АРМАНДЫ ІСКЕ АСЫРҒАН ЖОБА
Биыл жастар корпусын дамыту жобасы аясында аудан жастары кәсібін бастауға мүмкіндік алды. Олар «Zhas Project» жобасына өз идеяларын ұсынып, 1 млн теңгеге дейін грант жеңімпазы атанды. Ауданнан 26 жоба қолдау тауып, алғашқы өнімдерін халыққа ұсынып та үлгерді. Бағдарлама аясында арманын іске асырған жастардың қатарында кент тұрғыны Айгерім Болатқызы да бар.
Ол жоба арқылы жеңіп алған қаржыға бұзаулы сиыр алып, сүт өнімдерін өңдеуді қолға алған. Өңделген сүт, айран, құрт, май секілді тағамдарды халықтың осал топтарына үлестіреді. Топ құрамында Нұржан Амандық, Нұрдәулет Амандық бар. Жобаның ашылу салтанатына барған біз игі істің куәсі болдық. Топ мүшелері өңделген өнімдерді он шақты адамға үлестірді. Оның ішінде мүмкіндігі шектеулі жандар, жалғызбасты қарт кісілер де бар.
– Бұл жоба туралы біз жастар орталығынан хабардар болдық. Үш адам топтасып, 955 000 теңгені құрайтын жоба ұсындық. Міне, бүгінгі таңда грант иегері атанып, жұмысымызды бастадық. Біздің мақсатымыз – өңіріміздегі тұрмыс жағдайы төмен отбасыларға, қарттарға, жетімдерге, жалғызбасты аналарға, мүмкіндігі шектеулі жандарға көмектесу. Жоба аясында жалпы 70-80 адам қамтылады. Алдағы уақытта тағы бір бас сиыр алу жоспарда бар, – дейді грант иегері Нұржан Раисұлы.
Байқағанымыздай, жоба жеңімпаздарының жұмысы ширақ, алға қойған мақсаттары айқын. Алғашқы күндерден он адамды қамтыған кәсіп иелері мұнымен тоқтамақ емес. Ұлттық тағамдарды өңдеп, оны халыққа үлестіру арқылы игі істің бастамашысы болса, әрі сүт тағамдарын насихаттайтын болады.
Айта кеткен жөн, «Zhas Project» жастар корпусын дамыту жобасы ҚР Білім және ғылым министрлігі мен Халықаралық қайта құру және даму банкінің қолдауымен іске асырылып отыр.
Нұржамила АЛМАСҚЫЗЫ.