Ақ жаулықта кие бар
Қазақ қоғамын дүр сілкіндірген қайғылы оқиға әлеуметтік желіде оң да, теріс те пікір тудырып жатыр. Иә, болған іс болды. Ендігі жерде бәрінен бұрын аналар қауымы көзіміздің қарашығындай перзенттерімізге абай болуымыз керек. Ер азаматтар да пікір білдіруде. Алайда қыз тәрбиесіне, қанасынан шыққан ұрпағының тәліміне бірінші кезекте ана жауапты. Қоғам деп қоғамды, заман деп заманды да кінәлай алмаймыз.
Біздің аналарымыз бұдан да қиын дәуірде тұрмыс кешті. Ашаршылықты да, небір нәубетті, тіпті сұм соғысты да өткерді. Олардың бірақ ешқашан рухы күйремеді. Небір тажалға хан секілді басын имеді, жасымады, керісінше қасқайып ажалға именбей құлындарының өмірі үшін арпалысып, «перзентімнің табанына кірген шөңге менің маңдайыма кірсін» деп ұрандатқан кешегі қайсар аналардың ұрпағы едік қой. Енді не болды? Ана деген күллі тіршілікке нәр беретін қасиетті жандардың намысына нұқсан келді. «Жұмақ ананың табанының астында» деген тәмсіл қайда? Ана өлімге өзін қиса да, өмірінің жалғасы балапандарын қимаушы еді ғой. Отызға да жетпеген жас келіншек неліктен мұндай қатыгез қадамға барды? Бұл оқиға бүкіл тірі пенденің төбе құйқасын шымырлатты, жүрек пен жанды қансыратты. Неге оның ана жүрегі ең болмаса перзенттеріне өлер алдында жібімеді? Бұл шынында қазақ қоғамында болып көрмеген сұмдық жағдай. Шынымен де аналар, біздер ұлттық тәрбие мен қазақы қалыптан алыстап кеттік. Орыстанамыз дедік, одан соң шетелдің шырмауына іліктік. Міне, ақыр соңында ешбір ұлттың істемеген қылығын істеп, айдай әлемге атымызды шығардық. Рухы сөнген адамдар осындай өшпенділікке душар болады. Біз қазір мейірім мен шуақтан шеттеп, құлазыған өлара шақта өмір сүріп жатырмыз. Біздің серігіміз – ұялы телефон. Тілдесуден қалдық. Жанға жылуды адамнан емес, сол құрғыр ғаламтордан іздейміз. Онда небір өшпенділік, қанқұйлы сериалдар көреміз. Одан ой-сана жаңармайды, қайта бүлінеді.
Көпқабатты үйде тұрғанда бір үлкен кісі болатын. Жарықтық өте жақсы адам еді. Бізді үйден шақыртып, сыртқа шығарып әңгімелесетін. «Айналайын, төрт қабырғада қамалып отырған адам не түрлі ойға беріледі. Адам адаммен сөйлеспесе, көңілдің шері тарқамайды. Сондықтан жақсы нәрсені көрсең, жақсыны естісең көңіл тойып, қанағаттанады. Неқұрлым жақсы ойласаң, қанағатшыл болсаң, Алла сенің жағыңда, шырағым» деп отыратын. Міне, осындай өсиетті айтатын көпті көрген көсем әжелер болғанмен, оны тыңдап, құлақ асатын жастар аз. Тіпті жоқ десең де болады. Қазір бәрі бар. Тоқшылық. Еңбек етсең, жұмыстың да түрі көп. Жас адам жалындап тұру керек. Анам бейшара «балам, жоқ деп айтушы болма. «Болмай тұр» деп айт. «Жоқ» деп жұлып алғандай айтқан сөзің көпшілікке өте жайсыз естіледі. Үміттеніп сөйле, ештеңені кесіп айтпа. Жоқтың түбі жоқ болады» дейтін. Қазір ойлап отырсам, сол кісілер неткен данышпан деп ойлаймын. Жан жарын майданға аттандырып, тылда өзі майдандағыларға жылы шұлық, қолғап тоқып, бір үйлі жанның тауқыметін көтеріп, бір күн ашқұрсақ, бір күн тоқ болып, ашу-ызаны ішке жұтып, кетпенмен жер қазып, егін егіп, қиындыққа қасқайып қарсы тұрған. Сол кезде менің анам небәры 20 жаста екен. Сол заманның зарын айтқанда шыдамай көзім жасқа толып, оны шешеме көрсетпеуге тырысып, теріс айналып кететінмін. Ол кісілер шынында азаматпен теңесіп, арды ойлаған аналар екен ғой. Жан дүниесін қансыратып майданнан келген «әкем өлді» деген қара қағаздың қасыретін де мойымай көтеріп, үмітін өшірмеген неткен рухы мықты аналар деп қайран қаламын қазір.
Тағы бір анам айтатын ұлағат есімде. «Әкең майданнан аман-есен оралды. Ал ол кезде көптеген боздақтар отбасына қайтып оралмай ұрыс даласында жан тапсырды. «Қара қағаз» елге күнара оралып, ауыл іші күңіреніп жататын. Тіпті жесір қалған әйелдердің көзінше күйеуімізбен қатар жүруге ұялатынбыз. Ал көршінің балалары асқатықсыз қалса сүтті сүттей, қатықты, айранды, бір піскен майымызды олардың үйіне үлестіріп беретінбіз. Сондай тату-тәтті тұрдық» дейтін.
Ал қазір ше? Бәрі керісінше ғой. Әлеуметтік желіге желіккендер сәт сайын ішкен-жегенін, шетелге саяхатын, киген киімін жарыса салып, жарнамалап жатыр. Осы көріністер де кейбіреуге психологиялық соққы болуы мүмкін. Аса әсіре қызыл болу да адамға абырой әпермейді. «Әсіре қызыл тез тозар» деп бұрынғылар бекер айтпаған.
Шынында қазір тәубешіл жандар азайып барады. Шыдам мен сабырдан тоналдық. Ана деген ақылдың кені, жақсылық атаулының жаршысы, мейірімнің шуағы болса, ел іші берекеге толады. Анадан сабыр кетсе, ол жақсылыққа бастамайды. Ел ішіне іріткі салып, күнара көшеге шығатын ақ жаулықтылар абайлауы керек. Қай заманда да естеріңізде болсын ақ жаулықтылар дауға да, жауға да ер азаматсыз шаппаған. Ақ орамалда көне дәуірден қалған кие бар. Ал киелі нәрсеге құрметпен қарап, оны аяқасты етпеу керек. Сондықтан байырғы байырқалы аналарымыздың жолын қуып, соқтықпасыз, соқпақты жермен жүрсек, аштан өлмейміз, көштен қалмаймыз. Тек ізімізден ерген кішкентай періштелеріміздің сәби жүрегі тоқтамасын. Солар аман болсыншы. Аналар қауымы атынан айтатыным сол ғана.
Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА