» » ӘКЕ, МЕН СЕНІҢ БАЛАҢМЫН ҒОЙ...

ӘКЕ, МЕН СЕНІҢ БАЛАҢМЫН ҒОЙ...

«Әке тұрып, ұл сөйлегеннен без, шеше тұрып, қыз сөйлегеннен без» деген бұрынғы бабаларымыздың отбасы тәрбиесіне ерекше мән бергенін байқаймыз. «Ұлың жұлқынып «өлсін», қызың тұншығып «өлсін» депті тағы да. Бұл тыйымнан да кешегі көшпенді халық ұрпағының келешегіне алаңдағанын аңғарамыз.

Бабалардан қалған тыйымдар мен нақыл сөздердің дені отбасы тәрбиесіне орай айтылыпты. Ұлт ретінде жер бетінен жойылып кетпей, осы күнге аман жеткеніміз де халқымыздың дала заңына бағынып, өмір сүру дағдысын қатаң қағидалардың негізінде қалыптастырғанынан шығар. Бірақ бір айта кететін жайт, сол кездегі көшпенді қазақ халқы айналасындағы анталаған дұшпандардың аранына түсіп кетпеу үшін қатаң да, қасаң қағидаттарға бағынды. Сөйте тұра жанының жылуын, жүрегінен мейірімін жоғалтқан жоқ. Ұрпағын да «тәйт» деп тыйып өсіргенімен, оларға деген ата-аналық махаббатында шек болған жоқ. «Ұрпағымнан шыбын жаным садаға» деп еміренген әкенің, «Баламның табанына кірген шөңге, менің маңдайыма қадалсын» деп мейірленген ананың өз қанынан жаралған перзенттерін жамандыққа қияды десе, кім сенер еді? Рас, отбасында әкенің тәрбиесі қаталдау. Кейде баласының жасаған болмашы қателігі үшін сол таудай әкенің бір демде аласарып, қылыштай өткір жүзінің жасып қалатын да кездері болады. Мұндайда қазақ «Жаман бала әкесін түйенің үстінен итке қаптырады» деп кейістік білдіріп жатады. Қыз балаға қол жұмсамақ тұрмақ, көңіліне тиер ауыр сөз айтпайтын бұрынғы әкелеріміз ер баланы тентектігі үшін осқылап, қамшымен сабамаса да, қателігін екінші мәрте қайталамау үшін денесіне жарақат түспейтіндей жағдайда жеңіл жазалап отырыпты. Бірақ бұдан “Әкелер мейірімсіз болады” деген түсінік қалыптаспауы керек. Әйтпесе, әке жүрегіндегі мейірім ана жү­регінің шуағынан кем емес. Кез-келген от­басында әкенің де, шешенің өз орны бар. Әсіресе, ер баланың тәрбиесінде әкенің рөлі ерекше. Қазақ қоғамында әкесі баласын ешуақытта ұрып-соғып, жөнге салмаған. Бала тәрбиесінде әкенің қамшысы қолында емес, қабағында болуы тиіс. Сондықтан кейде әкесі бар балалар батылдау, ал әкесіз өскен балалар жасықтау, күйрек келеді. Әрине, барлығы емес. Бірақ бұл – өмірдің өз тәжірибесі.
«Балаңды бес жасқа дейін патшаң ет, бес жастан он бес жасқа дейін құлың қыл, одан ары қарай досыңа айналдыр» деген сөздің төркінінен нағыз қазақы тәрбиенің иісі аңқып тұр. Талдап, түсіндіретін ештеңесі жоқ. Алайда, тақырыбымыз қазіргі қоғамдағы әке мен баланың арасындағы қарым-қатынас болған соң айналып өтуге тағы болмайды. Баланы бес жасқа дейін мойныңа мінгізіп, еркелігін көтер, есі кірген соң қалауыңша жұмса, тіршілікке бейімде, білгеніңді үйрет. Одан кейін баланың ақыл-есі толып, еңбекпен шыңдалып өсіп, ер жете бастағанда онымен сырлас, қандай да бір іс бастарда ақылдасып, кеңесіп отыр. Соның өзі оны қанаттандырып, жауапкершілігін арттыра түседі деп тұр. Иә, бабаларымыз бала тәрбиесіне аса жауапкершілікпен қарапты. Қызы түгіл, жасық болып өседі деп