Күн тынықта күңіренген аналар немесе әскерилерден әл кетті ме?
Шынында қоғамда қазір елді елең еткізер түйткілді мәселелер көп. Алайда бесіктен белі шыққаннан балаларды ізгілікке отбасы, одан әрі балабақша, мектеп, жоғары оқу орны қанатының астына алып, тәрбиелеп түзетпесе әрине, ұрпақ тәрбиесінің олқы тұстары әшкереленіп, соңы үлкен өкінішке алып келеді. Әсіресе отан қорғайтын азаматтарға тәлім-тәрбие жан-жақты берілмесе, оқыстан опық жейтініміз рас.
Әлеуметтік желіден Информбюро бөліскен мына жазба мен бейнетүсірілімді көріп, қатты шошыдық.
Сұмдық! Әскерге сау кеткен сарбаз үйіне есінен адасқан күйде оралып, әкесін сабап тастаған. Әскери борышын өтеуге сап-сау кеткен Қызылорда облысы Арал ауданының тұрғыны 19 жастағы Ринат Жеткергенов үйіне есінен адасқан күйде оралыпты. Қазір тіпті ата-анасын танымайтындай хәлге түскен жігіт кейде өзінің не айтып отырғанын да білмей қалады. Ал Ринаттың ата-анасы баласының әскери шенділердің қорлығынан кейін өте ауыр жағдайға түскенін айтады. Сөздерінше, сол жақтағы қызметкерлер сарбазды казармада аяусыз ұрып-соғып, әбден қинап, басына зақым келтірген.
Үш күн бұрын ғана әскери борышын өтеп келген Ринат Жеткергенов үйіне осындай хәлде оралыпты. Содан бері жақындарына маза бермей, өзімен-өзі мүліктерді қиратып, үйдің астан-кестеңін шығарады екен. Тіпті ұлын тыныштандырмақ болған әкесіне де бірнеше рет қол көтеріпті. Жігіт жақындарын танымайды да. “Онымен қоймай әр нәрсені сандырақтап, сөйлей береді” дейді туыстары.
Ринат Жеткергенов Отан алдындағы борышын өтеген Ақтау қаласындағы 25/744 теңіз әскери флотындағылар «балаларыңыз сәл ауырыңқырап тұр, күтіп алыңыздар» деп ескерткен дейді жігіттің туыстары. Бірақ әскерден енді оралған баланың түрін көргенде үстеріне жай түскендей болғандарын айтады. Сөздерінше пойыздан түскенде Ринаттың үстіндегі киімі жыртық, ал аяғында жаздық аяқ киім болған. «Баламыз Отан алдындағы борышын өтеп емес, бір жыл бойы құдды бір құлдықта жүріп, қорлық көргендей» дейді. Есі кіресілі-шығасылы сарбаз үйіндегілерге әскерде жүріп өзінің қатты қысым көргенін айтқан. “Қайтар алдында сегіз күн бұрын төрт әскери қызметкер өзін жабылып ұрып, тіпті құлағын тесіп келеке қылғандарын да жасырмады” дейді Ринаттың ағасы.
БАХТИЯР НАҒАШЫБАЕВ,
Ринаттың ағасы:
– Құлағын тескен, құлағында жарақаты тұр. Мен сені қыз қыламын, мен сені әйелім қыламын деп қорлаған. Өте қатты қиянат көрсеткен. Жылап тұрып шындығын айтты. Екі күн болды баламен арпалысып жатқанымызға. Ұйықтамайды, сандырақтап сөйлей береді.
Ақ халаттылар 19 жастағы Ринаттың қатты соққыдан миына зақым келді деген қорытынды жасапты. Қорғаныс министрлігі өкілдерінің айтуынша, Ринат әскер қатарында тәртіпті, үлгілі сарбаздардың бірі болған.
