Елін сүйген Елбасы
Тұңғыш Президент күні мерекесі – мемлекеттің үстем мерейі, үлкен мәртебесі. Ұлтты қастерлеудің, Ұлыны ұлықтаудың ұлағаты. Тарихи деректерге жүгінсек, мемлекетті қалыптастырудың бастауында тұрған тұлғаны ұлықтау, егемен елдің іргетасын қалаған қайраткерді ардақтау әлем елдерінде, оның ішінде демократиялық тұрғыдан іргелі мемлекеттерде қалыптасқан дәстүр екеніне көз жеткіземіз.
Мәселен, АҚШ-та мұндай мереке 22 ақпанға белгіленіп, 1880 жылдан бері аталып келеді. АҚШ халқы Джордж Вашингтонның еңбегіне тарихи тұрғыдан зор баға беріп, бұл мерекені елдік деңгейде Президент күні ретінде атап өтіп, мектептерінде Құрама Штаттардың барлық президенттерінің тарихын біліп, елдің дамуын зерделеу күніне айналған. Үндістандықтар 2 қазанда Махатма Гандидің туған күнін атап өтсе, Түркияда 19 мамыр Ататүрікті еске алу күні деп жарияланған. Мұндай дәстүрлер – халықты игілікті бастамаларға, жас ұрпақты ұлы мұраттарға жетелей отырып, жақсыны бағалауға, кеткен кемшіліктерден сабақ алуға үйрететін өнеге.
Биыл тәуелсіз ел болғанымызға – 30 жыл. Бұл – әлем картасында ойып өз орнын алған Қазақстанның орда бұзар жасы. Бабалар ұлан-ғайыр жерімізді ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғап, сан ғасыр егемен ел болуды арман етсе, сол арманына 1991 жылы ұрпағының қолы жетті.
Тәуелсіз Қазақстанның іргетасын қалап, шекарасын бекітіп, әлемге танытып, бүгінгідей беделді әрі қуатты мемлекет болуымызда Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың еңбегі ұшан-теңіз.
Бүгінде жаңарған, жаңғырған Қазақстанның осы жылдар ішіндегі шыққан биігін барша әлем Елбасы есімімен тікелей байланыстыруының өз орны бар. Сондықтан Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні мемлекеттік мерекесі – тәуелсіздік шежіресіндегі ең маңызды даталардың бірі.
2011 жылғы 14 желтоқсанда «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» заңға толықтырулар енгізіліп, 1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күні болып белгіленді.
Бұл күн бекерге таңдалған жоқ. 1991 жылдың 1 желтоқсаны күні тәуелсіз Қазақ елінде алғаш рет президенттік сайлау өтіп, онда Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев халықтың зор сенімімен, сайлаушылардың 98,78 пайыз дауысымен жеңіске жетті.
Биыл бұл атаулы мемлекеттік мерекеге 10 жыл толыпты.
Елбасымыздың саяси көшбасшылық феномені тарихқа Тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы, дана стратег, ұлы реформатор және әлемде қазіргі замандағы аса көрнекті саяси көшбасшы ретінде енді. Елбасы ұғымын осы күні алғаш рет еліміздің заңғар жазушысы Әбіш Кекілбаев өзінің Президентке арнаған тілек сөзінде айтқаны белгілі.
Сырбойылық, Қазақстанның халық жазушысы Қалтай Мұхамеджанов: «Президенттік орынға үміткерлердің баршасын білемін. Бірақ Нұрсұлтан Әбішұлының олардан өзге, биікте көрсететін үш қасиеті бар деп білемін. Бірінші, ол қаршадайынан жердің демін, нанның дәмін, тердің иісін сезіп, өзі де солардың қатарында өскен. Екінші қасиеті – қараша үйдің көсеуінен бастап, алып зауыттың күрегіне дейін қолынан өткізген адам. Үшіншіден, халқының рухани мол мұрасын аңызынан бастап бүгінгі келбетіне дейін ана тілінде оқып, бойына сіңірсе, орыс әдебиеті арқылы әлемдік әдебиеттің үздік үлгілерін өз әдебиетіндей таныған, оқыған, тоқыған адам», деген еді.
