ТҮЛЕКТЕР ТЕРЕК ОТЫРҒЫЗДЫ
Өткен сенбіде З.Жарқынбаев атындағы №202 орта мектепті 2008 жылы бітірген түлектер «Дәуімбай» елді-мекеніндегі саябаққа 200 түп терек көшетін отырғызды.
Туған жерді көркейтіп-көгалдандыруға атсалысқан жастардың бұл ісі көпті сүйсінтті. Таң атысымен саябаққа барып, аяқсу көздерін аршыған түлектердің игі бастамасына аудан әкімі Қайратбек Сәрсенбаев сәттілік тілеп, тал егу рәсімін бастап берді.
– Биыл біздің мектеп бітіргенімізге 10 жыл толып отыр. Соған орай, алдымен қоршаған ортаны көркейтуден бастағанды жөн көрдік. Алдағы уақытта осы жерден балаларға қажетті ойын-алаңын ашуды жоспарлап отырмыз. Қоршаған ортаға көрік беретін осындай көркейту шараларын көбірек ұйымдастырсақ, аудан келбеті одан әрі ажарлана түсері анық, – дейді мектеп түлегі Мақсат Қожабаев.
Ашылғанына көп бола қоймаған саябақтағы бұл көшеттер күтімге алынса, түлектер еккен теректер ертеңгі күні жасыл желекке айналары анық.
Мұнан соң, кент көшелерінде өткен жаппай сенбілік жұмыстары бақыланды. Айналаны көгалдандыру жалпыға ортақ ізгі міндет екенін ұстанған жалағаштықтар бұл шараға белсене атсалысты. Оған мекеме, бөлім басшылары мен қызметкерлері және жастар өкілдері де өз үлестерін қосты.
Сонымен бірге, тазалыққа салғырт қарайтын тұрғындардың ауласы да назарға алынды. Әр тұрғын өз үйінің айналасын таза ұстауға міндетті. Мұны ескерткен жауапты мамандар қоршаған ортаны таза ұстауға шақырды.
Айта кету керек, өткен жылдары аяқсу тапшылығынан немесе күтімге алынбағандықтан көркейту-көгалдандыру маусымында тігілген кейбір шыбықтар бой алып кете алмай, қурап қалды. Енді ондай жағдай қайталанбайды. Елді-мекендерді аяқсумен қамтамасыз ету, көркейту жұмыстары нықтап қолға алынды. Аудан әкімі әр ауылға аяқсудың толық жетуін қадағалауды, ондағы көгалдандыру жұмыстарына баса назар аудару қажеттігін ескертті. Мұны орындау – сіз бен біздің міндетіміз. Ол үшін есік алдындағы аяқсу қарығын тазалап, көшеңізді таза ұстасаңыз болғаны...
Нұрсұлтан АЛПЫСБАЙҰЛЫ.
Пікір 1