ҒАНИ НҮСІПОВ,
ҚР Қорғаныс министрлігі баспасөз қызметінің өкілі:
– Тәжірибелі командирлер тәрбиешілер мен сержанттар сарбазға әскери міндетті өткеру уақытында қолдау көрсеткен. Сонымен қатар қатардағы жауынгер Ринат Жеткергенов қызмет өткерген кезінде денсаулығына ешқандай шағым жасамаған.
Ал бірақ Ринат әскери борышын өтеген ротадағы жауапты әскери шенділер сарбаздың мұндай жағдайға түскеніне өздері де таң болып отырғандай кейіп танытты. Алайда тексеріс жүргізіліп жатыр дейді.
Ал ата-ана кінәлілер Ринатты әскерге барар шағындағыдай ауруынан айықтырып берсін дейді. Міне, тұп-тура осы жазбаны оқып және анасының көз жасын көл қылған бейнетүсірілімін көріп, аза бойың қаза болады. Кім өзінің перзентін дін аман әскерге аттандырып, осындай ақыл-есі кем күйінде қарсы алғысы келеді. Бұл – өте ауыр қасірет.
Жақында сенатор Дана Нұржігіт ел жастарының әскери-патриоттық тәрбиесіне алаңдап, Премьер-министрге депутаттық сауал жолдағанын әлеуметтік желіден көрдік. Бұл – өте дұрыс қадам.
Бүгінде патриоттық тәрбие беру жүйесінің әлеуметтік-құқықтық мәртебесі, рөлі, орны, мақсаты және патриоттық тәрбие беру жұмыстарын жүргізетін үйлестіруші органның құрылуы заңнамалық тұрғыда айқындалмаған. Әрбір мемлекеттік органның, ведомстваның, ұйымның қызметтерінің бір тармағы патриоттық тәрбиеге бағытталуы тиіс екені көрсетілмеген. Бұл мәселенің заң бойынша реттелмеуі қоғамдық ұйымдардың, патриоттық клубтардың материалдық-техникалық базасына да әсер етіп отыр, – деп түсіндірді Дана Нұржігіт.
Осы ретте депутаттар ұлттық патриоттық тәрбиенің құқықтық ұйымдастырушылық негіздерін бекіту, патриоттық салада қызмет етіп жүрген ұйымдарды ынталандыру жүйелерін қарастыру, жұмысты жүргізетін ведомствоаралық үйлестіруші орган құру, сондай-ақ осы ұсыныстарды жүзеге асыруға негіз болатын жеке заң әзірлеу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.
Жоғарыда болған оқиғалардың бәрі бала бойына патриоттық тәрбие дұрыс сіңірілмегеннен де болуы мүмкін. Бойында рухы бар, намысы бар, өжеттігі бар адам біреуге қиянат, әлімжеттік жасауға бармас еді. Әскери тәрбиенің де дәрмені азайған ба деп қаласың осындайда. Кейбір әскери шенділер әскери бөлімде болып жатқан қылмыстарға неге жол береді? Осы сауалдың басы әлі ашық тұр. Елге есінен адасып оралған сарбаз Ринат Жеткергенов әскерге сап-сау күйінше аттанған еді ғой. «Тексеріс жүргізіліп жатыр» деп құтылады әскери шенділер. Ал оның арты не боларын бір Алла біледі. Ащы ішектей созылған осы әскердегі борышын өтеушілерге жасалатын қастандықтардың шегі бола ма? Әлде жабулы қазан жабулы күйінде қала ма? Ал ашынған ана болса, жауаптыларға «баламды қайтадан сау қалпына түсіріп бер» деп зар жылап отыр. Тіпті күн тынықта отбасын күңірентіп, әскери борышын өтеп жүргенде жалғыз ұлы мерт болған аналар да бар.
Бұл мәселе қоғамдағы әлі жазылмаған да, аузы ашылмаған бітеу жара болып, перзентін жоғалтқан әр ата-ананың жүрегін сыздатып тұр. Тән жарасы жазылар ау, жан жарасын қалай емдерміз?
Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА