ЖАНСАҚТАУ БӨЛІМІНДЕГІЛЕР ПАЛАТАҒА ШЫҒАРЫЛДЫ
Онлайн режимінде өткен аппараттық кеңеске қатысушылар «Абай» шахтасында қаза тапқан кеншілерді бір минут үнсіздікпен еске алды. Шахтадағы жұмыстар апаттың мән-жайы толық анықталғанға дейін тоқтатылды. Қазір «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның барлық шахтасында тексеру жүріп жатыр.
Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек қалалар мен аудандар әкімдеріне облыстың барлық өнеркәсіптік кәсіпорындарында еңбек қауіпсіздігін жаппай тексеру жүргізуді тапсырды. Бұл мәселеге барынша жауапты қарап, немқұрайдылыққа жол бермеу керектігін қадап айтты.
– Облыс әкімдігінің атынан қаза болғандардың туыстары мен жақындарына қайғырып, көңіл айтамын. Кеше біз марқұмдардың отбасыларына бардық. Осы қиын-қыстау күндерде облыстың барлық тұрғындары сіздермен қайғы-қасіретті бөліседі, – деді Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек.
Айта кетейік, өткен аптаның соңында «Абай» шахтасында кенеттен метан тарады. Алты шахтёр қайтыс болды, екеуі ауруханада жатыр. Жеңіс Маралбаевты жансақтау бөлімінен бөлімше палатасына ауыстырды, Элайдын Зейналовты да палатаға ауыстыруға дайындауда. Қаза тапқандар мен зардап шеккендердің отбасыларына барлық қажетті көмек көрсетіледі. Мәселе облыс әкімінің жеке бақылауында.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та Қарағанды облысындағы «Абай» шахтасында метан газының жарылуы салдарынан қаза тапқан шахтерлердің жақындары мен туыстарына көңіл айтты. Сондай-ақ зардап шеккен азаматтардың тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдірді. Мемлекет басшысы Үкіметке шахтерлердің отбасыларына көмек көрсету жөнінде тапсырма берді. Болған оқиғаның анық-қанығын анықтау мақсатында үкіметтік комиссия құрылған болатын.
“ЖЖ” ақпарат