тұтынушы талабына сай ТЕГІН ҚЫЗМЕТ
Биыл өңірімізде алғаш рет жүзеге асқан «Zhas Project» Жастар корпусын дамыту жобасына өз идеяларын ұсынып, грант иегері атанған жастардың бірі – Әзиза Сапанова. Ол қазір ойға алған кәсібін дөңгелетуге кірісті.Жалпы, бұған дейін де «Zhas Project» жайында бірнеше рет қалам қаузап, талаптанған жастардың жұмысын оқырман қауымға ұсынған болатынбыз. Ал, бүгін жерлесіміз Әзизә Асылбекқызының тың идеясымен таныстыруды жөн көрдік. Әзизә жоба арқылы жеңіп алған қаржыға әлеуметтік осал топ мүшелеріне компьютерлік тегін қызмет көрсету орталығын ашуды қолға алды. Қазір мұнда жұмыс жұмыс қызып тұр. Жоба бойынша 200 адамға тегін қызмет көрсетіп, олардың қажеттілігіне сай сұраныстарын толық қанағаттандыруы тиіс. Себебі, жоба шарты солай. – Жоба туралы біз жастар орталығынан хабардар болдық. Үш адам топтасып, әлеуметтік қызмет көрсетуді көздейтін жоба ұсындық. Міне, бүгінгі таңда грант иегері атанып, жұмысымызды бастадық. Біздің мақсатымыз – өңіріміздегі тұрмыс жағдайы төмен отбасыларға, қарттарға, жетімдерге, жалғызбасты аналарға, мүмкіндігі шектеулі жандарға көмектесу, – дейді жоба жеңімпазы. Мұнда Әзизадан бөлек, Талғат, Мереке есімді жастарда жұмысқа тартылған. Осылайша, үшеуі бірігіп, өз жобаларын жүзеге асырды. Енді, олар бастаған кәсібін одан әрі дамытуды көздеп отыр. – Жоғарыда айтылған отбасыларына 6 ай бойы тегін қызмет көрсетеміз. Қазір, 20 балаға ағылшын кітабын шығарып жатырмыз. Алдағы уақытта бастаған ісімізді дамытып, компьютерлік қызмет көрсету тетігін жан-жақты жетілдіргіміз келеді, – дейді грант иегері.
Н.АЛПЫСБАЙҰЛЫ.