КӨРГЕН КӨЗДЕ ЖАЗЫҚ ЖОҚ
Кент келбетіне қарап, келген-кеткен қонақтар өзімізге және біздің тазалығымызға баға береді. Сондықтан, он төрт мыңнан астам халқы бар Жалағаш кентін тек меймандар ғана емес, өзіміз де ауданның айнасы деп білеміз.
Жыл сайын Жалағаштың ажарына ажар қосып, көркейіп, гүлдене түскені көңілге қуаныш ұялатады. Әр сенбі сайын барлық мекеме, бөлім қызметкерлерінің атсалысуымен санитарлық-тазалық жұмыстары жүргізіледі. Алайда, ара-тұра көше бойларынан кенттің көркін қашыратын жайттарды кездестіріп отырмыз. Жуырда ғана көктемгі және күзгі мезгілдегі тазалық айлығы тұсында аяқсу арықтары аршылып, көше қоқыстан арылған еді.
Десе де тұрғындардың ішінде қарапайым ережені сақтамайтындар табылып отыр. Мәселен, Амангелді мен М.Шәменов көшесінің қиылысында орналасқан жеке тұрғын үйдің иесі кәріз құбырын көшедегі аяқсу жүретін арықтың ішіне орнатыпты. Ол маңнан шыққан кір суының күлімсі иісі колқаны қабады. Бұған жауапты мамандар да көз жеткізіп, келеңсіздікке жол берген көше тұрғынымен жұмыс жасауды өз құзырларына алды.
Ал енді әлі күнге дейін аяқсу бармаған көшелерге тоқталсақ. Айта кеткен жөн, жоғарыда айтылған Амангелді көшесіндегі арықтың сағасын аршып су жіберсе, біраз үйлердің есік алдына аяқсу барар еді. Бірақ, бұл маңдағы көше арығы әзірге лас суға былғанып жатқандықтан, мұны да алдағы уақыт еншісіне қалдырайық.
Кент әкімдігінің мәліметінше, кент ішінде – 67 (тұрғын үйі бар) көше орналасқан. Бұл көшелерде тұратын жалпы халық санын жоғарыда айттық. Көктемгі-күзгі тазалық айлығы аяқталған соң, одан әрі көше тазалығына кент әкімдігі жауапты екен. Демек, аяқсуды да жеткізіп беретін солар. Бұрын су жүрмеген немесе қарықтары қазылмаған көшелерді айтпағанның өзінде былтыр ғана су жүрген кейбір арықтар биыл неге құрғап тұр? Мәселен, мына суреттен Нысанбай жырау көшесі мен М.Байтөреев көшесінің қиылысына дейін су келіп тұрғанын байқауға болады. Тіпті, арнасынан әрі асып, көше бойын шайып кетуге де сәл-ақ қалған. Бірақ, су сағасының дәл қасында отырса да Нысанбай көшесінің тұрғындары аяқсуға қол жеткізе алмай отырған жайы бар. Тиісті әкімдік пен жауапты мамандар осындай олқылықтардың орнын толтыруға жұмыс жасайды деп сенеміз.
Н.АЛПЫСБАЙҰЛЫ.