Еліміз тәуелсіздіктің даңғыл жолына түскен кезде мемлекетіміз бен оның халқының алдындағы орасан зор жауапкершілік жүгін мойнына алып, ұлттық рухты ояту, мемлекеттілікті жандандыру тек көреген Көшбасшының ғана қолынан келері анық.
Алдымызда не күтіп тұр, дүние жүзі картасында алар орнымыз қандай болмақ, экономикалық хаостан қалай шығамыз, сан сауал алдымызды ораған шақта прогрессивті өркениеттік даму жолына бастар тұлғаның болуы – біздің бағымыз еді.
ХХ ғасырдың соңғы онжылдығында Қазақ елінің бұрын болмаған жаңа қадамға бет бұрып, алға жылжуы 90-жылдардағы күрделі тарихи кезеңге сәйкес келді. Сол себепті елдің бірінші Көшбасшысы факторы тағдыршешті еді. Өзіне жауапкершілік ала білу, елдің дамуына нақты көзқараспен қарау және оны қорғай білу – әлемдегі тарихи тұлғалардың ең басты қасиеті болды.
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан тарихында АҚШ-тағы Джордж Вашингтон, Түркиядағы Мұстафа Кемал Ататүрік, Франциядағы Шарль де Голль, Малайзиядағы Махатхир Мохаммад, Сингапурдағы Ли Куан Ю секілді жаңа мемлекетіміздің даму жолында орасан зор рөл атқарды.
1990-жылдардың басында Тұңғыш Президентіміз мемлекеттік дамудың барлық саласын реформалаудың өзіндік бағдарламасын әзірлеп, ұлттық жаңғыртуды табысты жүзеге асыра алды. Ол өзінің «алдымен – экономика, содан кейін – саясат» даму формуласын ұсынды. Бүгінде бұл тәжірибе «Назарбаев моделі» немесе «Қазақстан жолы» деген атпен танымал.
Тәуелсіздіктің қалыптасу жылдары Елбасы үшін де, ел халқы үшін де оңай болды деп ешкім де айта алмайды. Бұрынғы кеңестік жүйе де бұзылды, байланыс та үзілді. Шындығын айтсақ, Қазақстан бұған дейін аграрлық-шикізат қосымшасы ретінде қарастырылып келді. Бұл өз кезегінде тәуелсіздігімізді алғаннан кейін көптеген сын-қатерге төтеп беруімізге әкелді. Ескі технологиямен өнім шығаратын зауыттар тоқтап қалды. Қазақстанның экономикалық жағдайы нашарлады. Жұмыссыздық артып, жаппай экономикалық көші-қон басталды. Айлап еңбекақы, зейнетақы берілмеді. Электр энергиясы жетіспей, көгілдір отын арман болғаны да күні кеше еді.
Нарықтық экономикаға ұмтылған елде мемлекеттік институттарды басқарудың және ұйымдастырудың әміршілдік-әкімшілік тетіктері сақталды.
Елбасы ең алдымен, ішкі экономикалық жағдайды қалыпқа келтіруге аса мән берді. Ал елдің жағдайын көтерудің бір жолы – инвестиция тарту болатын. Осы мақсатта алыс шетелдермен ынтымақтастық байланыстар орнатылды. Өндіріс орындарын жаңа заман сұранысына қажетті тауарлар шығаруға бейімдеді. Саяси-экономикалық реформалар сәтті жүзеге асырылды. Біз соның нәтижесінде үлкен қиындықтарды жеңе білдік.
Қазақ елі Тәуелсіздік жылдарында қаншалықты толымды табыстарға қол жеткізсе, оған Сыр елі де өз үлесін қосып келеді.
