Гүлшара Әбдіқалықова қызылордалықтарды Тәуелсіздік күнімен құттықтады
Қымбатты жерлестер! Сіздерді еліміздің ең басты ұлық мерекесі – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Тәуелсіздік – бұл бізге Тәңірдің берген Ұлы сыйы! Біз биыл Тәуелсіздіктің отызыншы жылына қадам бастық!Тарихи тұрғыдан алғанда бұл аз мерзім болғанымен, ғасырға татырлық істер атқарылды.
Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастауымен қарқынды дамып, өз жолымызды айқындадық. Сан ғасыр бабалар армандаған, сол жолда талайы құрбан болған азаттықтың арайлы таңының ұрпағына бұйыруы – басымызға қонған бақ қана емес, үлкен жауапкершілік!
Жер бетіндегі қай халық үшін де бостандықтан биік, одан асқан ұлы мұрат жоқ. Сондықтан, Тәуелсіздігімізді болаттай берік ұстап, оны мәңгілендіру – халқымыздың ауызбіршілігі мен ынтымағында.
Сыр елінің бүгінге дейін жеткен жетістігі мен алған биігінде әрбір сырбойылық азаматтың үлесі бар. Әр ісіміздің берекелі де нәтижелі болуы Сіз бен біздің бекем бірлігіміз бен тату тірлігімізде жатыр.
Сіздерді ең негізгі Ұлттық мерекемізбен құттықтай отырып, отбастарыңызға амандық, бақ-береке, толайым табыстар тілеймін!
Сүйікті Отанымыз – Тәуелсіз Қазақстанның мерейі үстем, мәртебесі биік болсын! Ешкім де жерімізге көз алартпасын, достығымызға сына қақпасын!
Еліміз еңселі, Тәуелсіздігіміз тұғырлы, ғұмыры баянды болсын! Тәуелсіздік күні құтты болсын!