МАЛДА ИЕ БОЛМАСА, ЕЛДЕ БЕРЕКЕ БОЛМАЙДЫ
Жылда көркейту-көгалдандыру жұмыстары аудан бойынша жаппай жүргізіледі. Әсіресе көктем айларында кент ішіндегі көше бойларына көптеп көшеттер отырғызылады. Аяқсу келеді, еңбекпен жүріп көктетеміз. Көбі тамыр байлап, өркен жаяды. Тек бой алып кеткенше күтіп-баптасаң болғаны. Ал жас шыбыққа күтім жасау орасан еңбекті, маңдай тердің төгілуін қажет етеді. Тал-терек өссе өзіңе сая болады, жайқалып тұрған сол саялы ағаштардың көлеңкесінде өзіңнен кейінгі бірнеше ұрпағың өсіп жетіледі.
Бірақ кент тұрғындарының көбін осы мәселе ойландырмайтын секілді. Олай дейтініміз, қолға ұстап отырған малын сыртқа, жайылымдық жерге шығармай, кент ішіне жаятындар бар. Мына суреттегідей көрініске күнде куә болып жүрміз. Егесіз жүрген қой-ешкі секілді уақ малдар көшедегі талдың қабығын қырнап, жас өскін көшеттерді жалаңаштаса, келе-келесімен жүретін ұзын мойын түйелер бой алып кеткен тал-теректердің жапырағын жеп, бұтағын сындырып тып-типыл етті. Қазірде көшелердегі кейбір ағаштың қурап қалуы күтімсіздігінен емес, осындай егесіз жүрген малдардың тісі тигеннен.
Төрт түлік – халқымыздың ежелден тіршілік көзі. Қазірде кент тұрғындарының көбі мүмкіндігінше қолға мал ұстап отыр. Бұл құптарлық жай. Алайда малды өнімі қажет кезде ғана қораңа қамап ұстап, қалған уақыттарда көшеге айдап жіберу төрт түлікті кие тұтып, одан береке табуға ниеттенген адамның ісі емес. Егесіз жүрген малдың дауы да көп. Көршінің ауласына кіріп, бақшасын көтеріп кетсе де, орталық алаңдағы гүлзар мен көшедегі талдарды отап кетсе де, ақыр соңында із-түссіз жоғалып кетсе де иесімен қоса өзге де жұртты сабылтып әуреге салады.
Айтпағымыз: кент – біздің ортақ үйіміз. Барлығымыз да осы жердің суын ішіп, ауасын бірге жұтып отырмыз. Сондықтан өзіміз өмір сүріп отырған ортамыз бүлінсе, одан біріміз ғана зардап шекпейміз, оның салдарын барлығымыз тартамыз. Көшеде өсіп тұрған ағаштың бір бұтағындағы бір тал жапырақтың өзі бір мезетте қаншама зиянды көмірқышқыл газын жұтып, қаншама оттегі бөлетінін ескерсек, біздің денсаулығымыз үшін қызмет көрсетіп тұрған әрбір тал-теректі аялауымыз керек. Өйткені кентіміз жасыл желегінен айырылып, тал-теректер жалаңаштанса, тек сәулеті мен сәні кетіп қана қоймайды, экологиялық тепе-теңдік бұзылып, тұрғындардың өміріне, денсаулығына айтарлықтай қатер төндіреді. Ендеше өзіміз сүтін ішіп, етін азық қылып отырған малымызға иелік жасайық, ағайын!
Қ.АХЕТОВ