» » СЕНБІЛІК СЕРПІН АЛДЫ

СЕНБІЛІК СЕРПІН АЛДЫ

Көктем кіре табиғатқа қайта жан бітіп, дала дүбірге толады. Ал, аяқсу келген бойда жастардың арық жиегіне қалемше отырғызғаны мүлде бөлек. Еліміз бойынша сәуір соңына таман жалпыхалықтық акция өтіп, оған жалағаштықтар да өз үлесін қосатын. Дәстүрлі шара биыл жалғасын тауып, кентті көркейту жұмыстары қарқын алды.
Бұл жолғы акцияда аудан тұрғындарының белсенділігі жоғары болды. Ағаш отырғызу акциясына сексенге жуық мекеме мен мыңнан астам адам қатысты. Бір сөзбен айтқанда, кенттің көркейту-көгалдандыру жұмысына жалағаштықтар бей-жай қарамайтынын көрсетті.
– Бұл акцияның бізге берер пайдасы қандай деген сауалға жауап көп. Себебі, жыл сайын акция аясында отырғызылған қалемшелер мен көшет ағаштары түгел бас алмаса да біразы көктеп тұр. Бір жағынан бүкіл аудан тұрғындарының бүгінгідей атсалысуы кейінгі буынға да үлкен дәріс. Себебі, біздің табиғатқа жанашырлықпен қарауымыз олардың да ертеңгі күні осындай игі шараларда төбе көрсетуіне сеп болады деп ойлаймын. Бүгінгі еккен ағаш қалемшелері тек акция күнгі жұмыстар. Ал, кентті көркейту-көгалдандыру жұмыстары мұнымен шектелмесі анық. Алдағы уақытта ол шараларда да осындай жұмыла іс қыламыз деп ойлаймын. Өйткені, жалағаштықтар жұмыла көтерген жүктің жеңіл боларын бұрыннан біледі, – дейді кент тұрғыны Тұраржан Әкімбай.
Расында, бұл бір ғана күнде қолға алынған жұмыстар. Ал, жалағаштықтар көктем шыққанша тал егу мен қалемше отырғызуды тоқтатпайды. Бір жақсысы жерге отырғызылған барлық ағаш көктеп жатыр. Акция шеңберінде ағаш отырғызудан бөлек, аяқсу жүрер арықтарға да тазарту жұмыстары жүрді.

М.АХМЕТОВ.

23 сәуір 2019 ж. 815 0