпесе керек. «Қылыш» сөзі қауіпті білдіреді. «Қыстың қамын жаз ойла» деп тағы ескертеді. Қыс келмей қам жаса деп тұр. Тіршіліктің төрт мезгілінің ішіндегі қатаңдауы да – осы қыс. Қыс қатты болып, төрт түлігі қырылып, жұтқа ұшыраған халқымыз жаз соңын ала қысқа дайындықты бастапты. Жайлауда жүріп, қыстауын қамдапты. Арқаның аязындай азынап тұрмағанымен, біздің өңірде де қыс аса жайлы емес. Ықтырмаң бүтін болғанымен, жылуың жеткіліксіз болса, үйіңде береке болмайды. Бұл сөзімізді «Берекең кетсе, от жақ» деген бабалар сөзі тағы растай түседі. Сондықтан шуақты күнгі салғырттықтың салдарын суықта тартпауға тиіспіз.
Жылда жылыту маусымында отын тапшылығы қылаң береді. Бұл – үлкен мәселе. Табиғи газдың құбыры аудан орталығына толық тартылып болғанымен, биыл да көгілдір отынның игілігін аудан тұрғындары көре алмайтын түрі бар. Жеке үйлердің жылу жүйесін табиғи газға қосу жұмыстары келер жылға қалып отыр. Сондықтан алдымыздағы қыс айларында жылдағыдай көмірмен ілекерлей тұруға тура келеді. Қай бір жылдары тұрғындардың осы қатты отынға да қолы жетпей, көрші ауданнан тасып жағып, көктемге әрең ілініп еді.
Күздің екінші айы да басталып кетті. Қазан ұрған соң, қарашада қар қылаулайды. Күн қазірден суытты. Ауа райының болжамына сенсек, биыл қыстың қатты болатынын ескертеді. Ендеше, ауданымыздың жылыту маусымына дайындығы қалай? Бұл жөнінде аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автожолдары бөлімінің бізге берген мәліметіне сүйенсек, биыл аудан тұрғындары қатты отыннан тапшылық көрмейді. Тиісті мекеменің сараптамалық есебі бойынша аудан халқының биылғы жылыту маусымындағы қажеттілігін өтеу үшін 19 мың тонна тас көмір керек. Яғни аудан тұрғындарының қыстайғы тұтынатын отыны осы межелі мөлшерден кем болмауы тиіс. Аудан орталығында бірнеше жерде тас көмір базасы бар. Бүгінгі күнге дейін жеке кәсіпкерлер теміржол тасымалы арқылы ауданымызға 7 710 тонна қатты отын жеткізді. Дәл қазіргі уақытта қоймаларда 2 010 тонна көмір қоры бар. Қарағандыдан келген тас көмірдің «Шұбаркөл», «Қаражыра» деген сұрыптары бекітілген бағалары бойынша сатылып та жатыр. Бүгінге дейін мекемелерге берілетін жоспарлы 2 900 тонна тас көмірдің 1 594 тоннасы тиісті мөлшерде таратылды. Нақтырақ айтсақ, ауданымызға келіп жатқан көмірдің бағалары: «Жарасбаева» ЖК-да «Шұбаркөл» – 18 мың теңге, «Олжас-2005» ЖШС-да «Қаражыра» мен «Шұбаркөл» – 17 мың теңге, «Халық Серік» ЖК-да «Шұбаркөл» – 16 500 теңге. Ал келісім-шарт негізінде ауданға қарасты қатты отынмен жылытылатын мемлекеттік мекемелерді көмірмен қамтамасыз етуді өз жауапкершілігіне алған «Әжібеков» ЖК-да қарағандылық көмірдің «Жалын» деген сұрпы – 16 мың теңге. Бағаларындағы сәл ғана айырмашылықты көмірдің сұрпы, сапасы және тасымал құнымен байланыстыруға болатын шығар. Орайы келгенде айта кету керек, жергілікті тұрғындар өздері тұтынып отырған көмірдің құбылмалы бағасына қынжылады. Оны өзіміз де көріп, куә болып жүрміз. Қыстың ортасына таяу аяз күшіне мінгенде көмір бағасы бірден шарықтап кетеді. Бұл қыстың қаһары қысып тұрған халықтың наразылығын тудырады. Алайда, биыл ондай жағдай орын алмайды. Тиісті орындар көмір бағасының тұрақтылығын қатаң бақылауда ұстайды. Яғни қатты отынның қажеттілігіне қарай жоғарыдағы баға сақталады.
Сонымен бірге ауданға қарасты мемлекеттік нысандардың сұйық отынмен жағылатын жылу қазандықтары да қысқы жылыту маусымына толықтай дайын екенін білдік. Атап айтсақ, биылғы жылу маусымына жоспарлы қарастырылған сұйық отынның мөлшері 2 860 тонна болса, оның 1 143 тоннасы қамтамасыз етілді. Яғни 39,9 пайыз орындалып тұр. Бюджеттік мекемелердегі жылу жүйесі жылдағы кестеге сәйкес биыл да 15 қазанда іске қосылады.
Қуат АХЕТОВ