Елбасының Сыр халқымен байланысы неде десек: ең алдымен, мәдени мұралардың асыл көмбесі, талай тарихты қойнауына бүккен, талай тарланды қанаттандырған Қызылорда жайлы Елбасының «Сыр – Алаштың анасы» деген қанатты сөзі ойға оралады. Тоқсаныншы жылдардағы тоқырау кезеңінде экологиялық апат аймағы ретінде тарап кеткелі тұрған Сыр елі Тұңғыш Президентіміздің дана саясатымен тәуелсіз ел тарихындағы өз орнын сақтап қалды.
Екіншіден, Арал теңізін сақтап қалуды әлемдік тұрғыда көтерді. Еліміздің ертеңіне сенген Елбасы Аралды сақтап қалу мақсатында ғасыр жобасы атанған «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» (САРАТС) жобасын және облысты таратпау жөнінде тарихи шешімдер қабылдады. Бұны қазір саяси тұрғыдан да, экономикалық тұрғыдан да өте көрегенділікпен жасалған шешім деп айтуымызға әбден болады.
Үшіншіден, отандық ғарыш кеңістігін өркендетті. Қызылорда облысы – Қазақстанда ғана емес, әлемде ғарыштық кешен орналасқан стратегиялық маңызы бар өңір. Ғарышты игеру бүгінде өркениетті әлемнің басты мәселесіне айналғаны анық. Осы ретте қазақ жерінде, соның ішінде Сыр еліндегі «Байқоңыр» ғарыш кешенінен қазақ азаматтарының ғарыш кеңістігін бағындыруы да кемеңгер көшбасшының саяси салмағының басымдығы мен жүргізген саясатының дұрыстығы болатын.
Елбасының қолдауымен 1991 жылы 2 қазанда Байқоңырдан алғаш рет қазақ Тоқтар Әубәкіров ғарышқа аттанды. Бұл еліміздің ғарыштық әлеуетін дамытуға серпін берді. 1993 жылдың ақпан айында Тұңғыш Президентіміздің Жарлығымен отандық ғарыш саласын дамытатын өкілетті мемлекеттік орган құрылды. 1994 жылы Қазақстан мен Ресей Байқоңыр ғарыш айлағын сақтап қалу мен қалпына келтіру мақсатында мемлекетаралық келісімге қол қойылып, елдегі ғарыштық құрылымдардың инфрақұрылымы жүйеленді. Содан бері Талғат Мұсабаев, Айдын Айымбетовтер қазақ баласының ғарышқа ұшу ғана емес, ғарышта ғылым-зерттеулер жүргізу арманына жол ашып берді.
Төртіншіден, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жолы арқылы ел мен елді, жер мен жерді жақындатты. Бұл құрлықаралық автокөлік дәлізінің Қазақстанға тиесілі 2 787 шақырымы 5 облыс аумағынан өтетін болса, оның ең көп бөлігі, яғни 812 шақырымы Қызылорда жерінен өтеді. Бұл барлық ауданы темір жол мен автокөлік жолының бойында орналасқан Сыр елі үшін тиімді екенін айту керек. Бүгінгі күні өңірдегі жақсы жағдайдағы жолдардың үлесі 2,5 есеге артып отыр.
Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде Сыр елі қарқынды дамып, индустриалды-аграрлық өлкеге айналды.
Бұл жылдары өңір экономикасына 4 трлн теңгеден астам инвестиция тартылды. Жалпы, өңірлік өнімдегі өнеркәсіп өндірісінің үлесі 1991 жылғы 11 пайыздан 30 пайызға дейін, ал ауыл шаруашылығының үлесі соңғы 10 жылда 3,9 пайыздан 6,3 пайызға дейін артты.
Күріштің өнімділігі мен жалпы алынған өнімі бүгінде 1991 жылғы көрсеткіштерден 1,5 есеге өсті.
Мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде мал шаруашылығында бүгінде мал саны 1991 жылғы деңгейден, яғни ірі қара мал басы 223,1 мың бастан 342,4 мың, жылқы 71,3 мың бастан 164,7 мың, түйе 26,0 мың бастан 51,5 мың басқа дейін өсіп отыр.
