ЖОБА ЖЕҢІМПАЗЫ ЖҰМЫСЫН БАСТАМАҚ
Мемлекет басшысының Жолдауларында жастарды қолдауға бағытталған жобаларға басымдық беріліп келеді. Сондай алғышарттардың негізінде өткен жылы «Zhas Project» жастар корпусын дамыту жобасы құрылды.
Жастар корпусын дамыту жобасы – жастарға арналған бірегей бағдарлама. Бағдарлама шеңберінде жастарға өз кәсіби және көшбасшылық дағдыларын жетілдіруге, оған қоса халыққа пайдалы әлеуметтік жобаларын жүзеге асыруға мүмкіндік берілген. Қоғамның әлсіз топтарын жұмысқа тартуға бағытталған бағдарлама биылғы жылы да жалғасын тапты. Өңірлер қанша жоба ұсынса да шектеу жоқ. Тек өміршең, креативті, табысты жобалар болса болды. Жобаға ауыл жастары да қатыса алады. Грант кәсіп бастаушыға қайтарымсыз беріледі. Бірақ, әлеуметтік жобаның грантын жеңіп алған жастар жарты жыл халыққа тегін қызмет көрсетуге міндетті. Бағдарлама аясында қатысушылар үш кезеңдік оқытудан өтіп, жарты жыл өз әлеуметтік жобаларын іске асырады. Сондай-ақ, ай сайынғы шәкіртақыларына байланысты жоғары оқу орнының түлектері 60 000, қалған қатысушылар 40 000 теңге алады. Биыл жалғасын тапқан «Zhas project» жобасына қатысуда жалағаштық жастар да белсене атсалысты. 300-ге жуық қатысушы өтініш білдіріп, жобаның ақпараттық сайтына Жалағаш ауданынан 75 жоба тіркелген. Мұнан бөлек, тағы 10 жоба өз бетімен тіркелген. Олардың қатарында «Әлеуметтік шаштараз қызметін ұйымдастыру» жобасының жетекшісі Нұргүл Сүйінтай да бар.
Аудан орталығындағы №202 орта мектепті бітірген ол облыстық Абылай хан колледжінде білім алады. Мұнан кейін, жастар практикасы бойынша 6 ай бойы Ақсу ауылдық Сәрке батыр шаруашылығында жұмыс жасаған. Жастарға кеңінен қолдау көрсетуге бағытталған «Zhas project» жобасына қатысып, 1 миллион теңге грант жеңіп алған. Бір айтарлығы, Нұргүлдің жобасы өзге үміткерлерден ерекше. «Әлеуметтік шаштараз қызметін ұйымдастыру» жобасын ұсынған ол, осы бастама арқылы көптің алғысына бөленуді, көмек көрсетуді көздеп отыр.
– «Әлеуметтік шаштараз» жобасын ұсынуда біз төрт адам болып ақылдастық. Менің қасымда Ерболат Сүйінтай, Мөлдір Рахметова, Ербол Шапағатовтар бар. Барлығымыз ойлана келе халыққа қажетті, қолжетімді әрі сұранысқа ие кәсіп түрін қолға алуды жөн санадық. Жобаның мақсаты – ауылдағы тұрмысы төмен отбасыларға, жалғыз басты қарт кісілерге, мүмкіндігі шектеулі жандарға тегін шаштараз қызметін ұсыну. Сонымен қатар, елді мекендегі тұрмысы төмен отбасыларға, қарттарға, жетімдерге, жалғыз басты аналарға, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға көмек көрсету. Жалпы, жоба аясында 100 адам тегін шаштараз қызметімен қамтылады. Осы әлеуметтік жоба арқылы, топ мүшелерімен бірге жоғарыда аталған әлеуметтік топқа тегін шаштараз қызметін ұсынатын боламыз. Халықтың әсем әрі сымбатты жүруіне ықпал етеміз деп толық сенемін. Алдағы уақытта жобаның көлемін ұлғайтып, өз қаржымызға сән салонын ашсақ деген ниетіміз бар, – дейді көшбасшы.
Бағдарлама қорытындысымен аудан көлемінде 26 жоба қолдау тауып отыр. Ендігі жерде келісімшарт бойынша қаржылары қолдарына тиген бойда, кәсіптерін бастауға толық мүмкіндік алмақ. Жастар корпусын дамытуға арналған «Zhas project» жобасының арқасында өңірдің 86 жасы кәсіппен айналыспақ. Бұл өте қуантарлық жағдай. Біз жоба жеңімпаздарына тек сәттілік тілейміз.
Нұржамила АЛМАСҚЫЗЫ.