Тәуелсіздік тарихы тарқатылды
Жуырда аудандық архивте тәуелсіздік құрдастары мен аудандағы желтоқсан оқиғасының куәгерлері бас қосты. шарада озбыр саясатқа қарсы тұрған қазақ жастарының тағдыры, сексен алтыншы жылы орын алған қақтығыстың елге әкелген қасіреті туралы сөз болды. Ызғарлы күндерді еске алған куәгерлер қазіргі бейбіт күннің бағасы бәрінен қымбат дейді.
Желтоқсан оқиғасы болған тұста республикамыздың барлық өңірінен оқуға барған жастар алаңға жиналған еді. Олар студенттер болатын. Біздің ауданда куәгерлер саусақпен санарлықтай. Солардың қатарында аудандық архивтің басшысы Жанғабыл Ибраев пен «Ақжол-2000» ЖШС-ның директоры Өмірбек Аманов та бар. Жиында аудан жастарымен, тәуелсіздік құрдастарымен бас қосқан қос азамат қасіретті күнді күрсініп еске алды.
– Оқиға болатын күні жастар алдын ала дайындалды. Плакаттарға «Әр ұлттың өз көсемі болсын» деген талаптарды жазды. Алаңға осы талаптарын арқалап шықты ғой. Арты белгілі ғой енді. Озбыр саясатты ұстанатындар әскерлерін жіберіп, алаңдағы қыз-жігіттерді тиеп әкетіп жатты. Қарсыласқандарын аямады, соққының астына алды. Бұл күн елдің жадынан өшпейтін қайғылы күн болып қалатыны анық, – дейді желтоқсан оқиғасының куәгерлері.
Жиында жастарға сол жылдардан естеліктерін айтқан ел ағаларының бірі оқиғадан кейін ешқандай қудалауға ұшырамаса, енді бірі оқудан шығарылыпты. Кешегі Қайрат пен Ербол, Ләззат пен Сәбираны қыршынынан қиған сол алаңдағы жантүршігерлік оқиғаның куәгері болған жерлестеріміз «ол күндер қайтып келмесін» деп тілейді. Жастарға бейбітшіліктің, тәуелсіздік қандай қиындықпен келгенін айтқан қос азамат егемендіктің мәңгі болуы жастардың қолында екенін де ескерді. Ал тәуелсіздік құрдасы Бердібек Ерғалиев жемісті жылдардағы жетістікке жетуіміз ата-бабаларымыздың, кешегі желтоқсан оқиғасында ерлік көрсеткен аға-әпкелеріміздің асқақ арманы екенін айтады.
Ордалы отыз жыл толған тұғырлы тәуелсіздік елімізге көптеген өзгеріс, жаңашылдық пен толағай табыс әкелді. Барлығын жаңадан қалыптастырған Қазақстан – бүгінде әлемдегі алпауыт елдермен иық тіресе алатындай егемен ел. Бүгінгі ұрпақ – кемел келешекті қалыптастыратын елдің ертеңгі тұтқасы. Сондықтан да кешегі күннің тарихын зерделеу, өшкенімізді қайта жағып, болашаққа нық қадам басу Мәңгілік Ел болудың алғашқы баспалдағы.
Аудандық архивте өткен маңызы зор кездесуде отты жылдарды еске алып, бір күрсінген ел ағалары тәуелсіз елдің білікті де қайсар жастарын көріп марқайып, батасын берді. Ұрпақтарының ырысы ортаймасын, намысы тапталмасын деп көксеген ата-бабамыздың арманы орындалған осы шақта баршаңызға бақыт, байлық, береке тілеймін. Еліміздің ертеңі жолындағы еңбегіміз жана берсін!
Жандос ЖАЗКЕН