» » Омарташылар отбасы

Омарташылар отбасы

Гүлден гүлге қонып, нәр жинап жүрген ара еңбекқорлығымен әрбір жанға үлгі. Тіршілігіне мән берсеңіз, темірдей тәртіпке бас иесіз. Аралар үлкен отбасы болып тіршілік етеді. Омартада аналық, аталық, жұмысшы, күзетші аралар қалыптасқан белгілі заңдар мен ережелерге бағынады. Әрбір ара өзінің міндеттерін мүлтіксіз орындайды. Гүлдерден бал жинамаған араны күзетшілер омартаға кіргізбей қоятынын білетін бе едіңіз? Оларға да жатып ішер, бойкүйездер керек емес. Аралар тазалықты сүйеді. Сондықтан ара ұстасаңыз, омартаның мұнтаздай таза болуына мән беру керек. Үнемі ыждағаттап тазалап, мұқият қадағалағанда ғана сапалы бал жинай аласыз. Бал арасын кәсіп қылып отырғандар да жоқ емес, көп те емес. Міне, қомақты қаржыны қажет етпейтін осындай шаруашылықтың тамырына қан жүгірту үшін не істеу керек? Ауданымызда кәсіптің бұл түрі қалай дамуда? Жауап іздедік...

Ара баққан қиын ба, бала баққан қиын ба? Балдың дәмі тәтті болғанымен, еңбегі қатты дегенді жиі естиміз. Араны балаша бағып-қағып, таза бал жинап отырған осындай жанның бірі – ауданымыздың тұр­ғыны Ғазиза Асқарбекқызы.

Кейіпкеріміздің “Жаппай кәсіпкерлікті дамытудың “Еңбек” мемлекеттік бағдарла­масы бойынша қайтарымсыз қаржы алып, өз ісін бастағанына да біршама уақыт болыпты. Қазіргі ісі өнімді, табысы да көңіл қуантарлықтай.

– Алған қаражатымызды іске жаратайық деп, омарташылықпен айналысуды жөн санадық. Қазір кәсіптің бұл түрі отбасы­мыздың күнделікті жұмыс көзіне айналды. Өнімі жаман емес.

Салада табысты болу үшін аналық аралардың санын арттырып отыру керек. Іс нәтижелі болып, өзін ақтауы үшін кемі 50 аналық ара бал жинауы қажет. Оның қақ жарымы шығынды жабуға кетсе, қақ жарымының өнімі табыс әкелуі мүмкін. Аналық араны өсірудің өзіндік құпиясы бар. Бұлар 5 жылға дейін өмір сүріп, бал жинауға қабілетті. Өте сезімтал, жарық пен түс, иіс пен жылуды сезу қасиеті жоғары деңгейде дамыған. Сондай-ақ қазір тұтынушылардың таза балдан бөлек "ара сүтіне" сұранысы көбейді. Қазір осы бағытта да жұмыс жасап жатырмын. Әрине қиын, бірақ қиындықты еңсерген адам ғана табысқа жетпей ме, – дейді Ғазизаның жолдасы, омарташы Ерік Тасыбаев.

Қазір Ғазизаның жинаған балы ауда­нымызда ғана емес, өзге мемлекеттерде де сұранысқа ие екен. Биыл тұтынушылар қатары тағы да артқан, қазірден бастап тапсырыс берушілер жетерлік. Негізі таза балға жергілікті тұрғындар арасында да сұраныс көп.

Айтпақшы, Дүниежүзілік ара шаруа­шылығы ассоциациясының дерегінше, әлемнің әрбір тұрғыны жыл сайын жалпы көлемі 1 килограмм бал тұтынады екен. Қазақстанда мұның мөлшері аз, әрине. Біздің тұтынатын бал 50 грамнан аспайды. Есесіне қантқұмармыз, әрқайсымыз жылына 36 килограмм шекер жейді екенбіз. Оның себебін бал бағасының тым жоғары болуымен байланыстырады кейбірі. Қазір нарықтағы балдың 1 килосы 1500-3000 теңге шамасында екен.
«Алдағы уақытта сапалы балмен халықты қамтамасыз ету алға қойған жоспарымыздың бірі болғандықтан, бүгінгі кәсібімізден әлі де мол табысқа қол жеткіземіз» дейді кейіпкеріміз. Әрине, өз тарапымыздан бізге таныс емес осындай қызығы мен шыжығы көп кәсіпті дөңгелентіп отырған кәсіпкеріміздің еңбегіне табыс тілейміз. 600 мың теңгеге жуық қайтарымсыз қаржыға ие болған омарташылар отбасы алдағы уақытта кәсібінің көкжиегін кеңейтуді де жоспарлап отыр. Әрине, ол үшін әлі де қомақты қаражат қажет.

Жандос Жазкен 
22 қараша 2021 ж. 528 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 762

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930