Елдегі ұлық мереке
Кеше аудандық Қ.Қазантаев атындағы мәдениет үйінде “тәуелсіздік – азаттығым, таң нұрым” атты салтанатты жиын өтті. Шара қазақ халқының тарихын көз алдымызға әкелген аудан өнерпаздарының қойылымынан бастау алды. Жиынды ашқан аудан әкімі Қайратбек Сәрсенбаев Жалағаш жұртын тәуелсіздік мерекесімен құттықтады.
– Бүгін бүкіл Қазақстан жұрты тәу етіп, құрмет тұтар ең асыл мереке – Тәуелсіздік күні қарсаңында бас қосып отырмыз. Бұл – барша қазақстандықтар үшін де, әлемнің түкпір-түкпірінде тұратын қандастарымыз үшін де айрықша күн, ерекше мереке. Бұл – азаттықты аңсаған бабаларымыздың асқақ рухы алдында, азаттық үшін жан алысып, жан беріскен аманаты алдында тағы бір тағзым ететін тарихи күн. Тәуелсіздік жылдары мемлекетіміз өркендеп, дамудың даңғыл жолына түсті. Жаңа дәуірдің жас ұрпағы жетілді. Бүгінде мемлекетіміз күллі әлем жұртшылығы таңдана қарайтын, шекарасы бекіген, халқының бірлігі нығайған, еңсесін тіктеген елге айналды.
Біз – өз ұстанымы, кемеңгер көшбасшысы, жұдырықтай жұмыла білетін тату халқы бар береке, бірлікті ту еткен мемлекетпіз. Ендеше тәңір тарту еткен Тәуелсіздігіміз тұғырлы, елдігіміз ғұмырлы болсын, – деді аудан басшысы.
Мұнан әрі қажырлы еңбегімен танылған, ел сенімін ақтаған бірқатар азаматтарға “Жалағаш ауданының 80 жылдығы” медалі, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің “Құрмет грамотасы”, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің, облыс әкімінің, “Nur Otan“ партиясы облыстық филиалы төрағасының, аудан әкімінің “Алғыс хаттары” және ауданның “Құрметті азаматы” атағы берілді.
Салтанатты жиын аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты.
Н.АЛМАСҚЫЗЫ