Өңіріміз жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілері санының өсу қарқыны бойынша елдегі үздіктердің қатарында (облыс – 106,6%, республика – 104,5%).
30 жыл ішінде 8 млн шаршы метрге жуық тұрғын үй пайдалануға берілді. Берілген тұрғын үйлердің көлемі 1991 жылғы 260 мың шаршы метрден бүгінде 600 мың шаршы метрге дейін жетті.
Бүгінде облыс халқының 97 пайызы орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілсе, 67 пайызы жыл соңына дейін табиғи газды тұтыну мүмкіндігіне ие болады.
Бүгінде өңір бірқатар көрсеткіш бойынша оң динамикаға қол жеткізіп, күрделі проблемалар шешілді. Жұмыс істеп тұрған кен орындарының сарқылуына байланысты жаңа кен орындарын іздеу мақсатында биыл Арал теңізі акваториясының «Батыс» және «Шығыс» учаскелерін, сондай-ақ Сырдария шөгінді бассейні аумағының бір бөлігін сейсмикалық барлау бойынша жоба-сметалық құжаттама әзірлеу аяқталады. 2022 жылы сейсмикалық барлау жұмыстарын басталады.
Индустрияландыру бағдарламасының үшінші бесжылдығы (2020-2025 жж.) аясында құны 543 млрд теңгеден асатын 46 инвестициялық жоба іске асуда, бұл өз кезегінде 7 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Биыл құны 45 млрд теңгені құрайтын, қолданысқа түскенде 500-ге жуық жұмыс орны ашылатын 4 жобаны іске қосу жоспарлануда.
Шағын орта бизнесті дамыту мақсатында Қызылорда облысының 2023 жылға дейінгі экономикалық даму картасын жүзеге асыру жалғасуда. Бүгінгі күні жалпы құны 9,5 млрд теңгеге 163 жоба (1,5 мың жұмыс орны құрылған) іске қосылды, оның ішінде биыл 74 жоба (2,3 млрд теңге), 426 жұмыс орны құрылды.
Сыр елі – жыр елінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы сәтті жүзеге асуда.
Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында «Тұғыры биік Тәуелсіздік» атты республикалық ақындар айтысы, Сыр сүлейі Кете Жүсіп Ешниязұлының 150 жылдығына арналған «Жырлансын, Тәуелсіздік жыр бұлағы» атты жыршы-жыраулар байқауы өткізілді.
Биыл аймақта Ыбырай Жақаевтың 130 жылдығы аталып өтіп, Жалаңтөс Баһадүрдің 445 жылдығына орай Қазалы ауданында ескерткіші орнатылады. Келер жылы Халық қаhарманы Роза Бағланованың 100 жылдығына орай Қызылордада әсем ескерткіші бой көтермек. Сондай-ақ тарихи-мәдени мұраларымызды сақтау мақсатында ежелгі Бәбіш мола және ортағасырлық Жанкент, Сығанақ қалашықтарында қазба жұмыстары жалғасуда.
Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Тәуелсіздік жылдарындағы жетістікті бір ғана Қызылорда облысынан-ақ көруге болады» деген сөзі міне, бүгінгі Сырдың келбетін дәлелдеп тұр.
Бүкіл түркі әлеміне ортақ тарихи тұлға, философ, абыз Қорқыт атаның «Ауыр жүктің мехнатын тұғыр емес, тұлпар білер» дегеніндей, тәуелсіз еліміздің жүріп өткен жолы кемеңгер Көшбасшының кемел істерімен тығыз байланысты екенін жас ұрпаққа жеткізіп отырудың маңызы зор.
Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейлі мерекесі құтты болсын!
Елі сүйген, елін сүйген кемеңгер Елбасымыз аман болсын!
Гүлшара ӘБДІҚАЛЫҚОВА,
Қызылорда облысының әкімі