» » ЖЕМҚОРЛЫҚТЫҢ ТҮБІ — ҚҰРДЫМ

ЖЕМҚОРЛЫҚТЫҢ ТҮБІ — ҚҰРДЫМ

Қазіргі қоғамда жағымсыз сипат алып тұрған ең күрделі мәселе — сыбайлас жемқорлық және ол күннен күнге барлық салада кеңінен етек алып келеді. Ең өкініштісі, ел сенім артқан жоғары лауазым иелерінің сыбайлас жемқорлық сипатындағы қылмысқа саналы түрде барып, билік пен бұқараның арасының алшақтауына, мемлекеттік жүйеге деген ел сенімінің сетінеуіне алып келе жатқаны. Республиканың әр өңірінде күн сайын ірілі-ұсақты сыбайлас жемқорлық қылмысына қатысты күдікке ілінген қатардағы мемлекеттік қызметкерлер мен шенеуніктер тұтылып жатыр. Қылмысы анықталып, заңға сәйкес кесімді жазаларын да алады. Алайда, онымен жемқорлықтың азаятын түрі жоқ.

Аз көлемде болсын, көп мөлшерде болсын мемлекеттік қызмет барысында сыйақы ретінде пара алудың да қылмыс болып саналатынын бәріміз білеміз. Бірақ, сөйте тұра саналы түрде сол қылмысқа барамыз. Заң жазасынан ар жазасы ауыр. "Жемқор" деген жаман атқа ілінген адам абыройымен бірге адамгершілік қасиеттерінен де айырылатынын естен шығаруға болмайды.

Қазірде пара алған адам да, пара берген адам да заңмен жазаланып, жауапкершілікке тартылады. Кейбір жағдайда жеке мүддесі үшін заңсыздыққа барып, пара ұсынған адам пара алған адамды қылмыс жасауға мәжбүрлейді. Сондықтан екі тарапқа да жаза бар және ол әділ жаза.

Сыбайлас жемқорлық — мемлекеттің қазынасын ұрлау. Ал, мемлекет қазынасы — халыққа ортақ. Демек, мемлекет қаржысын жымқырған шенеунік халыққа қиянат жасайды. Исламда да ең үлкен күнә — көпшіліктің несібесін жеу. Ал, жекелеген тұлғалардан ақша талап етіп, пара алу — сол адамның отбасын ырзығынан айыру. Сыбайлас жемқорлықтың қай түрі болса да, біз өмір сүріп жатқан демократиялық құқықтық мемлекеттің Заңына қайшы. Оның арғы жағында мемлекетке, елге, жерге, адам баласына қиянат жасау біздің халықтың ұғымына мүлдем жат, діни ұстанымымызға да кереғар.

Сыбайлас жемқорлық — мемлекеттің құлдырауына алып келетін ең қауіпті кесел. Әсіресе, біздің тәуелсіз мемлекетіміз үшін сыбайлас жемқорлықтың қатері өте жоғары. Сондықтан бұл кеселдің алдын алып, жан-жақты күресу баршамызға міндет. Ол үшін әрқайысымыз халықтың құқықтық сауатын арттырып, ішкі мәдениетімізді түзеп, тәрбиелеуіміз керек.

Мадина ТҰРСЫНБАЕВА,
Жалағаш аудандық қазынашылық басқармасының бас маман бас-қазынашысы
20 қараша 2021 ж. 225 0