АНАЛАР АЛҚА ТАҚТЫ Қасиетті Рамазан айының алғашқы күнімен тұспа-тұс келген халықаралық отбасы күнінде аудандағы бірқатар батыр ана құрмет төрінен көрінді. Тәуелсіздік алып, егемен ел атанған жылдары ел ішінде біраз уақыт тоқырау болғаны белгілі. Ол кезде демографиялық ахуал біршама төмендеді. Уақыт өте мемлекеттің негізі мықты қаланып, қоғам дамып, саяси тұрақтылық қалыптасты. Халық жағдайы жақсарып, демографиялық ахуал арта түсті. Соның нәтижесінде, ресми дерек бойынша Қазақстан халқының саны он сегіз миллионнан асты. Осы ретте, халық санының артуына өзіндік үлесін қосып, дүниеге ұрпақ әкеліп жүрген алтын құрсақты аналарға қандай құрмет көрсетсек те артықтық етпейді. 17 мамыр күні аудан әкімі Қайратбек Әубәкірұлы кент және ауылдық округтердегі бірқатар «Батыр аналарды» қабылдап, мерекелік құттықтауын жеткізді. – Кезінде ата-бабаларымыз елді, жерді білектің күшімен, найзаның ұшымен жан беріп қорғады. Оның ішінде ер азаматтармен қатар, жаугершілік заманда қолына найза алып, атқа қонған әйелдер де бар. Атап айтар болсақ, Бопай ханым, Тұмар ханымдардың есімі тарихта мәңгі қалады. Одан бергі кешегі Ұлы Отан соғысында талай жаудың меселін қайтарған Әлия, Мәншүктер ерлікпен қаза тапты. Олар бізге ұлан байтақ жерді аманат етіп қалдырды. Осы жерге иелік ететін, қоғамға пайдалы азамат тәрбиелеуде аналардың рөлі зор. Әрбір отбасындағы береке, бірлік, татулық анадан бастау алады. Ал, әр шаңырақта береке болатын болса, елде тыныштық орнайтыны анық. Жалпы, аудан бойынша мыңнан аса ана бар. Оның 339-ы «Алтын алқа» иегері атанған. Мемлекет тарапынан ол кісілерге арнайы жәрдемақы тағайындалған. Негізі қазақ халқы көпбалалы отбасын ерекше құрметтеген. «Бір қозы туса, бір жусан артық шығады» деп, көпбалалы болудан, оны тәрбиелеп өсіруден ешуақытта қорықпаған. Себебі, әр бала жарық дүниеге өз несібесімен келеді. Ардақты аналар, мемлекеттің дамуы жолында, ертеңгі намысты ұл мен қызды тәрбиелеуде сіздердің сіңірер еңбектеріңіз мол, – деді өңір басшысы Қ.Әубәкірұлы. Мұнан соң, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Әлиев сөз алып, жиынға қатысушыларды отбасы күнімен және рамазан айының келуімен құттықтады. Аудан әкімі Қ.Сәрсенбаев «Батыр аналарға» күміс алқа табыстап, сый-сияпатын ұсынды. Жиын соңында аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары әннен шашу шашып, мерекелік көңіл-күй сыйлады. Нұр НАУАН,М.АХМЕТОВ (сурет). Жаңалықтар 19 мамыр 2018 ж. 1 118 0