ЖАЛАҒАШ АУДАНЫНДА КОНСТИТУЦИЯ КҮНІ АТАЛЫП ӨТІЛДІ
Жалағаш аудандық Қ.Қазантаев атындағы мәдениет Үйінде Конституция күніне орай салтанатты шара өтті. Аудан әкімі Қайратбек Әубәкірұлы жиналған қауымды мерекемен құттықтады.
- Конституциямыз – Қазақстан халқының саналы таңдауы, ол кемел келешектің кепілі. Саяси тұрақтылық, қоғамдық алға басушылық, өркениетті өрелі мемлекетіміздің құқықтық негізін қалаған Ата Заң келер ұрпақтың да үмітін ақтай берсін.
Тәуелсіз елдің әрбір азаматы дүниежүзіндегі озық, өркениетті елдердің Ата заңдарымен пара-пар келетін, адам өміріне, бостандығына, ар-намысына қол сұғуға жол бермейтін Конституциямызды құрмет тұтуы қажет. Бұл еліміздің көпұлтты халқының, баласынан бастап дана қарттарына дейінгі азаматтық парызы – деді аудан басшысы өз сөзінде.
Шара аудан өнерпаздарының мерекелік концертімен жалғасын тапты.
Айта кетейік, әлеуметтік, мәдени маңызы бар жұмыстарды одан әрі дамыту бағытында ауданымызда ауқымды жұмыстар атқарылуда. Бірнеше елді мекендерінің сумен жабдықтау жүйелерін қайта жаңғырту құрылыс жұмыстары, «Nomad Solar» ЖШС-нің күн энергиясын пайдаланатын электр станциясының, орталық аурухананың, М.Шәменов ауылындағы №34 мектеп құрылысы жүргізілуде. Ағымдағы жылдың басынан аудан бойынша жалпы құны 556,0 млн теңгені құрайтын 10 жоба пайдалануға беріліп, 71 жаңа жұмыс орны ашылды. Жыл соңына дейін 4 жобаны іске қосып, 47 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарлануда.