» » АНАЛАРМЕН ЖАРЫҒЫРАҚ БҰЛ ӘЛЕМ

АНАЛАРМЕН ЖАРЫҒЫРАҚ БҰЛ ӘЛЕМ

Халық даналығында «Алып анадан ­туа­ды»­­ деген тәмсіл бар. Осы сөздің өзінен бо­ла­­шағын аналықпен байланыстыратын қыз­дар­дың өмірі тағылыммен өрілу қажет­тігі айтылып тұрғандай көрінеді. Небір ғалымдар мен ел билеген патшалардың өзі аналардың алдында дәрменсіз. Ананың бойындағы қасиеті балаға ақ сүті мен тәлімі арқылы беріледі. Зере мен Ұлжандай аналардың тәлімін алған Құнанбай мен Абай тарихи тұлғаларға айналды. Шоқан да ел анасы атанған Айғаным әжесінің тәрбиесін көп көрген. Көктем мерекесінің қарсаңында тарихта аты қалған аналар мен қыздар жайлы қалам тербегенді жөн көрдік.
Арғы-бергі тарихқа үңілсек, Ұмай ана, Тұмар патшайым, Зарина ханшайым, Бегім ана, Домалақ ана сияқты тұлғаларды кездестіреміз. Сақ патшайымы – Тұмар әлемді жаулап алу үшін соғыс ашқан парсы патшасы Кирдің көзін жойған. Ал, Ұмай, Бегім, Домалақ аналар парасаттылығымен дараланып, әулиелігімен ерекшеленген.
Тарих қойнауынан сыр шертетін батырлар жырында да қаһарман ерлерге ерекше күтім жасайтын да, аттарын баптайтын да өмірлік жарлары екендігі айтылады. Көркем тілмен өрнектелген жырларда Гүлбаршын, Назым, Құртқа сынды басқа да арулардың бейнесі сомдалады. Алпамыс, Қобыланды, Ертарғын секілді батырлардың ерлік істері ұрпаққа ұран болып мирасталады. Батырлар жырындағы әйелдер бейнесі өрнектелгенде олардың аналары да ерекше шабытпен жырланады. Қалай десек те, қазақтың қаһарман қыздарының ерліктері тарихқа алтын әріп­термен жазылып, өскелең ұрпаққа үлгі-өне­ге болары сөзсіз.
Қазақ арасында ерлермен бірдей ел шебін жаудан қорғаған арулар көп болған. Солардың бірі – әйгілі Қабанбай батырдың жұбайы Гауһар анамыз.
Жауынгер қыздардың қатарына Абылай­ханның қызы Айтолқынды да қо­су­ға болады. Ол да қазақ-жоңғар соғы­сы­­на қатысып, сан мәрте ерлік көрсеткен. Сондай-ақ, Есенбике, Жандалы, Әйбике, Ақбикеш, Ботагөз, Бақты, Қойсана, Айғыз секілді батыр аналарымыз болған. Қазақ қыз­­дарының ерлік істері мұнымен біт­пейді. Бұл жерде айтылмай қалғандары қан­шама. Ұлы Отан соғысында да қазақтың қара­көздері жанқиярлықпен шайқасқан. Шығыстың қос жұлдызы атанған Әлия мен Мәншүктің ерліктерін күллі әлем мойындайды. Ал, ұшқыш қыз Хиуаз Доспанованың өзі талай аңызға бергісіз ерліктерді жасаған. Сол сұрапыл соғыс жылдарында елде қалған аналарымыз бен апаларымыз қиындыққа мойымай ерен еңбектің үлгісін көрсетіп, соғысқа кеткен ерлердің орнын жоқтатпады. 1986 жылғы желтоқсан оқиғасында да Ләззат пен Сәбира сынды қыздардың қайсарлық танытқанын күллі қазақ жұрты жақсы біледі.
Қазақтың заңғар жазушысы ­Мұхтар Әуезов:­ «Жұмақтың кілті ананың табанының астында» деп, қа­шанда тіршіліктің бас­тау­­­­­ын­­да аналардың тұра­ты­нын айтып өт­­­­­­кендей. «Баламның табанына тікен кір­ген­­­­ше, менің маңдайыма кірсін» дейтін аналар қауымы жылы жүрегімен, нұрлы жүзімен адам­зат баласына шаттық сыйлап келеді. Бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлем­ді тербететін аналарға қандай құрмет көр­сетсек те артықтық етпейді.

Азиз БАТЫРБЕКОВ.

07 наурыз 2019 ж. 930 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 768

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930