ұлының өзіне себепсіз қатты сөй­ле­мепті. Алайда, әкелеріміздің отбасы тәр­бие­сіндегі сол ұстанымдары бүгінгі ұрпа­ғының бойынан жоғалып бара жатқан се­кілді. Әжетханалар мен қоқыс жәшігінен ша­рана табылғанын телеарналар сан мәрте айтып, әлеуметтік желілер жарыса жазады. Безбүйрек ана­лар құрсағындағы нәрестесін күресінге тас­­тап, жатырын босатып жүре беретін зауал­ды заман туды. Ол ақпараттардан да құлағымыздың еті өліп, көзіміз үйрене бас­тады. Тіпті «көкек» аналардың әлгіндей ісіне елең етпейтін хәлге жеттік...
Әкесі ішімдікке сылқия тойып келіп, жеті-сегіз жасар ер баласын аяусыз соққының астына алып жатқан бейнежазба ғаламторды, әлеуметтік желіні шарлап жүр. Ондағы қатыгез әкенің әрекеттерін соңына дейін көруге жүрегің дауаламайды. Жуан жұдырығымен бас-көзіне қарамай сабап жатқан мас күйіндегі азамат құртақандай баласының «Әке, ұрмашы, мен сенің балаңмын ғой...» деп қос қолымен басын қорғап, шырылдап жатқанына да қарамайды. Онда әкелік мейірім түгіл, сол жақ кеудесінде жұмыр ет те жоқ шығар, сірә! Әйелінің айтуынша, ішімдікке салынып кеткен күйеуі ол күні ғана емес, бірнеше жылдан бері отбасына солай жәбір көрсетіп келе жатқанға ұқсайды. Қалай болғанда да кәмелет жасына толмаған балаға қорлық көрсету, ұрып-соғу – айуандық. Ондай қатыгездер заң жүзінде жауапқа тартылуы тиіс. Бірақ осындай қатыгез әкелер мен безбүйрек аналар заңды жазасын алға­нымен, отбасындағы жантүршігерлік жағ­дайларға байланысты тіркелетін зорлық-зомбылық фактілерінің азаятын түрі жоқ. Сол баяғы жалпақшешейлікке салынамыз. Жұбайлық өмірін сақтап қалу үшін әйелі күйеуінің отбасына салған ойранын сот барысында амалсыз кешіріп, істі жылы жауып қоя салады. Ал туған әкесінен жәбір көрген балалардың денсаулығы мен өмірінің қауіпсіздігін кім ойлайды? Желкілдеп өсіп келе жатқанда жазықсыз жапа шегетін бүлдіршіндердің болашағы не болмақ? Бұл бізде бала құқығының тиісті дәрежеде қорғалмайтынын көрсетеді. Егер, дәл осы жағдай өркениетті елдерде орын алса, бұл күнде балаға қол жұмсаған қатыгез әкенің үкімі шығып, теміртордың арғы жағында жатқан болар еді...
Бұрындары бір үйде қанша бала болса, соның барлығы да ата-әжесінің тәрбиесінде болды. Немерелеріне қатты ашуланды дегендегі сөзі «Тұқымың жайылғырдан» әрі аспайтын сол үлкендердің мейірім-шапа­ғатын көрген немерелері де көпшіл, мейірбан болып өсті. Бұзықтық жасап, әке-шешесінің қаһарынан ыққанда да кемпір-шалдың шапанын паналаушы еді. Бүгінгі бала кімді ес тұтады? Жаңа отау көтерген жас жұбайлар қызметін сылтау қылып, қара шаңырақтан еншісін алып, қалаға кетеді. Ата-әжесінің «айналайынын» естімек тұрмақ, ата-ана­сының аялы алақанының жылуын көп сезіне бермейтін бүгінгі балалар мейірімге мұқтаж, жылы сөзге зәру. Тіпті тағдыры талқандалған қаншама отбасында әлгіндей әпербақан әкеден қаншама бала таяқ жеп, қорлық көріп өсіп жатқанын статистика да дөп басып айта алмайды. Себебі сол баяғы қазақ әйелінің көнбістігі, отбасын сақтап қалу жолындағы жанталасы.

Қуат АДИС


13 қазан 2020 ж. 9 427 0