Мемлекеттік қолдау талаптыға жігер берді
Соңғы екі жылда өңірімізде өз кәсібін бастаған жастардың үлесі басым. Іскер жастардың ойға алған арманын жүзеге асыруға мемлекеттік бағдарлама демеу болып отыр.
Қазіргі кезде қолынан іс келетін жастарға мемлекет тарапынан үлкен мүмкіндіктер берілген. Сол жасалған қолдауды пайдаланып, өз ісін өркендетіп, кәсіпкер атанып отырғандар қаншама. Соның бірі – шаштараз Самат Рысбекұлы.
Самат шаш әрлеудің бірнеше түрін меңгерген. Негізгі мамандығы да шаштараз ісі. Талапты жас оқу бітіріп келгеннен кейін сән-салондарында тәжірибе жинақтады. Кейін, өз алдына шаштараз ашуды көздеп, мемлекеттік бағдарлама көмегіне жүгінді. Сөйтіп, ол аудан әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы өз кәсібін бастауға өтініш білдіріп, қайтарымсыз грант алуға құжат тапсырды. Көп ұзамай «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы бойынша шаштараз мамандығы курсында оқып, өз тәжірибесін одан әрі жетілдіріп шықты. Қазіргі таңда ол «Райхан» салонында шаштараз болып еңбек етуде.
– Өзім осы кәсіптің қыр-сырын білгендіктен болашақта шаштараз болуды армандадым. Бірақ, бұл істі бастау үшін де қаржы керек екені белгілі. Арманымды жүзеге асыруға «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы арқылы қол жеткіздім. Қайтарымсыз грант қаражатына қажетті құрал-жабдықтар алып, оны кент орталығындағы «Райхан» салонына орналастырдым. Қазір осында ерлер шашын әрлеп, сәндеумен айналысамын. Мұнда келуші адамдар көп. Оқушыларға, балаларға жеңілдіктер де қарастырылған, – дейді ол бізбен әңгімесінде.
Самат "Адамның қолынан келгенді адам істейді" деп өзін-өзі қайрағаны да көп жасты тәуекел етуге шақырып тұр. Өзінің іскерлігімен көпке үлгі болған ол ендігі жерде кәсібін одан әрі кеңейтуді көздейді.
– Шаштараз болу оңай емес, әрине. Халықпен жұмыс жасағаннан кейін әрбір тұтынушының көңілінен шыға білу керек. Ал, біреуге ісің ұнамай, сапасыз қызмет көрсеттіңіз бе, онда саған келіп шаш қысқартушы адамдардың да сенімі жоғалады. Сондықтан, әрбір адамның талғамынан шыға білу үшін мамандықты жетік меңгеру керек және сапалы қызмет көрсетуді мақсат етіп қою қажет. Менің негізгі ұстанымым да осы. Алдағы уақытта кәсіп көзін кеңейтсем, мұнан да басқа қызмет көрсету орталықтарын ашу жоспарда бар, – дейді жас кәсіпкер.
Оның бұл мақсаты екі қолға бір күрек таппай жүрген талай адамға үлгі болары анық.
Нұрсұлтан ҚАЗБЕКОВ.